Сталкинг пен спайкинг: Азаматтардың қауіпсіздігін қорғайтын жаңа тетіктер қажет

Сталкинг пен спайкинг: Азаматтардың қауіпсіздігін қорғайтын жаңа тетіктер қажет
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Бүгінгі қоғамда цифрлық технологиялардың дамуымен қатар адамның жеке шекарасы мен қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің де түрі көбейіп келеді. Солардың ішінде ерекше алаңдаушылық тудыратын, бірақ көп жағдайда «жай ғана көңіл білдіру» немесе «жеке бас мәселесі» ретінде еленбей қалатын қауіпті құбылыс – сталкинг, яғни адамды еркінен тыс жүйелі түрде аңду мен қудалау. Көзге көрінбейтін психологиялық қысымнан басталатын бұл әрекет уақыт өте келе жәбірленушінің қалыпты өмірін бұзып қана қоймай, ауыр қылмыстарға да ұласып жатады. Сондықтан бұл мәселеге тек тұрмыстық деңгейде емес, мемлекеттік және құқықтық тұрғыдан жүйелі түрде назар аудару – уақыт талабы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын нығай­ту­ға және азаматтардың қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге ерекше мән беріп келеді. 

Осы аптада Құрылтай отырысында де­пу­тат, «Әділет» партиясы фракциясының мү­шесі Айжан Аймағанова нақты құ­қық­тық және ұйымдастырушылық шешімдерді та­лап ететін екі мәселеге – сталкингке (адам­­­­­ды заңсыз қудалау) және спайкингке (адамның келісімінсіз оған қауіпті зат­тар­ды жасырын енгізу) назар аударуды сұрап, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де­пу­­­­таттық сауал жолдады. 

– 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Бұл – маңызды қа­дам. Алайда заңды қолдану тәжірибесі оны жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр. Ішкі іс­тер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг бойын­ша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған. Қазіргі заң бойынша ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамаққа алу. Ал іс жүзінде қудалау бірнеше айға со­зы­лып, аңду, қорқыту, психологиялық қы­сым көрсету және әлеуметтік желілер ар­қы­­лы мазалау түрінде жалғасуы мүмкін, – деді Айжан Аймағанова. 

Депутаттың айтуынша, әсіресе құқық қорғау органдары араласқаннан кейін де қу­далаудың тоқтамауы үлкен қауіп төн­діре­ді.

– Бұл мәселені азаматтардың өздері де көтеріп отыр. Биыл 8 қыркүйекте сталкинг үшін жауаптылықты күшейту және жәбір­лену­шілерді қорғау туралы петиция жария­ланды. Бұл мәселе кешенді тәсілді талап ете­ді деп санаймын,  –  деді Айжан Талғат­қызы. 

Психоанализ бағытындағы психолог Гүлнұр Аяшова тәжірибеде қылмыстық жауапкершіліктің өзі сталкингті тоқтатуға әрдайым тосқауыл бола алмайтынын ай­тады. Себебі бұл жерде тек заңмен қор­қыту жеткіліксіз. Маманның ойынша, стал­кинг­ке баратын адамның психологиялық жағ­дайына міндетті түрде назар аудару керек. Адам басқа біреудің еркін, таңдауын және же­ке шекарасын қабылдай алмайтын бол­са, жаза қаупі де оны әрдайым тоқтата бер­­­­мейді. Сондықтан мұндай жағдайларда құ­қықтық іс-шаралармен қатар пси­хо­ло­гия­лық түзету жұмыстары да маңызды деп са­найды.    

– Бұл жерде сталкердің айналасындағы адамдардың жақындары мен туыс­тарының ұстанымы да аз рөл атқармайды. Егер олар оның әрекетін ақтап, «жақсы көр­гендіктен осылай істеп жүр» деп қабыл­да­са, бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүм­кін. Ал керісінше, оның әре­кетінің дұрыс емес екенін ашық айтып, жауапкершілігін сезінуге ықпал етсе, бұл маңызды қадам болар еді. Өйткені стал­кинг­пен күрес тек заңның міндеті емес, қо­ғам­ның да ортақ жауапкершілігі. Стал­кинг әрдайым қорқытудан басталмайды. Кейде «Қайда жүргеніңді білгім келеді», «Кіммен сөйлесіп жүргеніңді білуім керек» деген сөздер қамқорлық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында қыз­ғаныш пен бақылауға деген қажеттілік жатады. Сталкингтен толық сақтануға ешкім кепілдік бере алмайды. Қудалауға қудалаушының өзі жауапты, құрбан кінәлі емес. Дегенмен қауіпсіздік үшін әрқашан жеке шекара-ңызды бұзатын әрекеттерге мән беріңіз және әлеуметтік желідегі құ­пиялық пен геолокация баптауларын тек­серіп отыры-ңыз. Ең маңыздысы, қауіп бар болса, қудалаушымен жалғыз кездесуден аулақ болыңыз, – деп кеңес берді Гүлнұр Аяшова. 

Маманның айтуынша, сталкингтің  ма­хаббатқа қатысы жоқ. Бұл – жеке шекараны бұзу, психологиялық зорлық-зомбылық жә­не басқа адамды бақылауда ұстауға деген ұмтылыс.   

– Өзімен бірге болғысы келмейтін адам­ды жібере білу – психологиялық же­тілу­дің белгісі. Ондай адам сталкерлікке бар­майды. Әйел қудалаудың физикалық зор­лық-зомбылыққа айналуын күтпей, қауіп­тің алғашқы белгілерінде-ақ көмек сұрауға ұмтылу керек.  «Отты ұшқыннан өшір» дейді ғой, сондықтан мұндай әрекет­терді ең алғашқы белгілерінен-ақ тоқтату өте маңызды. Адамның өзін жазасыз се­зінуі­­не, өз әрекетін қалыпты деп қабыл­дауы­на жол бермеу керек. Бүгін елеусіз көрі­нетін орынсыз назар ертең тұрақты қу­далауға ұласуы мүмкін. Сондықтан мә­селені ушықтырмай, дер кезінде әрекет ету қажет, – дейді сарапшы маман. 

Психоаналитик Салтанат Оралхан­қы­зы жасөспірім кезеңде сталкингтік әре­кет­тер жиі «ойын» немесе «әзіл» ретінде қа­был­да­на­тынын айтады. 

– Мәселенің ерекше қыры – қудалаушы мі­нез-құлықтың махаббат көрінісі ретінде фильмдерде романтизациялануы. «Қыз­ға­ныш – махаббаттың белгісі», «шын ғашық-ты ештеңе тоқтатпайды» деген романти-калық миф­тер бұқаралық мәдениет арқылы бекітіліп, тек жасөспірімдер ғана емес, ересек әйел­дер тарапынан да тотальді бақылауды, те­ле­фонды тексеруді, эмоция-лық бопсалауды қамқорлық ретінде қабыл­дауға әке­­­­­леді. Ажырату критерийі айқын: махаб­бат тұлғаның жеке шекарасы мен таң­дауын мойындайды, ал бақылау оны шек­теуге ба­­­­ғытталады, – дейді маман. 

Психоаналитиктің айтуынша, цифр­лық кеңістіктің кеңеюі сталкингтің жаңа фор­масы – киберсталкингті қалыптас­тыр­ды. Оған бұғатталғаннан кейін жалған ак­­каунт­тар арқылы байланыс орнатуға әре­­кеттену, онлайн-белсенділік пен сто­рис­терді жүйелі түрде мониторингтеу, гео­ло­кацияны талап ету немесе жасырын қадағалау, жеке деректерді рұқсатсыз тара­ту жатады. Оның кеңістік пен уақыт шек­теу­лерінен тыс болуы салдарынан құрбан өз үйінде өзін қауіпсіз сезінбейді екен.

– Кейінгі уақытта геолокация бөлісетін қосымшаларда бір пайдаланушының тізі­мін­де 50-ден 100-ге дейін адамның болуы қалыпты жағдайға айналған. Бұл тізімдегі әрбір тұлға пайдаланушының нақты орна­лас­қан жерін, күнделікті маршрутын және жал­ғыз қалған сәттерін біле алады. Мұндай тә­жірибе цифрлық гигиена қағидаттарына ті­келей қайшы келеді және әлеуетті қуда­лау­шыға дайын құрал ұсынады. Психоло­гия­лық тұрғыдан бұл топқа тиесілік қа­жет­тілігімен, әлеуметтік конформизммен және «м­аған ештеңе болмайды» деген қауіпсіздік иллюзиясымен түсіндіріледі. Сондықтан геолокация ақпаратын тек ең сенімді екі-үш адамның шеңберімен шектеу қажет.

Мәселенің алдын алу үшін тұлғааралық ше­кара мен ерікті келісім мәдениетін білім беру мазмұнына енгізу керек. Бұқаралық мә­дениеттегі романтикалық мифтерге сы­ни талдау жасау дағдысын, яғни медиа­сауат­тылықты қалыптастыру маңызды. Ба­лалар мен жасөсіпірімдерге  цифрлық ги­гиена дағдыларын үйрету: геолокация шеңберін шектеу, аккаунт құпиялылығын баптау, ішіп отырған сусынын қараусыз қал­­­­дырмау.  Сонымен қатар құрбанды кінә­ла­майтын қолдау ортасын құру және пси­хологиялық көмекке жүгінуді әлеуметтік нор­маға айналдыру керек, – деді Салтанат Оралханқызы.

Психоаналитиктің пікірінше, алдын алу шараларының тиімділігі олардың са­ны­мен емес, нәтижесімен өлшенуге тиіс. Мә­селен, сталкинг бойынша өткен жылы жә­не биыл қанша жағдай тіркелді? Олар­дың қаншасы қайталанған сипатта болды? Құр­бандардың жас ерекшелігі қандай, қан­шасы білім беру ортасында орын алды? Мұн­дай деректер біріздендірілген базаға жи­нақталып, жыл сайын салыстырмалы тал­даудан өткен жағдайда ғана жүргізіліп жат­қан іс-шаралардың оңтайлылығы мен нә­тижелілігін, сондай-ақ тиімсіз бағыт­тар­ды объективті түрде анықтауға болады. Де­мек, деректерге сүйенбеген алдын алу ша­ралары интуитивті сипатта қалады, ал жүйелі мониторинг пен талдау оны дәлелге негізделген жүйеге айналдырады.

Құрылтай отырысында Айжан Аймаға-нова көтерген стал­кинг мәселесі бойынша өз ұсыныс­та­рын ортаға салды. 

– Қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қол­дану тәжірибесіне, әсіресе қайта­лан­ған жә­не жүйелі қудалау фактілеріне, сон­дай-ақ істерді тіркеу мен тергеуден бас тарту се­бептеріне талдау жүргізу ке­рек. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мес­­­­сенджерлер ар­қылы жасалатын қуда­лауды қоса ал­ған­да, полицияның мұндай хабарламаларға әре­кет етуінің бірыңғай тәр­тібін қамтама­сыз ету керек, – дейді ха­лық қалаулысы.
Депутаттың көтерген екінші тақырыбы спайкинг те бүгінде өзекті мәселеге айна­лып келе жатыр.  

Спайкинг – тұлғаның сусынына немесе та­ғамына оның келісімінсіз алкоголь, пси­хо­белсенді немесе седативті заттарды қосу әрекеті. Ғылыми әдебиетте ол «дәрілік зат­тар арқылы жүзеге асырылатын зорлық» ұғы­мымен байланыстырылады. Бұл ретте жә­бірленуші не болып жатқанын түсінбеуі, қа­р­сылық көрсету, өз бетінше шешім қа­был­­дау немесе полицияға жүгіну қабіле­тінен айырылуы мүмкін.

– Спайкинг – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе басқа жол­мен қауіпті заттарды жасырын енгізу. Мұн­дай жағдайда адам өзін қорғай алмай, не болып жатқанын түсінбей қалуы мүм­кін. Спайкинг көбіне жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және басқа да қылмыстар жа­сауға жағдай туғызады. Бүгінде мұндай әре­кеттердің жекелеген салдары үшін жауап­­тылық бар. Бірақ адамның келісімін­сіз қауіпті заттарды жасырын енгізудің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі нақты реттелмеген, – дейді де­пу­тат. 

Айжан Аймағанованың айтуынша, ауыр зардаптың туындауын немесе басқа қыл­­мыстың жасалуын күтпеуіміз керек. Мұн­дай әрекеттің өзі құқықтық жауап­ты­лық­қа негіз болуға тиіс. 

– Сталкинг пен спайкингтің ең жиі кез­де­сетін салдары – посттравмалық стресс бұзылысы. DSM-5 критерийлеріне сәй­кес ол бір айдан астам сақталатын төрт симп­том­дық кластермен сипатталады: интрузия (оқи­ғаның еріксіз қайта жаңғыруы, түнгі қор­қыныш), оқшаулану (травмамен байла­ныс­ты орындар мен адамдардан қашу), та­ным мен көңіл күйдің теріс өзгерістері (өзін кінәлау, тұлғааралық сенімнің бұ­зылуы) және гиперқозу (гипервигиланттық, ұйқы бұзылысы, үрейлену реакциясы). Бұған депрессия және мазасыздық бұзы­лыс­тары, әлеуметтік оқшаулану қосылады.  Ал қоғамның құрбанға кінә тағуы («өзің неге іштің?») екінші ретті виктимизацияны ту­дырып, травманы тереңдете түседі, – деп тү­сіндірді психоаналитик Салтанат Орал­хан­қызы. 

Депутат Айжан Аймағанова  спайкингке бай­ланысты өз ұсыныстарын мәлімдеді.  

– Мұндай әрекеттерді анықтау, тіркеу және тергеу тәжірибесіне, соның ішінде ауыр зардап туындамаған жағдайларға тал­дау жүргізу керек. Спайкинг фактілерін жедел анықтау, токсикологиялық зерттеу жүр­гізу және дәлелдемелерді сақтау алго­рит­мін енгізу кезек күттірмейтін мәселе. Ал зардап шеккендерге уақытылы көмек көр­сету үшін полиция мен денсаулық сақ­тау ұйымдарының өзара іс-қимылын қам­та­масыз ету керек, – деп мәлімдеді депутат. 

Сталкинг те, спайкинг те – «жеке бас мә­селесі» немесе «оқыс жағдай» деп жылы жауып қоя салатын жайттар емес, адамның ер­кіндігі мен өміріне тікелей қауіп төн­діре­тін ауыр қылмыстар. Бүгінде цифрлық кеңіс­тіктің кеңеюі мен жасырын әрекет­тердің көбеюі заңнаманы заман талабына сай жетілдіруді талап етіп отыр. Депутат кө­терген бастамалар мен мамандар ұсын­ған алдын алу тетіктері нақты іске асса, қо­­ғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты салта­нат құрып, әрбір азамат өзін шынайы қауіп­сіз сезіне ала­ды.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары