Жанна Ойшыбаева: Бізге таңертең шай ішіп отырып, газет оқуды дағдыға айналдыру керек

«Литер» газетінің жа­рық көргеніне биыл 20 жыл толады.

Жанна Ойшыбаева: Бізге таңертең шай ішіп отырып, газет оқуды дағдыға айналдыру керек
сурет: Литер редакциясының жеке мұрағатынан
1260

Сонау 2000 жылдары отандық медиа саласы жаңару, даму кезеңін бастан өткерді. Отандық БАҚ саласына жаңа леп әкелген ба­сылымдар қатары көбейді. Солардың бірі 2004 жылы алғашқы са­ны жарық көрген қоғамдық-саяси «Литер» газеті болатын. Басылымның жа­рық көргеніне биыл 20 жыл толады. Газет әлі күнге дейін өзінің биік беделін сақтап, оқырмандарын қызықты әрі қоғамдық маңызды мақа­лаларымен қуантып келеді. Мерейтой қарсаңында біз «Литер» газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаевамен басылымның жетістіктері, редак­цияның тыныс-тіршілігі мен тілшілердің қалам тербеп жүрген тақы­рып­тары туралы әңгімелескен болатынбыз.   

– Сізді «Литер» газетінің 20 жылдық ме­рейтойымен құттықтаймын. Бүгінде өзіңіз редакторлық ететін газеттің бү­гін­гі тыныс-тіршілігі қалай және қан­дай жаңашыл бастамалары бар? 

– Интернет пен imedia саласының қа­рыш­­тап дамыған заманында ақпараттық сайт­тармен бәсекеге түсу оңай емес, алайда «Ли­тер» өз брендін сақтап, еліміздегі жетекші га­зеттердің біріне айналып отыр. Басылым осы­дан бес жыл бұрын өзінің 15 жылдық ме­рейтойының қарсаңында Алматыдан Аста­наға қоныс аударды. Сол уақытта мені сүйік­ті газетіме бас редактордың орын­ба­сары қызметіне шақырды. Көп ойлануға уа­қыт та болмады, бірден іске кірісіп кеттік. Штат құрамын бекіту, техникалық бөлім жұ­­мыстарымен қатар газетті де шығарып жат­тық. 
Өткен жылдарға шегініс жасайтын бол­сам, көптен күткен екі республикалық басы­лым Aiqyn мен «Литердің» Астанаға көшуі Nur Media холдингінің медиа-ресурстарының кон­тент сапасын жаңарту және жақсарту аясында жүзеге асты. Редакциялардың Ас­та­на­ның қақ төрінде, «AMANAT» партиясымен бір ғимаратта, жаңа әрі кең заманауи open spa­ce кеңсесіне орналасуы әріптестер үшін ерекше сый болды. 
Мерзімді басылымдардың Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне қо­ныс аударуы газеттердің жаңаруымен қа­тар қызметкерлердің де өміріне үлкен өз­ге­ріс­тер алып келді. Газет үшін бір қаладан екін­ші қалаға көшу тек мекенжай ауыстыру емес: бұл қадам жаңа мүмкіндіктерге жол аш­ты және журналистердің шығармашылық қуа­тын арттырды. Басылымның дамуына жаңа­ша серпін берді. Көшіп келген қызмет­керлердің жалақысы 20 пайызға өсті, олар­дың пәтер жалдауына қосымша жәрдемақы тө­ленді. Осылайша, дәстүрлі газет-жур­нал­дар жақын болашақта өледі деген бол­жа­ғыш­тардың қателескенін «Литер» газеті дә­лел­деді. Бұл жерде ең бастысы, әрқашан уа­қыт ағымына ілесіп, дамып отыру және ре­дак­ция жұмысына жаңашылдық енгізу маңызды. 
2019 жылы біз сұхбаттарды жаңаша фор­матта жүргізуді қолға алдық. Жаңа жоба – «Ли­тердің» қонақ бөлмесі» деп аталды және оны Миргүл Жылқышинова жүргізді. Ка­ран­тин мен қашықтан жұмыс істеу кезінде бұл дәстүріміз үзіліп қалды. 2022 жылы газетке бас редактор болып қайта оралғаннан кейін мен аталған жобаны жүргізуді қолға алдым. Біз редакцияға өз мамандығына қоса Қа­зақ­станның көркеюіне ерекше үлес қосып, қо­ғамға пайдалы іс атқарып жүрген қызықты адам­­дарды шақыруды жалғастырып келеміз. «Ли­тердің» қонақ бөлмесі» оқырман­дары­мыз­дың арасында кеңінен танымал және олар­ға ұнайды. Жобаның негізгі мақсаты – қонаққа шай үстінде бір емес, бірнеше жур­на­лиспен еркін әңгімелесе алатын жағдай жа­сау. Сұхбат бастан-аяқ камераға түсіріледі. Бұл бұрынғы дәстүрлі ескі журналистиканың шағын көрінісі десек те болады. Бүгінгідей күн­делікті қарбалас тіршіліктегі көп стресс пен жан-жақтан қаумалайтын камера ал­дында кез келген спикер қысылып, сас­қа­лақ­тап қалады. Ал біз бас ауыртар мәсе­ле­лерді бір сәтке редакция сыртына ұмыт қал­­дырып, ақтарыла әңгімелесіп, шын жү­рек­­пен сырласуды ұсынамыз. 
Өткен жылдың соңында енгізген «Депу­тат­тың бір күні» атты айдарымыз да көп­ші­лік­тің көңілінен шықты. Біздің мақ­са­ты­мыз – Мәжіліс депутаттарының нақты қан­дай жұ­мыспен айналысатынын көрсету, халық ара­сында тараған «депутаттар ұйықтап оты­ра­ды» деген көзқарасты өзгертуге атсалысу. Жаңа жобаның халықтың жүрегінен жылы орын табуына тілшіміз Миргүл Жыл­қы­ши­нова­ның жұмыс уақытын толығымен, тіпті кейде артығымен депутаттардың жұмысына ар­науы, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, жа­саған жұмысын әдемі әрі әсерлі етіп жеткізуі де әсер еткендей. Осындай ерекше мақала­сы­ның бірі «Болат Керімбековпен өткен 12 са­ғат» деп аталды. 
Ұзақ үзілістен кейін газетімізге қайта орал­ған шолушымыз Жазира Букинаның келуі­мен қатар сот тергеуіне қатысты басқа жанр­лар қайта жанданды. Жазира көбіне шие­леністі оқиғаларды газеттің әрбір нө­міріне бөліп береді және жағдайдың барлық қыр-сырын тәптіштеп жазады. Жалпы ал­ғанда, газетте біз бір мәселе немесе атышу­лы іске қатысты бір ғана мақаламен шек­тел­мей­міз. Басталған істі жан-жақты талдап, жүйелі жет­кізіп, істің соңына жеткенше қадаға­лай­мыз және оны оқырмандармен бөлісеміз. Бұл стильде СҚО-дағы тілшіміз Зәуре Жұ­ма­лиева мен Павлодардағы Ирина Волкова жақ­сы жұмыс істейді. Газеттің «Өзекті сұх­бат», «Фоторепортаж» және т.б. айдарлары­ның арқасында бүгінде газеттің де өзіндік танымал стилі қалыптасып отыр. 

– Сонау 2004 жылы газеттің алғашқы са­ны жарық көргенде басылымның сол кез­дегі редакторлық кеңесінің төрағасы Ер­лан Бекхожин: «Біздің мақсатымыз – еліміздегі және алыс-жақын шетелдегі жаңа­лықтардың жаршысы болу» деген екен. Газеттің сол кездегі мақсаты бүгін қалай іске асып жатыр?

– Газет ең алғаш ашылған кезде аптасына 5 рет шығатын күнделікті басылым болды. Сон­дықтан жаңалықтарға басымдық беруі тү­сінікті және бұл мақсат орындалды. Қазір га­зет аптасына 3 рет жарық көреді. Бұл басы­лым­ға деген көзқарасымызды өзгертті, құн­ды­лықтар мен басым бағыттарды айқын­дауға ықпал етті. 
Соңғы 20 жылда әлемдік және қазақстан­дық ақпарат саласында көп нәрсе өзгерді. Бұрын­ғы литерліктер өз естеліктерінде (біз нөмір сайын жариялаймыз) 2004 жылдарды ақ­параттық нарықтағы бәсекелестіктің қы­зып тұрған шағы деп еске алады. Интернеттің әлі дамымаған кезі, сондықтан болар әртүрлі бағыттағы сапалы газеттер көп шығатын. Ол кезде газет дүңгіршіктері мен базар жайма­ларын­да газет-журнал толып тұратын. Бүгін­де газеттер саны азайды және бізге ақпарат­тық сайттармен бәсекелесудің еш мәнісі жоқ. Қазір газеттерге жаңалық жаршысы болудың қа­жеті жоқ. Газеттің ұтар тұсы – ақпаратты кеңей­тіп беруде, сараптамада, сарапшылар пікірі мен сапалы сұхбаттарда. Менің ойым­ша, бізге отбасылық таңғы ас кезінде шай іше отырып жаңа шыққан газетті оқу дәс­түрін қайта жаңғырту керек... Былтыр және ал­дыңғы жылы Еуропаның бірнеше елінде бол­дым. Сонда газет-журнал сатылатын дүң­гір­шіктерге қызғанышпен қарағанымның не­сін жасырайын?! Дамыған елдер газет-жур­нал басып шығаруды және оны оқуды тоқ­татқан жоқ. Біздің елімізде мерзімді бас­­­­пасөздің нарықтан жоғалуына 2015-2016 жыл­дары (әсіресе, Алматы мен Астанада) га­зет дүңгіршіктерінің жаппай жабылуы, ка­­рантин, «Қазпошта» желісінің нашар жұ­мысы әсер етті...
Қазір әлемде цифрлық байланыс өз та­ны­малдығын жоғалта бастағанда қызықты тренд пайда болып жатыр. Бірте-бірте адами қарым-қатынас, өз қолыңмен бірдеңе жасау, басқа адамдармен жанды байланыс орнату сәнге айналмақ. Адамдарды ортақ мүдделер, идея­лар мен құндылықтар төңірегінде ұйым­дастыруда газеттің атқарар рөлі үлкен. Өйт­кені газет адамның тәжірибесін, эмоция­сын жеткізеді. Ол адамның эмоциясы, қа­был­дауы, есте сақтауы және тактильді сезім­дермен байланысты. Басылымдарды онлайн нұс­қада оқу ыңғайлы, бірақ адамда газетті парақтау, мұқият сақтау немесе оқи отырып сызу, белгілеу мүмкіндігі жоқ. 
Оқырмандар газет арқылы ел тағ­ды­рына, жерлестер тағдырына жақын бола түседі. Газет жалпы адамзатқа ортақ мәң­гілік құндылықтарды насихаттайды, адам­ды отансүйгіштікке, ұлттық дәстүрді сақ­тауға, жақсылық жасауға, өзіңнің және жа­қындарыңның өміріне жауапкершілік алуға тәрбиелейді. Баспа өнімдері және кітаптар – адамзат қол жеткізген ғылым мен мәде­ниеттің барлық жетістігін ұрпақтан-ұрпақ­қа жеткізетін және сақтайтын негізгі құрал. Сол секілді газет те барлық жастағы адам­дар үшін білімнің бұлағы, өмірді баға­лауға және тануға, қоғамдағы қарым-қаты­нас заңдылықтарын және табиғат құбы­лыс­тарын түсінуге көмектеседі. Адамның әлеу­мет­тік-адамгершілік идеалдарын қалып­тас­тыруда, қоғамдық мінез-құлық нормаларын қалыптастыруда баспасөздің рөлі ерекше.
Газеттің кемшіліктерін артықшылыққа ай­налдыруға болады. Мысалы, газеттің оқыр­манға дейін жетуінің өзі оқиғалардың маңыздылығын түсіндіреді. Газет үйле­сім­ділік пен тұтастық сезімін сыйлайды. Газет­тегі беттер санының шектеулілігі ең мықты ма­қаланы жариялауға мүмкіндік береді. Осы­лайша, қағаздың көмегімен әрбір кон­тент өзіндік артефакт түріне айналады.

– «Литер» газеті жарық көрген кезден бас­тап бірнеше жүлделер мен марапат­тар­ға ие болды. Әсіресе, аймақтағы тіл­­шілердің эксклюзив материалдары жиі талқыланады. Осы орайда газетте жарияланған мақала арқылы халыққа көмектесіп, халықтың батасын алған кез­деріңізді еске алып айтып берсеңіз. 

– Мұндай мақалалар өте көп болды. Бұл рет­те газеттің аймақтағы тілшілерінің ең­бегін ерекше атап өткім келеді. Аймақтар біз­дегі жарияланған мақалаларға құлақ аса­ды, тілшілеріміздің ұстанымын ескереді. Мен­шікті тілшілердің кейбіреуін қоғам қай­раткері десек те болады. Мәселен, біздің Сол­түстік Қазақстан облысындағы тілшіміз Зәуре Жұмалиева жергілікті қоғамдық кеңес­тер құрамына мүше, онда ол халықтың мүд­десін белсенді түрде қорғайды, сонымен қатар өз ұстанымынан таймайды және әділ шешімге қол жеткізу үшін сот отырыстарына жиі қатысады.
Жақында «Литерде» ондаған жыл бойы пар­тия жұмысы туралы жазып келе жатқан Любовь Подоляктың мақаласы жарық көрді. Мен оның халыққа көмегі тиген мақа­ла­сы­нан нақты үзінді келтірейін: «Литер» – көп­теген жылдан бері партияның жұмысын, идея­сын, бағытын насихаттап келе жатқан ба­сылым. Партияның бірінші кезектегі мін­деті – адамдармен жұмыс істеу және олардың өзек­ті мәселелерін шешу болып қала береді. Әр сейсенбі сайын партияның қоғамдық қа­­­былдау алаңында әртүрлі деңгейдегі ше­неу­­ніктер азаматтарды қабылдайды. Олар­дың арасында мәселесі газет бетінде жарық көргендер де, шындыққа қол жеткізу үшін шал­ғай аймақтардан келетіндер де бар. Ке­зінде республикалық және елордалық қо­ғам­дық қабылдаулардың меңгерушілері Жұ­ма­жан Жүкенов пен Марал Елеуқұлова бірауыз­дан біздің мақсатымыз қабылдауға келген әрбір адамға барынша көмектесу деген бо­ла­тын. Қоғамдық қабылдау халықтың се­ні­міне ие болды және адамдар оларға ең соңғы инс­танция ретінде жүгінді. Соның арқасында көп­теген мәселе оң шешілді, адамдар кез­десу­ден кейін үйлеріне үміт арқалап қай­татын. 
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қа­былдауға Ішкі істер министріне 9 жастағы қыз келді. Оның ата-анасы – Қытайдан кө­шіп келген этникалық қазақтар, алайда олар көші-қон заңнамасын бұзғандықтан ҚХР-ға қуылған. Қыз Қазақстанда қалып, туыстары­мен бірге тұрды. Осы кездесуден кейін қыз­дың ата-анасына виза алуға және тарихи Ота­нына оралуға рұқсат берілді. Ұжымдық мә­селені шешуге келетіндер де болды. Білім жә­не ғылым министрінің қабылдауына Есіл ау­данындағы мектептердің ұстаздары келіп, жалақыларының мардымсыз екенін айтып ша­ғымданды. Мәселе оңынан шешілді. Мұн­дай оқиғаларды жазу қашан да жаныңа рахат сезімін сыйлайды. Мәселелері шешіл­ген мақала кейіпкерлері кейін қуана хабар­ла­сып шын жүректен рахмет айтқанда ерек­ше қуанып, шабытым шалқып, жұмы­сым­ның маңызын терең сезіне түсетінмін». 

– Қазір жаңалықтарды бұрынғыдай кеш­кі уақытта теледидардан күтіп оты­ратын көрермен жоқ. Газет бас­па­хана­дан шығып, оқырманға жеткенше, ха­лық оны әлеуметтік желі мен сайттардан оқып алады. Медиа нарықтағы мұндай бәсекелестік пен өзгерістерге «Литер» га­зеті қалай бейімделіп отыр?

– Газет редакциясы «Литерді» сапалы етіп шығаруға барын салады. Оқырмандарға не ұсынамыз деген мәселе қашан да өзекті. Бұл тұрғыда біз сараптамалық мақалаларды са­палы фотосуреттер, инфографикалар, кол­лаждармен көркемдеу арқылы ұтып отыр­мыз. Егер газет жаңалықты оқырманға басқа БАҚ-тан бұрын жеткізе алмаса, онда әлде­қайда өзекті, маңызды оқиғаларды талдап, сараптап берген дұрыс.  
Мерзімді басылымдардың тағы бір ар­­­­тық­шылығы – сторителлинг, яғ­ни оқиға арқылы ақпаратты жеткізу жанрын кеңейту. Оқиғалар газет үшін өте маңызды, өйт­кені олар газет беттерін эмоциямен әр­лейді. Ал эмоциялар эмпатияға, адамның қуа­­­нышы мен қайғысына ортақтасуға әке­леді. Бұл қасиет қазіргі қоғамда тез жоғалып ба­ра жатыр. Егер газет оқырманның эмпа­тия­сына қол жеткізе алса, онда ол қаптаған қы­зылды-жасылды сайттарға қарамастан га­зетті іздеп жүріп оқиды. 

– «Литердің» еліміздің мәдени, қо­ғам­дық саяси өміріндегі рөлі туралы ай­та кетсеңіз...

– Шын мәнінде, БАҚ – тек жаңалықтың жар­шысы ғана емес, сонымен бірге көп­ші­лік­тің үндеуі. Біз қоғамдағы трендтерді ғана емес, елді толғандыратын барлық мәселені қа­дағалап отырамыз. Өзекті мәселелерді қо­зғап, «ЛИТЕР-дің қонақ бөлмесіне» сарап­шы­ларды шақырып, танымал қоғам және сая­сат қайраткерлерінен сұхбат алып, жа­рия­лаймыз. Біздің «Президент реформа­лары», «Президент бастамалары», «Парла­мент», «Үкімет» айдарларын оқырмандар қы­зыға оқиды. Біз оны оқырмандарымыздың ке­рі байланысы арқылы біліп отырмыз. 
2023 жылы қарашада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев студенттермен және жас ғалым­дар­мен өткен кездесуінен кейін біз «Қазақ­стан­дық­тар инженер, конструктор, агроном, прог­­­­раммистер ұлтына айнала ала ма?» деген мәселе көтердік. «Литер» газеті қоғамдағы жаңа трендтердің дамуына, жастардың тех­ни­калық мамандықтарға деген қы­зы­ғу­шылығының артуына үлкен көңіл бөледі. Біз ин­женерлік білім беру, инженерлерді ха­лық­аралық аккредиттеу және т.б. салалар ма­ман­дарымен сұхбат жүргізіп, олардың тех­ни­ка­лық факультеттер мен жоғары оқу орын­да­рын дамыту туралы көзқарастарын оқыр­ман­дарға жеткізіп келеміз. 
Газет бетінде ақын Любовь Шашкова жә­не жазушы Сәуле Досжанмен Ұлттық Құ­рылтайдың жұмысы туралы өте терең және қы­зықты сұхбаттар жарияланды. Мәдениет та­қырыбында жарияланған мате­риал­дары­мыздың арқасында оқырмандар жас отан­дас­тарымыздың мәдениет пен спорт сала­сын­дағы жетістіктері туралы біледі және осы салалардағы басты оқиғалармен танысады. Біз әртүрлі спектакльдер, премьералар, көр­ме­лер мен гастрольдер туралы жиі жазамыз. Со­нымен қатар мемлекет қайраткерлерімен сұх­баттар жүргіземіз. Мысалы, жазушы Шар­хан Қазығұлмен болған сұхбаттың арқа­сын­да көптеген адам оның «Күлпет» романы ту­ралы біліп, оны оқығысы келді. Хореограф Светлана Кокшинова өз сұхбатында Қа­зақ­станда балеттің пайда болу тарихы ту­ра­лы айтып берді. Мақаланы оқығандар «қазақтар балетке икемсіз» деген қасаң көзқарастан арыл­ды деп ойлаймын. Қазақ балетке қабі­лет­ті болғанда қандай! Сонымен қатар жас жа­зу­шы Үнзила Мыңбай газетке сұхбат бер­ген кезінде әлі ешқандай кітабы жарық көр­мегенін айтқан болатын, ал қазір екінші кітабы баспаға дайындалып жатыр. Біз та­лант­ты жазушының шығармашылық жо­лын­да шамшырақ бола алғанымызға қуа­ныштымыз. Жалпы, «Литер» газеті мәдени тен­денцияларды қадағалап отырады. Мы­салы, басылым бетінде отандық және шет­елдік фильмдер, заманауи әншілер, блогерлер мен инфлюенсерлер туралы мақалалар да жа­рық көреді. Газетіміздің «Жаңа мәдени тол­қын» айдары осы бағытқа арналған. 

– Бүгінгі оқырманды «ұстап» тұру, қы­зықтыру оңай емес. Газетті оқы­лым­ды ету үшін тілшілер қандай тақы­рып­тарға қалам сілтеп жүр?

– Біз өз оқырманымыздан айрылмау үшін бәрін жасауға дайынбыз. Бәрінен бұ­рын, редакция ұжымының біліктілігі мен сапасына басымдық беріліп отыр. Ұжымда елімізге танымал журналистер еңбек етеді. Га­зетіміздің «Экономика» айдарына Қанат Шәй­мерденов пен Раушан Нұршаева жауап­ты. Олар танымал «Панорама» экономикалық газеті мен «Рейтер» агенттігінің мектебінен өткен. «Казахстанская правда», «Вечерняя Аста­на» басылымдарында жұмыс істеген Мир­гүл Жылқышинова газеттің арнайы жо­ба­ларын жүргізеді. АҚШ-та «Болашақ» бағ­дар­­ламасымен білім алып келген Жазира Бу­ки­на ағылшын тілін еркін меңгерген. Оның мақалалары туралы жоғарыда атап өтт­ім. Ре­дакциядағы өте мықты журналист – бас редактордың орынбасары Жанат Түк­пиев. Ол аз жазады, аз жазса да саз жазады.
Газет ұжымында жастармен қатар тә­жі­рибелі тілшілер біріге еңбек етсе, же­місті болмақ. Өйткені тісқаққан журна­лис­тер өз білгенін жастарға үйретсе, бұл үл­кен мектеп болмақ. Газеттің шығарушы ре­дакторы Нұрғали Әбілдаев – нағыз тә­жіри­белі маман. Ол шенеунік болып та қыз­меті өрлеген, БАҚ-та да бағы жанған адам. Оның әрбір пікірі журналистика сала­сын­дағы оқулыққа дайын мәтін десе болады. 
Ақпарат бөлімінің жетекшісі Диана Ты­сым­баева кезінде біздің газеттен тәжірибеден өткен, кейін Санкт-Петербургтегі универ­си­тетті аяқтап, тілші болып жұмысқа орналас­ты. Бір жарым жыл ішінде ол өзін жетілдірді, кәсіби тұрғыдан әбден ысылды, пісті, нә­тижесінде өзіне лайықты қызметке тағайын­дал­ды. Жақында бізге жұмысқа кино сала­сынан жас маман Мадимит Шүлембаев келді. Бір қызығы, ол газет жұмысына тез бейім­де­ліп, ұжыммен сіңісіп кетті, қазір керемет ма­қалалар жазып жүр. 
Мен аймақтардағы тілшілеріміздің қала­мы­ның қуаты мен атқарған істері туралы ай­тып өттім. Олар – редакцияның ядросы. Біз секретарит бюросын, беттеушілерді, ди­зай­нерлерді, корректорларды жоғары баға­лай­мыз. Өйткені бүгінгі нарықта мұндай ма­ман­дарды табу – сабан ішінен ине ізде­ген­мен тең. 

– Елімізде жыл сайын журналистика фа­культетін мыңдаған студент бітірсе де, газетке сараптамалық мақала жаза­тын жас журналистер аз. Мұның бір себебі газет тілшілерінің жалақылары­ның төмендігінде емес пе? 

– Aiqyn мен «Литердің» негізін қалаған Ер­лан Бекхожин бірде маған: «Мен қала­ма­қы­ға мадақ айтуға дайынмын. Қаржыгерлер жур­налистерге неге жоғары қаламақы тө­лей­тінімді жиі сұрайды. Мен бұл олардың та­ланты мен Құдайдың берген ұшқынының ақы­сы деп жауап беремін. Сонда олар жур­на­листер жалақыны не үшін алады деп тағы сұрайды. Мен олардың жұмысқа келіп, осы га­зетке қабілеттерін жұмсауға келіскендері үшін жалақы төлеймін деп жауап беремін. Әдет­те, мұндай әңгімелерден кейін олар ма­ған редакцияда жұмыс істеп, жалақыға қо­сымша қаламақы алғылары келетінін айта­ды. Мен шақырамын, келіңдер, жаза алсаң­дар жұмыс істеңдер деп айтамын», – деді. 
«Отандық журналистиканың беделін кө­теру үшін не істеу керек?» деп сұрағанда мен ылғи: «Олардың жалақысын көбейту ке­рек» деп жауап беремін. Басқа салалармен салыстырғанда қалам мен микрофон ұс­та­ған журналистер өз еңбегі үшін аз ақша ала­ды. Жалақының аздығы жалпы жұмыс про­цесіне әсер етеді, өйткені өмір сүру үшін олар қосымша жұмыс іздейді немесе екі ре­дак­цияда жұмыс істейді. Журналистің ең­бегіне төленетін қаламақы да біртіндеп жойы­лып бара жатыр. Алайда мен журналис­тер­дің қаламақысы – киелі ұғым деп санай­мын. Қаламақы жүйесі жоғалмауы керек. 

– Бүгінде мерзімді басылымдардың әрбір әлеуметтік желіде парақшасы бар, тіпті YouTube-арналарын ашып жатыр. Ба­сылымдардың цифрлық медиаға қа­дам басуы оқырмандарының азаюына, газеттің біртіндеп жоғалуына алып келмей ме?

– Неге екені белгісіз, Қазақстанда газет­тер­ге қатысты басқаша көзқарас қалыптас­қан. Дамыған елдердің таңы газетпен бас­тал­са, бізде керісінше жабылып жатыр. «Бізге га­зет керек пе?» деген сұраққа елдің идеолог­тары жауап беріп, шешім қабылдануы керек. Мер­зімді баспасөзге жазылуды қалпына кел­тіріп, газет дүңгіршіктерін қайта ашса, адам­дар газет оқуды әдетке айналдырар еді. 
Ал біз 100 жылдық тарихы бар «Экспресс К» газетінің жабылғанына куә болдық. Енді «Караван» газетінің қағаз нұсқасы шық­пай­ды. Өкінішті... Бүгінде газет шығару тиімді бол­май тұр, өйткені қағаз, баспахана қызме­ті қымбат және әлі күнге дейін газетті аймақ­тарға тарату жүйесі оң жолға қойылмаған. 
Осындай қиындықтарға қарамастан елімізде жарық көретін газет-жур­нал­дар саны біршама. Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елі­мізде БАҚ саны жыл сайын көбейіп келеді. Мә­селен, 1991 жылмен салыстырғанда 350 есе өскен: егер осыдан 33 жыл бұрын Қазақ­стан­да бар-жоғы 10 республикалық газет пен жур­нал шықса, бүгінде 3 985 мерзімді ба­сылым тіркелген. Басылымның әрқайсысы қа­ғаз нұсқасында жарық көреді әрі цифрлық нұс­қасы да бар. 
2024 жылы еліміз бойынша 360 612 жеке 7 687 заңды тұлға газетке жазылған. Осыған қа­рап мерзімді басылымдардың өз оқыр­ма­ны бар екенін көріп отырмыз. Бұл да болса көңілге медеу. 

– Газеттің бүгінгі оқырманы кімдер жә­не олардың талабы мен сұранысы қан­дай?

– Газетіміздің негізгі оқырмандары – ор­та жастағы саяси және экономикалық бел­сен­ді азаматтар. Олардың көпшілігі аймақ­тар­да тұрады және көбі «AMANAT» партия­сы­ның мүшесі. Өкінішке қарай, жастар біз­дің газетті аз оқиды. Алайда бұл мәселе бар­­лық мерзімді басылымдарға қатысты деп ой­­лаймын. Қазіргі жастар ақпаратты ин­тер­неттен, әлеуметтік желіден алады. Жа­қын­да редакциямызға елордадағы бір университет­тің журналистика факультетінің 10 студенті келді. «Газет оқисыңдар ма?» деген сауалы­мыз­ға бәрі бастарын шайқады. Міне, біздегі бо­лашақ журналистердің бүгінгі келбеті осын­дай. Олардың арасында кітап оқитын­дар да аз деп ойлаймын. Сондықтан бұл ба­ғытта редакциялар ғана емес, қоғам болып бәрімізге көп жұмыс істеу керек. 

– «Литер» редакциясы 20 жылдық ме­рейтойын қалай атап өтуді жоспар­лап отыр?

– Ақпан айынан бастап газетіміздің әр нө­мірінде бұрынғы литерліктердің жылы ес­теліктерін жариялап отырмыз. 2005 жылы га­зеттің бас редакторы болған Расул Шы­бын­­­тайдың сұхбатын, 2007 жылы бас редак­тор қызметін атқарған Асыл Сағымбековтің ли­рикалық эссесін оқырман назарына ұсын­­дық. Газетіміздің 20 жылдық мерей­тойы­на орай әр жылдары редакцияда еңбек еткен литерліктердің өз естеліктерімен бө­ліс­кеніне рахмет айтамын. Ал сәуір айында мерейтойға орай салтанатты іс-шаралар ұйым­дастырылады.

– Литерлік әріптестеріңіз бен оқыр­ман­дарыңызға қандай тілегіңіз бар?

– «Литер» газетінің оқырмандарына та­бан­дылық тілеймін. Біздің газетімізге деген қы­зығушылықтарыңыз жоғалмасын. Бізге хат жазыңыз, «Литерді» оқу бұдан да қызы­ғырақ болу үшін кері байланыс орнатайық! Ал әріптестеріме шығармашылық табыс, қо­мақты қаламақы және қажырлы еңбектері үшін лайықты жалақы тілеймін. 

Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары