Тарихи-рухани ескерткіштер – ұлттық брендіміз

Тарихи-рухани ес­керт­кіш­тер – бізді шетке, өзгеге танытатын ұлт­тық брендіміз! Ендеше, оларды қамқор­лық­қа алып, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра ті­зіміне ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қа­жет.

Тарихи-рухани ескерткіштер – ұлттық брендіміз
сурет: azretsultan.kz
1006

Елімізде ұлтына ұран, халқына қорған болған тұғырлы тұлға­лар­дың ізі аз емес. Мәселен, Қазақ хандығының алғашқы астанасы, ежел­ден қарт Қаратау мен Сырды қауыштырып, алуан мәде­ниет­терді тоғыс­тырған, руханияттың нәрлі ошағына айналған киелі өңір, шежіре дәстүрде аты Қазақпен қатар аталатын қазыналы Созақ – Қо­жа Ахмет Ясауидің арғы бабасы Ысқақ бабтың, Қарахан мемлекетін билеген Тамғаш Хасан Боғра (Қарабура) ханның мәңгілік мекені. 

Академик Бартольд: «Хасан Тамғаш Боғра хан Қарахан дәуірінде медресе, кітап­ха­на, аурухана салдырып, ғылым, өнер, мә­дениет саласын биік белеске көтерген ірі қай­раткер» деп бағалайды. Қарахан елінде ға­лымдар мен әулиелерге жағдай жасап, өзі де рухани жолды ұстағандықтан, жұрт оны ұлы әулие санаған. Әйгілі Жүсіп Бала­са­ғұн­ның «Құтты Біліг» туындысы осы Боғра хан­ға арналып жазылды. Өкініштісі, Жүсіп Ба­ласағұнның кім екені және қайда жат­қа­ны әлемге аян, ал Боғра хан бүгінде ұмыт бол­ған. Сондай-ақ мұнда Алтын Орда хан­дарына рухани ұстаз болған Баба Түкті Шаш­ты Әзіздің (Баба Туклас), Керей-Жәні­бек, Хақназар сынды алғашқы қазақ хан­дары­ның қорымы жатыр деп болжанады. Ол туралы: «Қаратаудың солтүстік бөк­терін­де Созақ кентімен аттас қала жұрты бар, ол қазақ жерлерін біріктірудің бастап­қы кезеңінде Қазақ хандығының тірек қа­­­­ласы болған. Бұл қала хандық тұсында ірі сауда-қолөнер орталығы ретінде маңыз­ды рөл атқарған, деп жазған академик Әл­кей Марғұлан 1946 жылы қазба барлау жұмыстарын жүргізіп, көне шаһардың бес мә­дени қабатын анықтаған болатын. Со­зақ­тағы XIX ғасырда негізі қаланған Шахи-Ах­мет Ишан мешіті – ғажап ғимараттың бірі. Мешітті салған шеберлер Орталық Азия мен Еділ бойындағы сәулет өнерінің үй­лесімін ұтымды бере білген. Алайда осы ке­шендердің көбі жойылған, енді бірі бас­тапқы келбетінен қатты ауытқыған, кейінгі де­меушілер тарихи орындарды қалауынша өз­герткен. Төңіректеріне бай-бағлан­дар­дың бейіттері орналасқан. 
Сол сияқты сансыз бабтар мекені Сай­рамда қастерлі орындар қарау­сыз жатыр. VIII-IX ғасырдан қалған көне қо­рымның бір шетін базар басып барады. Мұн­­да 1917 жылға дейін 50-ден аса мешіт бол­ған екен. Бұл беріге дейін сақталған­дар­дың саны, ал жазба деректерде Сайрамда жүз­деген мешіт болғаны айтылады. Солар­дың ішіндегі ең көнелері Ыдырыс хазірет, Қызыр хазірет және әл-Ғайб мешіттері. Со­нымен қатар Қ.Ясауидің ата-анасы Иб­раһим ата мен Қарашаш ана, Абдул-Әзиз баб, Қызыр пайғамбар қабірлері Сайрамда сақ­талған. Бағзы Исфиджабтан жеткен осы та­рихи-рухани нысандарды сақтау қажет. Сон­дықтан көне Сайрам мен Созақтағы ру­хани ескерткіштерді сақтау ісін Түр­кі­стан­дағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұра­жайы­на тапсыруды ұсынамыз.
Әулие-ата мен Жетісу, Сыр бойы мен Ар­қа және өзге де өңірлерде жағдай осыған ұқ­сас. Мәселен, Қазақстандағы 25 мың ес­керт­кіштің жартысына жуығы орналасқан Маң­ғыстау өңірінде мұралардың көбі тари­хи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгі­зіл­гені­мен, оларды қарауға маман жетіспейді. Мә­дени қабаттарды «қара археологтар» мен бұзақылар түрлі вандализм арқылы бүл­діріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз ме­кендегі қорымдардың қоршау аумағына заң­сыз құрылыстар, бейіттер салынып кет­кен. Оларға қарсы қолданыстағы «Тарихи-мә­дени мұраны қорғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы небәрі 30 мың теңге ғана! Ұлытауда Жошы кесенесінің жа­нына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кет­кен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне ен­гізу мүмкін болмай тұр. 
Киелі жерлер шырақшылардың күн­кө­ріс көзіне, бақсы-балгерлердің ор­дасына айналған. Олардың кейбірі тари­хи орынды сақтап отырғанымен, арнайы бі­лім, ереже-қағидаттары мен стандарты жоқ. Тіпті, ұлтқа ұран болған Бекет ата – же­кенің меншігінде! Пір Бекет – бір әу­лет­тің ғана айбары емес, ол – бар қазақтың бай­рағы! Халықтың рухани қалпы мен сал­тын қалыптастырған мұндай тұлғалар ме­кені мемлекет қарауында болуға тиіс! 
Елімізде рухани ескерткіштерді қорғау­ға айрықша көңіл бөлу қажет. Өйткені бірін­шіден, олар біздің мәңгілік мұрамыз, ба­ға жетпес байлығымыз! 
Екіншіден, рухани ескерткіштер – біз­дің таным-тарихымыз. Оны аңыз арқылы емес, кешенді зерттеу арқылы білуге тиіс­піз. Сонымен қатар оларды сақтау үшін рес­­тавратор, консерватор сияқты маман­дар­ды даярлау керек. Маман тапшы бол­ған­дықтан, Қ.Ясауи кесенесі бүліне жаз­да­ғаны белгілі. 
Үшіншіден, рухани орындар – ұлттың им­мунитетін қалыптастырады. Сондықтан олар – тағылым мектебі болуы керек. Ра­сын­да, дәстүрлі түсініктен алшақтап, өзге­нің қаңсығын таңсық көріп адасып жүр­ген­дердің ақиқаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салты мен қалпында. Ға­сырлар бойы қалыптасқан рухани қал­қа­нымыз – діңгекті дәстүр мен рухани бұ­лақ көздері зерделене бастаса, деструк­тив­ті теріс ағымдардың жолын жабуға сеп­­теседі. Бұл ретте, әлбетте, сананы сауық­ты­ратын, адасқандарды айықтыратын ру­хани шаралар кешенін жүйелі жүргізу үшін мәйекті мәдениетіміз, телегей теңіз мол мұрамыз, ұлтымыздың айбынын асыр­ған ұлағатты тұлғаларымыздың шарапатты жолы, солардың көзіндей киелі өлкемізде сым­бат түзген ежелгі ескерткіштеріміз бен Қы­дыр дарыған қасиетті орындардың ор­ны бөлек.
 Төртіншіден, тарихи-рухани ес­керт­кіш­тер – бізді шетке, өзгеге танытатын ұлт­тық брендіміз! Ендеше, оларды қамқор­лық­қа алып, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра ті­зіміне ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қа­жет. 
Бесіншіден, киелі жерлер – рухани ту­риз­м­нің ошағы. Мәселен, тарихи-рухани орындарына былтыр 7 млн-ға жуық турист тартқан Өзбекстан осы саладан 2 млрд дол­лар табыс тапқан. Мемлекет бас­шы­сы 2019 жылы Ұлытауда «Біз ұлы тари­хи тұл­ғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деп елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына ай­налдыруды тапсырғаны белгілі. Сон­дық­тан киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды да­мыту, жол салу, қонақүйлер, визит орта­лық­тарын ашу, экологияны реттеу, ақпарат­тық насихат жұмыстарын арттыру, интер­нет­пен қамтамасыз ету сияқты іргелі жо­ба­ларды жүйелі жүзеге асырған жөн деп ой­­­лаймыз. 
 
 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
  Сенат депутаты

Серіктес жаңалықтары