Күз келгенде дастарханнан жиі көрінетін асқабақ тек әдемі түсімен емес, ағзаға тигізер пайдасымен де ерекшеленеді. Дәрігерлер бұл өнімді «күзгі иммунитет қалқаны» деп атайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Асқабақтың құрамында А, Е, С және В тобының дәрумендері мол. Олар көру қабілетін жақсартып, теріні жасартуға көмектеседі. Каротин мөлшері сәбізден де көп — сондықтан көзге пайдалы көкөніс.
Калий мен магний жүрек бұлшықетінің жұмысын жақсартады, ал талшықтар қандағы холестерин деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар асқабақ бауыр мен өтке жеңіл әсер етіп, ағзаны уыттардан тазартады.
100 грамм асқабақта небәрі 25–30 ккал бар. Сондықтан диетологтар оны арықтау мәзіріне қосуға кеңес береді. Талшыққа бай болғандықтан, тез тойдырады.
Асқабақ дәнінде табиғи магний мен триптофан бар, бұл заттар жүйке жүйесін тыныштандырып, ұйқыны реттейді.
Асқабақ шырыны теріні тазартып, бетке табиғи жарқыл береді. Косметологтар тіпті бетке арналған маскалар құрамына жиі қосады.
Асқабақты пісіріп те, булап та, ботқа немесе крем-суп түрінде жеуге болады. Дәнін кептіріп, аздап тұздап жесеңіз, пайдалы әрі дәмді тіскебасар болады.