Пейіл – зиялылық сияқты сүтпен сіңіп, қанмен берілетін адами қасиет – Дархан Мыңбай

Адам болмысы сана-сезімінің өсуіне қарай өзгеріске түсіп отырады. Бірақ пейіл дегеніміз зиялылық сияқты сүтпен сіңіп, қанмен берілетін адами қасиет болса керек.

Пейіл – зиялылық сияқты сүтпен сіңіп, қанмен берілетін адами қасиет – Дархан Мыңбай
Дархан Мыңбай. Фото: facebook
811

Осы қарапайым ұғым ешқашан ескірмейді, адамзатпен бірге жасайды. Тіршіліктегі көрінісі де әрқилы. Өйткені, оған өскен ортаның, айнала қарым-қатынастың, тұрмыс түйткілдерінің ықпалы, басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін. Әрине, көп нәрсе отбасында, мектепте алған тәлім-тәрбиеге байланысты. Адам болмысы сана-сезімінің өсуіне қарай өзгеріске түсіп отырады. Бірақ пейіл дегеніміз зиялылық сияқты сүтпен сіңіп, қанмен берілетін адами қасиет болса керек.

Мысалы, кездескен адамға жылы жүз таныту, бірінші болып сәлем беру, қарсы алып, ізетпен есік ашу, жол көрсету, құрмет көрсетіп, орын ұсыну кішіпейілдікті білдіретіні мәлім. Қай заманнан бері қазақ даласында дәстүрлі ұлттық тәрбиенің өзегін адамшылық, кеңпейілділік, біліктілік құраған. Әсте, мұндай ізгі қасиеттер қонағын төрге шығарумен, оған сый-құрмет, қошамет көрсетумен шектелмейді. Саналы ел азаматының әрбір қадамы, іс-әрекеті халқымыздың ерекше сипатын білдіріп тұрады.

Алайда “Кең болсаң, кем болмайсың” деген қағиданы бала кезден құлағына құйып өскен қазақты осы күнде жомарт қалпынан жаңылдырып, бауырмал қасиетінен айыра бастаған жайттар әр жерде айтылып қалады. Ондайда “Пейілі тарылған ба, көргенсіз қылыққа барғаны несі?” деп кейіп жатады. Ал, шын мәнінде, мұндай әрекеттің сыртында нендей себеп, қандай дүлей күш тұрғанын сезінудің өзі қауіпті.

Мысалды алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ. Жаманшылықтың бетін Құдай елімізден аулақ қылсын, өткенде Алматыда болған жер сілкінісі жекелеген адамдардың мінез-құлқы әп-сәтте өзгергенін көрсетті. Оқыс жағдай күтпеген әрекет тудырды. Оғаштық ішінде тиісті қызметтің ілкімсіздігі де, кейбір тұрғындардың фобиясы да, олардың бастапқы сауатының кемдігі де байқалды. Бірақ қаладағы такси жүргізушілерінің араны ашылып, екі мың теңгелік жерге елу мың теңге, қала маңындағы ауылға дейін 200 мың теңге сұрағанын қалай түсінеміз? Бұлар “Пейілі жаманға пәле жолығады” деген аталы сөзді құлағына ілмегені ме?

Қиындыққа душар болғанда бір-біріне мейірімі түсудің орнына адамдар қатыгездігін, дүниеқоңыздығын әшкере етіп алды. Арды ойламай табыс табуды ойлағаннан кім ұтты? “Көршісінің үйі өртеніп жатса, біреу оған қойдың бас-сирағын үйітіп жүр” дегеннің кері емес пе?

Осындайда адамның пейілі құндылық ретінде таразыға түседі. Бәрібір баз біреулердің азғындауы, олардың пейілінің тарылуы көпшіліктің шынайы, кең әрі ақ пейіліне қарсы тұра алмайды. Өйткені,

“Кең пейілдің ішінде кен жатады,

Тар пейілдің ішінде тас жатады”.

Ал осыған ұқсас төтенше жағдай, дүлей апат Түркия елінде болғанда ондағы таксилер халыққа біршама уақыт бойы ақысыз, тегін қызмет ұсынғанын білеміз. Естуімізше, бұл - көлік иелері ықтиярымен көтерілген бастама екен. Қолынан келгенше қайырымдылық жасап, тиісті мекемелерге, жауапты орындарына қол ұшын берді, жәрдемін аямады. Бұл жерде адамның адамға деген ең ізгі қасиеті, өз отандастарына деген жанашырлығы көрінді.

“Бергенге береке бар, пейілі түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады” деген асыл сөздің растығына олар кәміл сенеді. Өйткені, сөз бен істің жақындығы әрқашан имандылыққа арқау болады.

Біз жұрт жиі айтатын алыстағы Жапония еліндегі ұйымшылдықты, әдеп пен тәртіпті әдейі сөз етпедік. Діні, тілі жақын түрік бауырларымыздан үйренудің артық емес екендігін еске салдық. Кезінде елді де, ел басқарған ерлерді де аузына қаратқан Бұқар жырау:

"Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас.

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес.

Берем деген құтылмас,

Берік байлау шешілмес.

Қазулы жол көмілмес,

Қарт бабаңды сыйлай бер,

Күндердің күні болғанда,

Кімнің белі бүгілмес” деп, ұрпаққа өсиет қалдырған екен. Бұл толғау - пейілдің нағыз өлшемі.

Ата дәстүрімізде (батада) Жаратушыдан кең пейіл, кетпес дәулет сұраймыз. Қазір де ел алдында пейілі ақ, ниеті түзу жаңа ұрпақты қалыптастыру, тәрбиелеу, ізгі ойлы орта, аға буынды ортақ іске, жауапкершілікке ынталандыру міндеті тұр. Бұл қасиеттер мемлекетімізде адал азамат құндылығын салаландырып, береке-бірлікті, тұтастық пен жасампаздықты арттырады.

Қандай кезде де, түрлі сын сағаттарда да таза пейіл, имандылық, қайырымдылық қиындықтардан алып шығады. Солай болған және солай болуы керек.

Дархан МЫҢБАЙ, 

Қоғам және мемлекет қайраткері 

 

Серіктес жаңалықтары