Астанада автобустан құлап түскен жолаушы үшін жүргізуші жазаланды

Желі қолданушылары жүргізушінің бұл әрекетіне де, қоғамдық көлікті тоқтатпаған жолаушыларға да наразы болды

Астанада автобустан құлап түскен жолаушы үшін жүргізуші жазаланды
Видеодан алынған кадр

Астанада автобус жүргізушісі жолаушылардың толық мінгеніне көз жеткізбей, аялдамада әйелдің салоннан құлап кетуіне жол бергені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады turkystan.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Адам толы автобусқа әйел кіріп, көліктің есігі жабылған. Автобус қозғала бастағанда есік қайтадан ашылып, әйел одан құлап кетеді. Алайда автобус жүргізушісі тоқтамай кете берген.

Желі қолданушылары жүргізушінің бұл әрекетіне де, қоғамдық көлікті тоқтатпаған жолаушыларға да наразы болды.

Жолаушы зардап шеккен жоқ. Тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін жүргізуші жауапқа тартылды, - делінген Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.