Ақмола облысында 170 бас жылқы аштан қырылды
Жергілікті билік болса облыстың 5 ауданында осындай жағдай болып жатқанын мойындайды.
Ақмола облысының ауылдарында ауа райының күрт бұзылуы салдарынан тебіндей алмаған үйір-үйір жылқы қырылып жатыр. Соңғы санақ бойынша мұз басқан далада жайыла алмай 170 бас жылқы арам қатқан, деп хабарлады turkystan.kz.
Шаруалар болса аман қалғандарын қалай көктемге жалғап іліктіруін уайымдап отыр.
24.kz арнасының мәліметінше, Қонысбай ауылының тұрғындары арам өлген мал басын санап әлек. Былтыр күзде шөп ойдағыдай шықпай, жем-шөп қоры аз жиналған. Соңғы уақытта созылған ақтүтек боран сарышұнақ аязға ұласып, жағдайды тіпті ауырлатып жіберді. Омбы қардың бетін қалың мұз басып тебіндей алмаған мал тегіс арам қатқан.
«Жағдай өте қиын. Малды ұстау, әсіресе, жылқы ұстау өте қиын болып тұр. Үлкен биелер өзін сақтап қалу үшін құлындарынан құтылады. Өзі тірі қалу үшін. Енді биыл төл болмайтын шығар. Аштық, суық», – деді Қонысбай ауылының тұрғыны Бекайдар Бекенов.
Степногорск маңындағы ауыл тұрғындарының да жағдайы осы. Мұнда 40 бас жылқы арам өлген. Тұрғындар жабағы-тайды қорада ұстауға мәжбүр. Бірақ жем-шөп тапшы. Сатып алайын десе баға екі есеге қымбаттап кеткен.
«Шөптеріміз нашар және аз. Жете ме, жоқ па, білмейміз. Жем де қымбат. Қабы 5-6 мың тұрады. Кебек 2300. Көп мал құлап жатыр», – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Серік Молдыбаев.
Жергілікті билік болса облыстың 5 ауданында осындай жағдай болып жатқанын мойындайды. Оларға қолдан келгенше жем-шөп жеткізілген. Сонымен қатар мұндағы ауыл тұрғындары астық пен жем-шөп сабанды төмендетілген бағамен алады дейді.
«Біз өзіміздің шаруалармен келісім жасап жатырмыз. Одан кейін Ақкөл, Атбасар аудандармен келіссөздер өтуде. Қажетті шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда жылқы тұрған жерге шөп жеткізіліп жатыр. Бұдан басқа «Ветсервиспен» әрі қарай жұмыстар атқарылуда», – деді Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Баетов.
Қазір жылқышылар үйірді қар аз түскен жақтарға қарай қайырып, бағып жүр. Бірақ одан нәтиже аз. Оның үстіне алдағы күндердің ауа райы болжамы да көңіл көншітпей тұр.