Шымкентте бірдей нөмірмен жүрген екі көлік анықталды

Қала жолдарында бірдей нөмір таққан екі Toyota Camry жүрген.

Шымкентте бірдей нөмірмен жүрген екі көлік анықталды
polisia.kz

Шымкентте ЖБО камералары «егіз» көліктерді анықтады, деп хабарлады turkystan.kz.

Бейнебақылау инспекторлары қала жолдарында бірдей нөмір таққан екі Toyota Camry байқады. Оларды ұстап, мән-жайды анықтау үшін патрульдік полиция экипаждары бағытталды.

«Жүргізушілер бір-бірін жақсы танитын достар болып шықты. Досының көлігін көшірген 37 жастағы тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал оның темір тұлпары айыптұраққа қамалды», – делінген polisia.kz хабарламасында.
 

Құқық бұзушы тек көлігінен ғана емес, жүргізуші куәлігінен де айырылды. Жалған нөмірлі машинаны тізгіндегені үшін енді ер адамның бір жыл бойы көлік басқаруға құқығы жоқ.