Әнші Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында ұлының шығармашылық жолы мен еңбегі туралы жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол Қайрат Нұртастың өнердегі жолын алғаш 30 адам қатысқан концерттерден бастап, бүгінде 30 мың көрерменнің алдына шығатын деңгейге жеткенін атап өтті.
«20 жыл бұрын, алғашқы концерттерінде 30 адам болғанда уайыммен тақымымды қысып, қуаныштан көзіме жас алып отырған сәттерім, бүгінде 30 мың халықтың алдына шығуы, уайымыма уайым қосты. Себебі мұның артында қаншама қара тер, саналы сағаттар мен күндер емес 20 жыл еңбек тұр», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Оның айтуынша, Қайрат Нұртас бүгінгі күні өз еңбегін өмірден өткен жақындарының аналарына көмек ретінде арнамақ.
«Иә, қаншама аналар кеше ғана өз ұрпағынан айрылып, 25 не қаралы күн болды, жас боздақтарымыздан айрылдық. Қайрат та қарап қалмай, бүгінгі күн үшін өз еңбегін сол бауырларының аналарына көмекке арнамақ», – деді ол.
Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова елдің тыныштығын тілеп, аналарға көңіл айтты.
Тақырып бойынша ұсыныс