Қоңыр Мандокидің мұрасы
Бүкіл саналы ғұмырын мажар халқы мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы жолында бағыштаған біртуар тұлға, белгілі түрколог, тегі қыпшақ мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандокидің туғанына 10 ақпанда 80 жыл толады.
Бүкіл саналы ғұмырын мажар халқы мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы жолында бағыштаған біртуар тұлға, белгілі түрколог, тегі қыпшақ мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандокидің туғанына 10 ақпанда 80 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың жаңа кітабы жақында оқырмандарға жол тартпақ. Бұл кітапта Қоңыр Иштван Мандоки мен қазақ қызы Оңайша – Айша Мақсымқызының сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты, еңбек жолдары, арман-мұраттары және түркі дүниесінің алыптары мен тарих шежіресі туралы баяндалады. Осы кітаптан үзінді беріп отырмыз.
Қоңыр кітап жинады. Кітап оның бағалы қазынасы еді. Кітап оның сырласы еді, досы еді. Керек кітабын көргенде кейде қалтасындағы қаражаты жетпегенде, қан тапсырып сол кітапты сатып алған кездері де болды. Қоңырдың кітапханасы айтулы бай кітапхана болды. Оның шаңырағын аттаған адам тұрғын үйге емес, бейнебір Кітап музейіне еніп кеткендей әсерде қалатын. Үйдің биік қабырғаларын тұтастай алып тұрған төбеден еденге жететін шкафтардың сөрелерінде жиналған кітаптар көптігімен ғана емес, құндылығымен көргендерді таңғалдыратын. Қоңыр кітаптарын каталогтық принцип бойынша реттеп жинастырып қоятын. Энциклопедиялар, тарих, этимология, фольклор, этнография, ономастика, сөздіктер, көркем әдебиеттер рет-ретімен орналастырылған. Шкафтың биік сөрелеріне сатымен өрмелеп шығудың өзі бір таудың басына шыққандай әсер қалдыратын. Қоңырдың кітапханасында он алты мың шамасында кітабы болды. Кітаптары тіл жағынан отыз шақты тілде жазылған. Қоңыр сол отыздан аса тілді меңгерген полиглот ғалым болатын. Кітаптарының ішінде ең көне кітап – XIV ғасырдың басында хатқа түскен «Кодекс Куманикустың» көшірмесі, ал жинаған түп-нұсқа кітаптары – XVI ғасырда шыққан кітаптар еді. Қоңыр үшін жинаған әр кітабы құнды дүние болатын. Қолжазба деректері, хроникалар, жыр-дастандар, сөздіктер, кәсіби әдебиеттер, ғылыми монографияларды зерделеп оқып отырғанды ұнататын. Түркітанушылар Бартольд, Радлов, Немет Дьюла, Малов т.б. бағалы еңбектерін көзінің қарашығындай сақтады. Кітаптарының жанында жазу үстелі, үш түрлі жазу машинкасы қатарласып қойылған. Қоңырдың үш түрлі жазу машинкасын пайдалануы оның бірнеше тілде жаза алатынының дәлеліндей еді. Кітаптары көп болса да, Қоңырдың есте сақтау қабілетінің ғажап болғаны соншалық, он алты мың кітабының қойылу реті мен қай кітап қай сөреде тұр, қай кітаптың бетінде не жазылғанын бәрін білетін. Кітап іздеген кезде ойша ойлап, оп-оңай тауып ала қоятынын көргендер таңырқап қарайтын еді. Бұл бір жүйеге түскен жұмыс дейтін еді ол сонда. Қоңыр өнерге де жаны құмар жан болды. Домбырадан бастап, қырғыздың қомузын, құмықтың сырнайын, башқұрттың қурайын, түріктің сазын шертіп бірнеше аспапта ойнап, мажар қыпшақ, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, түрік, қарашай, құмық т.б. түркі халықтарының халық әндерін айтқанды ұнатты. Кітап оқып не зерттеу жұмыстарын жазып бітіргенде, ол жан дүниесін музыкамен демалдырғандай, сол бір сазды әуендерден қуат алғандай бір жасап қалатын. Қоңыр түркі халықтарының дәстүрлі ән өнері мен сазды аспаптары жайлы мағлұматтарды да мажар тіліне аударып қана қоймай, олар туралы зерттеу еңбектерін де жазған еді. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романы, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» повесі мажар тіліне аударылғанда, бұл шығармалардағы жер-су атаулары мен ұғымдарға түсініктеме жазды. Бұдан байқағанымыз, Қоңыр қазақ тілі мен қырғыз тілін де өте терең меңгергені көрінеді. Олжас Сүлейменовтің «Азия» кітабы Қазақстанда цензураға түскен кезде, Қоңыр дереу бұл кітапты мажар тіліне аударып, жарыққа шығарып жіберді. Ол Олжастың поэзиясына ғашық еді. «Арғымақ», «Ақпандағы бағлан», «Бөлтіріктер» атты өлеңдерін жаттап алып, ерекше шабытпен оқыған көрінеді.
Қоңыр жасынан еңбекқор, бейнетқор болды. «Әлем әдебиеті» энциклопедиясына түркі жұртының жүздеген қаламгерінің шығармаларын аударып, олардың еңбектері туралы көптеген ғылыми-танымдық мақала жазып, мажар халқына таныстырып отыруды өзіне бір қасиетті борыш санады. Тіл үйренуде Қоңырдың өзіндік методикасы болған. Ол методикасы қарапайым ғана, егер бір елдің тілін үйренгің келсе, сол халықтың әні мен әуенін игеріп алар болсаң, тілді үйренуің оңай болады деген. Қоңыр аударма жұмыстарымен шұғылдану барысында, мәтінмен жұмыс жасағанда, аспаптар сазына да ден қойып, тыңдап отыруды ұмытпаған. Қоңырды дүниенің төрт бұрышынан: Америкадан, Жапониядан, Қытайдан, Мәскеуден, Моңғолиядан, Түркиядан, Қазақстаннан, Германиядан т.б. жерлерден Будапештке арнайы іздеп келетін түркітанушы ғалымдар, тарихшылар, жазушылар, аудармашылар, ізденуші аспиранттар, студенттер көп болған. Бәріне уақыт тауып, бәрінің бабын тауып күту де – Қоңыр мен Оңайшаның сүйікті бір ісіндей болып кеткен екен. Қонақжайлық та бұл шаңырақтың киелі ісіндей болған білгенге. Америкалық белгілі түркітанушы ғалым, Қоңырдың үміт күткен шәкірті Юлай Шамилоғлы өзінің студент кезін еске алып: «Қоңыр ағайға шәкірт болып жанында жүрдім. Айша апайдың керемет дәмді мантысын жейтін едік» деп сағынышпен еске алады.
«Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
Көзін сулап, қалып еді қамығып,
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп –
Қоңырқай ой маза берер емес түк.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа – күйбеңмен.
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге...»
Қоңыр Жұмекен ақынның бұл өлеңін ерекше тебіреніп оқыды. Жұмекен ақын жанымның дірілін қалай тап басып айтқан деп те ойлайтын. Қоңыр деген сөз о бастан қазақтың ұлттық мінезі мен рухына сіңіп кеткен төл сөзі еді. Қоңыр Мандокидің «Қазақ тілі – қыпшақ тілі, Қазақ менің бауырым» деген сөзінде үлкен ой жатыр. Қоңыр қазақтың рухани әлемінде өткен ғасырдың 70-жылдары құбылыс болды. Тарихтың қатал сынағы әсерінен, Еділ, Жайық бойынан ел ауып, Еуропада қоныс тепкен қыпшақ бабаларының тасқа жазған арманын жеті ғасырдан соң қайта жалғап, атажұртқа табан тіреп келуі, екі елдің арасына алтын көпір орнатуы Қоңыр Иштван Мандокидің тарихи ерлігі еді. Қоңыр қыпшақ фольклорынан «Қыпшақ гимнін» реконструкцияласа, шәкірті, музыкатанушы Кобзош Киш Тамаш гимннің музыкасын жазды. «Én vagyok a Kunsági fi» – «Мен – Қыпшақтың ұлымын» атты қыпшақтар гимні рухты бір ән болып шықты. Тыңдағанға жігер беретін. Күш беретін. Осылайша, қыпшақ рухы ән боп тарап, мыңдаған жүректе жалын отын тербетті. Жыр рух қуаты ғой қашанда. Түркілік алып империялар – Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай ордасы мемлекеттерінің заңды жалғасындай қазақ хандығы өз алдына отау тіккен орта ғасырлар шенінде-ақ Батыс Қазақстан аймағы ұлттық әдебиеттің алтын бесігіне айналғаны тарихтан аян. Асан Қайғы, Доспамбет, Жиембет, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет жыраулардың кіндік қаны осы топыраққа тамған. Тұяғының ізі қалған. Асан Қайғының жырларында Еділ, Жайық, Ойыл, Жем сияқты жер-су аттары кездессе, Қазтуған жырау:
«Алаң да алаң, алаң жұрт,
Қарғадай мынау
Қазтуған батыр туған жұрт.
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
Қайран да менің Еділім»
Қайран да менің Еділім» деп жырлайды. Қазтуған жырау жырлаған қайран Еділдің алып көмбе – кеудесінде халықтар тағдырының сан ғасырлық тарихы сақтаулы. Орта ғасырларда, тіпті, одан да бұрын өмір сүрген түркілердің өр бейнесі қандай еді? Түркілердің жарты дүниені билеп, өркениеттің алдында тұрған шағы. Қоңыр өзін мажар да емес, қыпшақ та емес, қазақ та емес, түркі болып сезінгені анық. «Қоңыр Мандоки бейне бір сол түркілер заманының ХХ ғасырға жіберген елшісі» сияқты деген сөзді оның замандастары да айтқан екен кезінде. Сондықтан оны бүкіл түркітектес халықтардың бәрі де – түрік, қазақ, құмық, қарашай, ноғай, саха, чуваш, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, авар да аға тұтты, іні көрді, бауыр санады, туысқанындай сағынып күтті, жолына кілем төседі, басына жастық жастады, астына ат берді. Қоңыр кейде жас баладай арманшыл еді. Кейде данагөй қарттай тым тәубашыл еді.
Қоңырдың арманы XIII ғасырда тағдыр тәлкегімен «ел ауып» Дунай бойына қоныстанған қыпшақтардың тарихы жайлы баяндайтын бір алып палуан кітап жазу еді. Сол заманда да ел ішінде алауыздық көп болса да, түркілер ауызбірлігі арқасында күш-қуаты тасып, Еуропада мерейі үстем болғанын айғақтайтын деректер де тапты. «Архивтік материалдардың төрттен үшін жинап болдым. Солтүстік Қап тауындағы (Кавказ) қыпшақтілді ағайындар: дағыстан, құмық, қарашай, ноғай, балқарларды аралап, көп деректер жинадым. Енді Алматыға көшіп барып, бақшасы бар үлкен үй сатып аламын. Сол араға алты қанат киіз үй тіктіріп, тапжылмай отырып бірнеше том болатын қыпшақтар тарихынан сыр шертетін палуан кітабымды жазып шығып, қазақ-қыпшақтардың шаң басқан, көмескі тартқан тарихын қайта тірілтіп, сол халықтың өзіне тарту етсем», – деп армандады. Болашаққа құрған жарқын жоспарларынан Қоңырдың қазақ елі – атажұртына, түркі әлеміне деген үлкен құрметі мен түркілік танымының биіктігін көреміз. Әдебиет пен өнер ел мен елді жақындастырады. Қазақ әдебиеті мен мажар әдебиеті арасындағы байланыстың орнауына да Қоңыр Иштван Мандоки көп еңбек сіңірді. Будапешттен жетпісінші жылдары мажар тілінде қазақ ақындарының «Дала қырандары» атты антологиясының жарыққа шығуына себепші болған Қоңыр еді. Бұл антологияға Абайдан бастап Олжас Сүлейменовке дейінгі ақындардың жырлары енді. Қазақ ертегілері мен қазақ әңгімелерінің мазмұнды жинақтарының мажар тілінде жарық көруі де Қоңырдың маңдай тері, еңбегі еді. Мажар халқын қазақ ауыз әдебиеті үлгілерімен, Абай, Махамбет, Жамбыл,
І.Жансүгіров, Н.Байғанин, Ы.Алтынсарин шығармаларымен таныстырып, ғылыми-танымдық мақалалар жазып, мажар баспасөзінде жариялады. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы мен «Бәйгелі сәйгүлік» атпен қазақтың танымал жазушыларының әңгімелер жинағын мажар тіліне аударып, аударма саласында да сан салалы қызмет етті. Әлемге танымал болған түркітанушы Қоңыр Иштван Мандоки неліктен Қоңыр деген есімді таңдады деген сұрақ туады. Қыпшақтардың Тоқсоба руының Құлан ата әулетінен шыққан Қоңыр деген кісі батырлығымен аты шыққан адам екен. Тоқсаба – он екі ата Байұлы, Байбақты ру бірлестігінен шыққан ру. Ел аузында Тоқсобалардың атақонысы қазіргі Орал облысы, Жымпиты ауданы деген деректер бар. Қоңыр Иштван Мандокидің өзі сол Тоқсобадан шыққан Қоңыр батырдың ұрпағы боламын деп жазған. Иштван Мандоки Тоқсоба деп те жазған өзінің ертеректегі жазбаларына. Ол өзінің азан шақырып қойған Иштван деген атына Қоңыр бабасының атын екінші есімі қылып паспортына жаздыртып алып, қазақ табиғатына жақындығын бір танытты. Қоңыр осылайша ата-бабасының тамырымен табысқандай болды.
Еліміз тәуелсіздігін алған тұста, Қоңыр қазақ қоғамындағы мәдени істерге белсене араласып, Қазақстанға жиі келіп тұрды. Қазіргі «Қазақ тілі» қоғамы дәл осындай атауға ие болуына тікелей Қоңырдың ұсынысы себепкер болғанын бүгінде екінің бірі біле бермес. «Қазақ тілі» қоғамын құру мәжілісінде қоғамның атын қалай атаймыз деген сұрақ көтерілгенде, елдің біразы «Ана тілі» қоғамы болсын дейді. Сонда Қоңыр былай деп батыл пікірін айтқан екен: «Ана тілі деген – жалпы түсінік, ал қазақ тілі деген – жалқы түсінік, ана тілі көп, әр халықтың өз тілі – ана тілі. Ал қазақ тілі әлемде жалғыз. Сондықтан қоғамды «Қазақ тілі» – деп атаған дұрыс». Осылайша, «Қазақ тілі» қоғамы болып аталып кеткен екен.
Мажарстан үкіметі оған жоғары мемлекеттік мансап та ұсынды, Елші қызметіне де шақырды. Қоңырды мемлекеттік қызмет, дипломатиялық маңсап қызықтырмады. Ол жан тәнімен сүйген ғылымға адал болды. «Менің жалғыз ғана жарым бар, ол – ғылым» деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, ол өзі сүйген ғылым әлемінен шыққысы келмеді. Сондықтан жаныма жақын қызмет деп Қоңыр Иштван Мандоки 1991 жылы Мажарстан Сыртқы істер министрлігінде кеңесші болып қызмет атқарды. Осы қызметінде Қоңыр Мажарстан Республикасы Мәдениет және оқу министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу министрлігі арасындағы қарым-қатынасты дамыту мақсатында 1991-1994 жылдарға арналған бірлесіп білім беру, ағарту ісі, ғылым саласына назар аудару қажеттігіне ерекше мән беріп, қазақ және мажар тілдерінде екіжақты келісімшарттардың нұсқасын жасап, екі ел өзара бірлесіп жұмыс істеуге арналған жобаларды дайындап ұсынды. Бұл ұсыныстары қолдау тауып, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы алғашқы мемлекетаралық келісімшарттардың арқасында сол жылы екі елдің арасында студенттерді алмастырып оқыту, білім, ғылым салалары бойынша көптеген жоспары іске асып, қолға алына бастады. Бүгін де бұл игілікті жобалар екі ел тарапынан қолдау тауып жалғасып келеді.
Маржан ЕРШУ