Алматы облысында мектеп автобусы апатқа ұшырады

Жол апатынан зардап шеккендер жоқ.

Алматы облысында мектеп автобусы апатқа ұшырады
Ашық дереккөз
1476

Алматы облысында балалар мінген мектеп автобусы жол-көлік апатына түсті. Кейін жүргізушінің ішімдік ішкені анықталды, деп хабарлады turkystan.kz inform.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Алматы облысының Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 5 ақпан күні сағат 20:10 шамасында жүргізуші Г. салонында балалары бар мектеп автобусын мас күйінде басқарған. Кейін рульге ие бола алмай Кемертоған ауылында электр бетон бағанасына соғылған.

Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, көлікке механикалық зақым келген. Сондай-ақ электр бетон бағанасының иесіне материалдық залал келтірілген.

«6 ақпан күні Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлігі (көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) бойынша құқық бұзушы Г-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды», - деп хабарлады Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарымен, сотталушының айғағымен және басқа да объективті дәлелдемелермен толық дәлелденіп, расталды.

«Құқық бұзушы Г. ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп атап өтті соттан.

Серіктес жаңалықтары