Ұлт қызметіндегі ұл
Әдетте, жастар жағының үлесі басымдығына ішің жылиды. Сондай жастың бірі – Болатбек Төлепбергенмен екі мыңыншы жылдары таныстым.
Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, Шалқар радиосының директоры Болатбек Төлепберген інімді, әріптесімді жұртшылық қаламгер, журналист ретінде таныса, мен оның жалпақ жұрт біле бермейтін басқа қыры – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі белсенді қызметіне шолу жасағанды жөн көрдім.
Қоғамдық жұмысқа әркім әртүрлі жолмен барады. Елге, ұлтқа шынайы жанашырлық тұрғысынан келсе дейсің. Әдетте, жастар жағының үлесі басымдығына ішің жылиды. Сондай жастың бірі – Болатбек Төлепбергенмен екі мыңыншы жылдары таныстым. Сөзге сараң, іске ширақ, ұлтжанды жігіттің берік ұстанымы ұнады. 2006 жылы Алматыдағы әйгілі Шаңырақ оқиғасына орай «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетін құрып, мүшелікке ынталы Болатбекті де тарттым. Ойы ұшқыр, жазуға төселіп қалған ол тапсырманы жеделдетіп орындап, істі ілгерілетуде көп көмегін тигізді.
Сол уақыттан бері «Ұлт тағдыры» қозғалысы мен Болатбек құрған қоғамдық ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеміз. Қоғамдық ұйымдарымыздың бірге қолға алып атқарған істері жетерлік. Соның бірін ғана айтсақ, 2009 жылы «Ұлтым деп соққан жүректер» атты анықтамалықты жарыққа шығардық. Бұл жобаны көк тиынсыз-ақ, жалғыз өзі жүзеге асырып шықты. Азаматтарымыздың ұлты үшін жасаған қасиетті жұмыстарын тарихта қалдыру – міндетіміз. Әрине, Халифа Алтай ақсақалдан бастап, жүзден астам елдік істе ерінбей, тайсалмай ірілік мінез танытып, еңбек еткен жандардың жастарға үлгі болар өмірбаяндарын тауып, жазып шығу оңай жұмыс болмады. Оның үстіне әрбірінің «Үлгі тұтатын тұлғалары» мен «Жастарға айтар тілегі» деген ерекше жолдарды, әсіресе өмірден өткендерінікін табу үлкен ізденісті талап етті. Осындай қажырлы жұмыстың нәтижесінде жарық көрген «Ұлтым деп соққан жүректер» атты анықтама түріндегі кітапшаны дайындауға үлкен еңбек сіңірген Болатбек Төлепбергенге, ол басқарған ұйымға деген үлкен алғысымды кезінде кітапшаның алғы сөзінде айтқанмын.
Болатбек қоғамдық жұмыстың ұңғыл-шұңғылын осылайша қоян-қолтық араласа жүріп үйренді. Сол кездері қазақтілді үкіметтік емес ұйымдар белсенділігі өте төмен еді. Оның бір себебі түрлі гранттық ұйымдарға сауатты жоба жазу жағынан қазақтілді үкіметтік емес ұйымдарымыз шорқақ болатын. Жобаны бір жазады, екі жазады, өтінімі өтпеген соң, тауы шағылып, жоба жазуды мүлдем тоқтатады. Ақыры, бұл жағдай қазақтілді үкіметтік емес ұйым белсенділігінің төмендеуі мен жұмысының мүлдем тоқтап қалуына алып келеді. Бұл гранттық жобаларды жазудың теориясы мен практикалық жолдарын Болатбекке үйретіп, ұйымының жұмысын жандандыруына септескенім бар. Осы кезде «Қоғамда қандай ұлттық мәселелер маңызды? Қазаққа қатысты қандай тақырыптар көтерілмей жатыр?» – деген жайттарды талқыға салып, «Жалпы, қай бағытта жұмыс жасаған дұрыс?» – деген сауалға бірге жауап іздеп, үнемі ой-пікір алмасатынбыз.
«Болар бала басынан» демекші, кейіннен білсем, Болатбек Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылының Ленин атындағы қазақ орта мектебінде оқып жүрген кезінен өзіне тапсырылған қоғамдық жұмысты адал және тиянақты орындауымен өз ортасынан ерекшеленген екен. Мектепте комсомол комитетінің хатшысы ретінде қоғамдық жұмыс атқарған. Белсенділік демекші, бірде «Лениншіл жас» газетіне жарияланған журналист Бауыржан Омарұлының «Біздің Ғани» атты Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев туралы мақаласын оқып, оның Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы бейітінің мекенжайын жазып алады. Себебі осы кезде үздік оқушылармен бірге Мәскеу қаласына саяхаттауы барысында Болатбек ұстаздар мен шәкірттерді ертіп, Ваганьков зиратындағы Ғани Мұратбаевтың бейітін тазартып, гүл шоқтарын қояды. Сонау Мәскеуге саяхаттап барып тұрып, сапар жоспарына сәл өзгеріс енгізіп, қазақ тарихындағы белгілі тұлғаның зиратына тәу ету білгенге саналылық, сауапты іс. Бұл бар-жоғы сегізінші сынып оқушысының ісі. Иә, азаматтық ұстаным, тарихқа тағзым жасқа қарамайды.
Мектепті күміс медальға бітіріп, сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түседі. Университеттің қоғамдық өмірінен тыс қалмайды. Алғаш курстас досы, қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлымен бірге екі мыңыншы жылдары «Журналист және баспагер жастар қозғалысы» қоғамдық бірлестігін құрады. Кейіннен ұйым төрағасы болып, журналист және баспагер жастарды қатарға тартады. Журналистика – үнемі ізденіс үстінде жүретін мамандық. Егер өнер деп қарасақ, соның ең ұшқыр санатында тұратындығы даусыз. Оған мына қым-қуыт уақытта және көзіміз жете түсті. Дейтұрғанмен, сол кездері қазақтілді журналистер турасында сыңаржақ пікірлер тарап жатты. Шын мәнінде, мәселе басқаша екенін ұйым құрып, заңды түрде жауап беруге тырысты. Басты мақсат – ана тіліміздің мәселесі, ұлттық ұйысу, журналистердің бірлігі.
Осы кезде Болатбек бізбен қоян-қолтық араласа бастаған. Адамның дүниетанымы қоғаммен біте-қайнаса жүріп қалыптасады. Тар шеңберден шығып, ұйымының атын да ұлттық тұрғыда қою қажеттігін түсінді. Содан кейін ауқымды кеңейтіп, мәселеге дендеп кірісуді көздеді. Тәуелсіздігімізді алған тоқсаныншы жылдары Алматы қаласында «Азат», «Азамат», «Невада-Семей», «Қазақ тілі», «Алаш» және «Желтоқсан» сынды т.б. ұлттық бағыттағы ұйымдар төбе көрсетіп, батыл әрекеттерімен есте қалды. Одан кейінгі жылдары қоғамда әлгі «Қазақтілді журналистиканың сапасы төмендеген секілді, қазақтілді үкіметтік емес ұйымдар белсенді емес, үндері шықпайды» деген сын жиі айтылып жүрді. Осы тұста Болатбек «Жерұйық» қоғамдық бірлестігін құрып, белсенді жұмыс істей бастады. Әрі «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер одағының ұйымдастырушы және құрылтайшысы болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы сынды құзырлы органдарға сол кездегі қоғам үшін ұлттық бағыттағы әлеуметтік маңызды жобаларды ұсынды. Атап айтқанда, Алашқа қатысты, Желтоқсан тағылымы туралы, ана тіліміздің жайы, дәстүрлі музыкамыз турасында және руханият жайлы т.б. толғақты мәселелерді кең көлемде көтеріп, қоғамдық пікір туғызатын шаралар ұйымдастыру қажеттігін айтып, биліктің назарына салып отырды.
Нәтижесінде, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен алғашқы шаралар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жиырма жылдығына арналды. «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы және бірлестік ұжымының мұрындық болуымен тарихи тақырыпқа бірнеше кітап жарық көрді. 2006 жылғы Болатбек Төлепбергеннің өз авторлығымен «Біз білмейтін желтоқсан» кітабы мен «Желтоқсан-86» он томдық естеліктер, құжаттар, мақалалар» жинағы үлкен шараларға қозғау болды. 2007 жылы өзінің құрастыруымен «1937-2007: Тауқымет пен тағзым» тарихи жинағы шықты. Төл тарихымыздағы қаралы беттердің бірі – тоталитаризм тұсындағы қуғын-сүргіннің 70-жылдығына арнап, 2007 жылы 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ғалымдар, қоғам қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысуымен аталған кітап таныстырылып, талқыланды.
Ал 2008 жылы «Алаш» партиясының құрылуы мен Алашорда үкіметінің 90 жылдығына арнап, Алматы қаласы «Жастар саясатын қолдау мемлекеттік» қорының қолдауымен өзінің авторлығымен «Мәңгі жас – Алаш идеясы» ғылыми-публицистикалық зерттеулер кітабын жариялады. Міне, осы тақырып «Алаш» қозғалысына 90 жыл: Ұлт-азаттық күресіндегі жастардың орны» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланып, аталған кітаптың таныстырылымы болды. Жалпы, Болатбектің бір ерекшелігі, белгілі бір тақырыпқа тек құрғақ басқосу өткізіп қоймай, оған негіз болатын жаңалығы бар дүниені жарыққа шығара отырып, соның негізінде мәселені республикалық шара деңгейіне көтеріп жіберетіні өте ұтымды әдіс екенін айтуым керек.
Соның бір көрінісі 2008 жылы Қазақстандағы қандас ағайындар туралы түсірген «Сүйікті менің отаным» атты деректі фильмі арқылы қазақ ұлты үшін өзекті тарихи-тағдырлы мәселені көркем туынды тілімен жеткізе білді. Қоғамдық ұйымдар көтеріп, жеріне жеткізе алмай жүрген мәселені республикалық телеарналардан бірнеше рет көрсетіп жіберді. Жалпы, ол өзінің әріптестерімен білікті әрі кәсіпқой екендіктерін осылайша кезекті рет дәлелдеді. Себебі қандастар мәселесімен ол кезде барлық ұлттық бағыттағы қоғамдық ұйымдар айналысып, көбіне дөңгелек үстел, конференция, семинар-тренинг сынды шаралар деңгейінен аса алмайтын. Бір қызығы, шетелдерден келген қандастарымыз құқылары бұзылып жатса, бірден «Ұлт тағдыры» қозғалысына хабарласатын. Сондай кездері Болатбек бар, жиналып қысым көрсетіп жатқан жерге қаумаласып бара қаламыз. Жан-жақтан әлгілердің ісі дұрыс емес екенін дәлелдеп, тап бергенде шегініс жасайтын, мәселе амалсыздан оң шешімін табатын. Көп қорқытады, терең батырадының кері.
Бұдан кейінгі кезде де Болатбек ұйымының басым бағыты бойынша тарихи-ағартушылық, мәдени-рухани тұрғысында бірқатар ұлтымызға қажетті жұмыстарды атқарды. Дәстүрлі музыкамыз сол кездері қағажу қалып бара жатқанын байқаған ол біраз уақытын осы мәселеге арнады. Халықаралық деңгейде дәстүрлі орындаушылардың басын қосып, Дәстүрлі орындаушылардың халықаралық тұңғыш құрылтайын өткізіп, нәтижесінде қоғамдық ұйымдарын құрды. Яғни, дәстүрлі музыкалық мұраларымыздың қорғалуына жеткілікті деңгейде атсалысты. Сондай-ақ қоғам назарынан тыс қалған «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығын насихаттау» туралы бастама көтеріп, айтулы датаның республикалық деңгейде аталып өтуіне мұрындық болды. Нағыз тарихи-мәдени мұрамыздың рухани айналымымызға қосылуына ықпал етті. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен бірге өткізген «Мәдени мұра бағдарламасының тиімділігі және «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып, «Қыз Жібек» жырының музыкалық-танымдық радио-спектаклін тыңдарман назарына ұсынды. «Мемлекеттік «Мәдени мұра» және «Алматы қаласының мәдени мұрасы» аймақтық бағдарламаларының жүзеге асуына да өз үлесін қосып, «Мәдениет саласын дамыту бойынша мәдени саясаттың тұжырымдамасын» талқылау барысындағы шаралардың басы-қасында жүрді.
Жалпы, Болатбек басқарған ұйым Алматы қаласындағы республикалық деңгейде белсенді түрде ұлттық бағытта үздіксіз жұмыс жасап келген бірден-бір қоғамдық бірлестік. Бастамалары, идеялары мен жобалары қызғылықты әрі қоғам үшін қажетті дүниелер. Көтерген мәселелерінің өзектілігі мен өткірлігін әріптестері мен көзі қарақты қауым жақсы біледі. Әлеуметтік тапсырыстардан бөлек, өз бастамасымен бірқатар шараларды да атқарды. Аталған қоғамдық бірлестік өткізетін тарихи-мәдени көпшілік шараларға қатысушылар мен көрермендер тарапынан ыстық ықылас туғызып, қызу қолдау тауып келе жатқанын жақсы білеміз.
1986 жылғы желтоқсан көтерілісін зерттеу жұмыстарымен айналысып, құжаттардан, естеліктерден, мақалалардан тұратын тарихи танымдық жинақтар дайындап, құрастырып, жарыққа шығарды. Кітаптың оқырман қауымның, әсіресе қызығушылық танытқан жастардың арасында насихаттау жұмыстарын жүргізді. Тақырыпқа сай ең бір сәтті жоба – 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін насихаттауға арналған шаралар. Бұл жерде де Болатбектің тапқырлығы мен ізденгіштігі көрініс береді. Айталық, CD альбом-жинағын жарыққа шығаруды тұңғыш рет жүзеге асырды. Үш дискіден тұратын жинақтың бірінші дискісіне алаңда шырқалған әндер мен желтоқсанды жырлаған әндер мен күйлер, екінші дискіге көркем және деректі фильмдер, үшінші дискіге тақырыпқа сай кітаптар, көркем шығармалар мен фото мәліметтер топтастырылды. Ал алаңда шырқалған әндер мен желтоқсанды жырлаған әндер мен күйлерге арналған алғашқы кең көлемдегі «Алатау дәстүрлі театрындағы» концерт те тұңғыш рет Болатбектің ұйымдастыруымен өтіп, кейін жылда өтетін дәстүрге айналды. Азаттық, отаншылдық, ұлтты сүю секілді киелі ұғымдардың сүбелі жалғасы іспетті бұл жобалар қазақ халқының, азаттықсүйгіш барша адамзат баласының еркіндікке ұмтылған аңсарына деген ескерткіш секілді. 1986 жылғы желтоқсанда бұлқынған жастардың жүрек қағысы, сонау азатшыл ұлық бастаманың жалғастырушысы, жанашыр жылнамашысы іспетті. Әсіресе, бүгінгі жас ұрпақпен қатар, желтоқсан көтерілісін жүрегінен өткізген қайсар ұл-қыздарымыз үшін бұл жобалар өте құнды дүние. Кісіні ойға жетелейді, намысыңды оятады, жігеріңді жаниды. Бастысы – халқымыздың сүйегінде бар дегдарлық пен батырлықтың қандай қиын күнде де өз биігінен түспейтінінің көрінісі іспетті.
Азаматтық қоғамды дамыту бойынша да Болатбек жемісті еңбек етіп, сапалы жобаларымен тәуелсіздікке толымды үлес қосып келе жатыр. Айталық, тоқсаныншы жылдардан кейін жазылған қазақ композиторларының «Тәуелсіздік толғаулары» атты отаншылдық рухтағы әндері топтастырылған жинақ пен «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» атты деректі фильмінің де жөні бөлек. Бүгінгі рухани айналым үшін аса қажет мұндай жобаларға тек жас ұрпаққа берер тағылымы турасында мән беретін Болатбек анықтаған мынадай толғақты жайттар да бар. Бүгінге дейін белгісіз болып келген күйшілер мен әншілердің шығармаларын тауып, өңдеп, халыққа жеткізу кезек күттірмейтін мәселе. Әр өңірдегі әншілік және күйшілік мектептің көзі тірі жалғастырушыларын іздеп тауып, шығармасын жаздырып, таратып, мұрағатқа өткізу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Алайда дискіде, флеш-картада жазылған дүниелер көп уақытқа шыдамайды. Сондықтан оны озық технологиямен жазып тарату мен мұрағатқа өткізу сынды, жалпы дәстүрлі музыканың бүгінгі мәселесін шешуге мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама қажет.
Болатбектің жетекшілігіндегі ұйымның осындай қыруар еңбегін ескере отырып, 2017 жылы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау» номинациясы бойынша ҮЕҰ арналған сыйлыққа әбден лайықты кәсіби ұйым ретінде комиссия мүшесі ретінде қолдадым. Еңбектің ескерілгені, өз бағасын уақытында алғаны жақсы.
Бұл мақаламда Болатбек Төлепбергеннің қаламгерлігінен гөрі, қоғамдық белсенділігіне тоқталдым. Мәселені қоғам талқысына ғана салып қоймай, өзінің авторлығымен аталған тақырыптарда бірнеше кітаптарды да жарыққа шығарды. Ол барлық туындыларында ұлттық құндылықтар мен қазақ мәселесіне қалам тербеп келеді. Ағарту бағытында республикалық басылымдарда мақалалар жазып, ұлттық бағытта насихат жұмыстарын жүргізуде. Айналысқан тақырыптары ауқымды: 1932 жылдардағы аштық нәубетін, 1937 жылдардағы саяси репрессия зобалаңын, Алаш қозғалысының тағылымын, 1986 жылғы ызғарлы желтоқсан көтерілісінің тарихын және қазіргі уақыттағы ұлттық мәселелер мен ұлттық құндылықтар жайын бүгінгі ұрпақ білуге тиіс, сабақ алуға міндетті hәм тағзым етуі парыз. Мұндағы автордың ұстанымы бүгінгі тәуелсіздік жағдайындағы ұлттық идея – қазақтың бірігу идеясы. Осы мәселелерді айтып, жазып қана қоймай, оны ғылыми тұрғыда негіздеп, рухани айналымға енгізу мақсатында Ұлттық ғылым академиясы Философия және саясаттану институтында «Қазақстандағы ұлттық идеяның рухани-адамгершілік негіздері» атты кандидаттық диссертациясын да қорғады. Бұл ғылыми жұмысының лейтмотиві де сол – бүгінгі қазақ халқының бірлігі мәселесі. Елінің ертеңіне, бірлігіне елеңдеген Болатбек Төлепберген інім де елудің есігін еңсесі биік қалпында қағыпты. Осындай ізгілікті істерімен ерекшеленген ұлт қызметіндегі ұлға халқына қалаулы еңбегімен елене берсін деген тілек қосамын!
Дос Көшім,
«Ұлт тағдыры»
қозғалысының төрағасы,
саясаткер