Қалтайдың қалжыңдары

Túrkistan га­зе­тінің 30 жылдық мерекесіне орай осы ба­сы­лым­ның негізін салған Қалтай Мұ­ха­мед­жановтың бірнеше қалжыңдарын ұсынып отырмыз.

Қалтайдың қалжыңдары
сурет: Шүкір Шахай

Қаламгерлігінен басқа, Қалтай аға қалың қа­заққа өткір әзілдерімен, астарлы қалжың­дарымен де кең танылған. Қатарлас-қалам­дас­­тарының айтуынша, Қалағаңның қал­жың­дары табанда айтылып, қалың жұртқа тез тарайды екен. Оның хатқа түскен бір­ша­масы екі рет басылған «Қалтайдың қал­жың­дары» деген кітапқа енген. Біз Túrkistan га­зе­тінің 30 жылдық мерекесіне орай осы ба­сы­лым­ның негізін салған Қалтай Мұ­ха­мед­жановтың бірнеше қалжыңдарын ұсынып отырмыз.

Бір аяқпен басқару

90-жылдың бас кезі. Қалтай Мұхамед­жа­нов «Заман-Қазақстан» газеті мен «Ара» жур­­­­налына тел редактор болып жүрген кезі екен. Сол тұста Қалағаң аяғы ауырып, бір ая­ғын ақсаңдай басып жүргенде бір құрдасы: «Ай, Қалтай, бірі – ауру, бірі – сау андағы аяқ­пен екі ұжымды басқару қиын ғой, газет­тің не журналдың біреуін бізге берсеңші» депті қағытып.
Сонда Қалаға: «Иектерің қышымасын! Екі аяғы жоқ Рузвельт Американы 12 жыл билегенде, мен бір аяқпен тулақтай бір газет пен тоқымдай бір журналды басқара алмайды дейсің бе?» деп дес бермепті.

Болар-болмас редактор

«Жаңа фильм» журналына редактор боп тұр­ғанда қатарластары Қалтайдан: «Қалеке, қай­да жұмыс істейсің?» деп сұрапты. Олар­дың көкейін танып, қызметін қомсынып тұр­ғанын сезген Қалағаң да ойланып жат­пай: «Е-е, толар-толмас журналдың болар-бол­мас редакторымын» деген көрінеді.

Медосмотрмен алынған

Халықаралық әйел-қыздар күніне ар­нал­ған отырысы үстінде Шерхан Мұртаза:
− Пай-пай, Қалаға! Газетіңіздің қыз­да­рын кон­курспен таңдап алғанбысыз? Бірі­нен бірі өт­кен сұлу ғой, − депті Túrkistan газетінің бас редакторы Қал­тай Мұхамеджановқа әзіл­деп.
Қалағаң да оны іліп әкетіп:
− Шәке, қыздардың бәрі медос­мотр­дан өткен. Әттең, медосмотр­сыз алған біздің кем­пір сыр беріп жүр, науқастана береді, − деп­ті.

Арттың құнын білу

Шалбай Құлмаханов Алматы қала­сы­ның әкімі болып тұр­ған кезі екен. Қалтай Мұхамеджанов ал­дында бір рет оның қабылдауында бо­лып, Túrkistan  га­зе­тіне қаржы сұрап алған екен. Кейін газетке та­ғы ақша керек болғанда Шал­байға тағы барыпты. Бірақ оның каби­нетіне бетін есікке қаратып, артымен кіріпті. Әкім орнынан атып тұрып:
– Сіз кімсіз? – десе, Қалағаң:
− Мен Қалтаймын. Әнеукүні алдыммен кі­ріп Túrkistan-ға көп қаржы алғанмын, енді ар­тымның құнын білгім келеді. Артыма не кө­мегіңіз бар, – деген екен, сасып қалған Құл­­­­маханов:
– Сізге қанша қаржы керек еді... Сізге қан­­ша қаржы керек еді, – дей беріпті сасқа­ны­нан.

Сен туған роддомға 
ұқсамайды

Қазақстан Орталық партия комитетінде бір бөлімінің бастығы Қалтай Мұхамеджа­нов­­пен әңгімелесіп отырғанында, Қалағаң ба­тылдау сөйлеп жіберсе керек, әлгі жігіт қа­лам­гердің астарлы қалжыңын жақтармай шам­данып:
– Қалеке, шаңыраққа қараңыз! – десе, Қа­лағаң мойнын ол жаққа бұрып, бұл жаққа бір бұрып қарап, сосын төбеге бір қарап:
− Шырағым, бұл шаңырақ сен туған род­домға ұқсамайды, – депті.

Аңшының иті сияқты

Қалтай бірде Қазақстан Орталық коми­те­тінің хатшысы Меңдібаевтың қабылдауын­да болыпты. Оны естіген тұстастары:
− Қалеке, Меңдібаевта болыпсыз. Екінші хат­шымен орысша сөйлестіңіз бе, әлде қа­зақ­ша сөйлестіңіз бе? − деп сұрапты.
– Орысшаға ағып тұр екен сабазың. Бір­ақ менің қазақшамды түсінді.
– Қазақша білмей ме сонда?
– Білмейді, бірақ аңшының иті секілді әккі неме түсінеді екен, – депті Қалтай.

Жақын туысым – Симашко!

1983 жылы Дінмұхамед Қонаев Қалтай­ды кабинетіне шақырыпты. Ертесіне секре­та­­­риатта Қалағаңның мәселесін қарамақшы екен. Себебі «Жақын туыстарын қызметке кө­бі­рек алады. Өйтеді, бүйтеді» дегендей арыз­дар түскен үстінен.
Димекең екеуі біраз әңгімелесіп,  әңгіме ая­ғы әлгі арызға ауысқан тұста: 
– Осы Қалтай, сен қай жүзге жатасың? –депті. 
– Димеке, менің оңбай жүргенім сол, еш­бір жүзге жатпайтыным. 
– Сонда сен кімсің?
– Қожамын.
– Осындағы ең жақын туысың кім?
– Морис Симашко.
– Қалай?
– Жақындығым: Ыбырай пайғамбардың Сара деген қатынынан Симашконың ата­лары, Ажар дейтін қатынынан арабтар – біз­дің ата- бабаларымыз туған, – депті Қа­ла­ғаң өзі­нің рушылдыққа жоқ екенін әзілдей оты­рып жеткізіп.

Қатындардың арқасында қызметті болу

1984 жыл. Қалтай Мұхамеджанов Жазу­шы­лар одағының II хатшылығы қызметінен ке­тейін деп жатқан кезінде оны Дінмұхамед Қо­наев қабылдауына шақырып:
– Қалтай, Олжас екеуіңнің басың піспей жүр дейді ғой, сені басқа қызметке кояйын. Анау, кинокомитеттің бастығы Ләйлә Ға­лым­жановаға орынбасар болып барсаң қай­теді? – депті.
– Ой, Димеке, мен қалай екі қатынға бір­­дей орынбасар болам? – депті Қалағаң шо­шып кеткен сыңай танытып.
Димекең күліпті:
– Екі әйелге бірдей орынбасар болаты­ның қалай?
Сонда:
– Енді, Димеке-ау, үйге барған кезде ке­лініңізге орынбасар, жұмысқа келгенде Ләй­ләға орынбасар болғанда менің нем қа­лады? – деген Қалтайға Димекең сол жыми­ған қалпы:
– Онда ертең хабарласшы, – депті де, ер­тесіне Қалтайды Қазақстан Кинема­тог­ра­фис­тер одағына төраға етіп жіберіпті.

Қазақ Құдайға қарсы ма?

Қайбір жылы руы қожа Исатай Әбдікәрі­мов деген кісі Қызылорда облысына Обком хат­шысы болып сайланыпты. Жазушылар ода­ғынан шығып келе жатып Қалтайға жо­лы­ғып қалған ақын Қайнекей Жар­ма­ғам­бе­тов: «Әй, қожа, анау, сенің ағаң ба, немене? Қо­­­жалар да Обкомға хатшы болады екен-ау! – депті не дер екен дегендей. Сонда Қалтай: «Құдай қо­жа­ларға пайғамбарлығын қиғанда, қазақ хат­шылығын қимай ма? – депті әзілдеп.

Қолыңды жудың арақпен

90-жылдар... Қалтай досы Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің бір інісінің баласы үйленіп, со­ның тойына барыпты. Әбекең балық жеп бо­лып, балықтың иісі тезірек кетсін деген болуы керек, бір кезде қолын арақпен жуа бас­тапты. 
Ә.Нұрпейісов Аралда туған, алып отыр­ған келіндері Жетісудың қызы. Осының бә­рін қас-қағымда ойынан өткізген Қалтай, до­сын:
Аралда, анау, жүргенде 
Күн көруші едің шабақпен,
Үйсінге құда болған соң 
Қолыңды жудың арақпен, – деп өлеңмен қағытыпты.
Аласың-ау қалайда!
Тахауи Ахтанов Ленин атындағы сый­лық­қа ұсынылып ала алмапты. Оған бола Тахауидың тауы шағылмайды, әрине. Де­генмен Қазақстанның Абай атындағы сый­лығына ұсынылғанда аздап қобалжыпты. Қа­лай дегенмен алдында бәйгеге түсіп, аты оз­бай қалғаны бар. Көңілі күпті Тахаң:  «Ей, қо­жа! – депті Қалтай досына. – Әулиенің тұ­қымысың ғой, айтсаңшы. Енді биыл қалай болар екен?!» 
Досының ойындағысын айтқызбай се­зіп, таудай талабына бармақтай бақ сүйеген Қал­тай табанда:
Ұсындық сені Ленинге, 
Ұсындық сені Абайға. 
Боқ жеп жүрсін түсімде, 
Аласың-ау қалайда! – депті.
Бұйырыс па, достың шын тілегі ме, әй­теуір со жылы Т.Ахтанов Абай сыйлығының лау­реаты болыпты. 

«Горючийім» өзімде!

Желтоқсан айында, қазақтың бір топ қа­ламгері Шыңғыс Айтматовтың туған күнін атап өтуге Тахауи Ахтанов, Шер­хан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұловпен бірге Қал­тай Мұхамеджанов та жолға шығады. Қы­р­ғыз жаққа өткеннен кейін бір жерге тоқ­тағанда біреуі қолындағы бөтелкенің ау­зын ашып, «Қане, бір-бір рюмкадан тартып жі­берейік» деп кесеге құйып, алдымен Қал­тайға ұсыныпты. Мұздай екен, сонда да тар­­­тып жіберген Қалағаң ұрттағаны тама­ғы­нан өтіп кеткенде барып бензин екенін бір-ақ біліпті. Басқалары Қалағаңның түрі­нің өзгеріп кеткенін көріп, иіскеп, мұрнын тыржитыпты да ішпепті. Мүмкін бензин еке­нін сезді, не әдейі істеді. Қалтай әрірек ба­рып, жүрегін басайын деп аппақ қарды асап-асап жіберіп тұрып қалыпты. Сонда біреуі: «Машина бағанадан от алып тұр, май тау­сылып қалмай тұрып жүрейік те, Қалаға» десе, Қалағаң: «Маған алаңдамай жүре берің­дер. Менің өз «горючийім» өзімде» деген екен.

«Эротика» деп жүрер

Бірде Қалағаң бір топ ақын-жазушылар­мен ел арасына шығады. Көп отырыстан шар­­­шаған Қалағаң бір ауылдан қармақ таптырып алып, өзеннен балық аулауға кетіп қалыпты. Сәлден кейін өзен жағасына Әбекең − Әбдіжәміл Нұрпейісов те келіп жетеді. Келе сала:
− Әй, ұстаған бір шабағың жоқ қой. Ба­ға­надан бері не істегенсің? − деп қал­жың­дай тиі­седі. − Мына мен сияқты балықты жерден бол­саң екен, құмның арасында өскен сен қар­мақ жайын қайдан білесің?
– Әшейін, жауын құртын суға шомылды­рып отырғаным ғой, – деп күледі Қалағаң.
– Өй, сен қармаққа құрт ілуді де білмей­тін шығарсың-ау. Судан суырып көрсетші кұр­тыңды, – дейді Әбекең одан сайын қал­жыңдап тұқыртқысы келіп.
– Көрсетуге болмайды, – дейді қабағын әдейі түйген Қалағаң. – Жауын құртым тыр-жалаңаш. Оны судан шығарсам, милиция екеу­мізді «эротика...» деп қамап тастап жүрер.

Қораздан кейінгі қызық

Бірде Қалағаң бастаған біраз қауымды Ал­ма­тының іргесіндегі бір ауданның бас­шы­сы қонаққа шақырыпты. Қонаққа шақырған жақ­тың шабарманы әрқайсысынан кімнің қан­дай тағамды қалайтынын жұқалап сұ­раса керек. Сонда қонаққа шақырыл­ған­дар­дың бірі – академик кісі «мен жылқының еті­нен гөрі тауықтың етін сүйсініп жеймін» деп­ті.
Шақырылған күні қонақтар күтетін жер­ге барғанда, әрқайсысының алдына ұна­та­тын тағамдарын қойып, әлгі академик өзі­не арналып тұтас пісірген тауықты әбден қал­дырмай жеп, сүйегіне дейін күтірлетіп шай­нап тастапты. Сонда бағанадан бері әлгі кі­сінің әрекетіне қарап отырған Қалағаң:
– Жолбарысым-ау, – депті жұрт назарын өзіне бұрып. – Мынау тауықтың қораздан кейінгі қызығын сен көрдің ғой!..

Сүйекті өлшеп жұту

Мойнына совхоздың кеміс малы ілі­ніп, ісі сотқа өткелі тұрған бір та­ны­сы Қалтайға келіп, жағдайын айтып, мұңын шағыпты. «Осындай да осындай, пә­ле­ге қал­дым. Қол ұшын бермесеңіз жағдай қиын...» деп. Сонда мән-жайға қаныққан Қал­тай аға:
– Қарағым-ау, – депті шарасыз қалыппен. – Ит те сүйекті бір жеріне қарап жұтатын еді ғой, соған да ақылың жетпеді ме?..

Фаридаш-ау, 
әлгі сенің жоқ дегенің...

Бірде Қалағаң басы ауырып, үлкен дәрі­гер­лерге көрінеді.
Дәрігердің бірі:
– Қысқасы, сіздің миыңызға тыныштық керек. Соны ескеріңіз. Біршама уақыт оқу мен жазуды қоя тұруыңызға тура келеді. Сол жағын қатты ескеріңіз, – дейді. Сонда Қала­ғаң:
– Дәл осы сөзіңді анау үйдегі жеңгеңе ай­та қойшы, – дейді.
Қалағаңның бұл сөзіне түсіне қоймаған дәрі­гер не айтарын білмей аңырап тұрып қа­ла­ды. Осы кезде Қалағаң үйінің телефонын теріп:
– Әй, Фаридаш, мына дәрігерлерге қара­лып едім. Сенің әлгі менде жоқ деп жүргеніңді бар деп жатыр ғой, сонда қалай болғаны, – дейді. Ар жағынан жеңгеміз:
– Не дедің, немене? – деп түсініңкіремейді. Сонда Қалағаң ашығына кетіп:
– Сен осы үнемі миың жоқ дейтін едің ғой. Ал мына дәрігер бауырым, сіздің миыңыз­ға тыныштық керек деп болмайды. Мә, өзің сөй­лесші, – деп тұтқаны дәрігерге ұстата қойып­ты. Бұл жерде дәрігер де не дерін біл­мей тұрып қалыпты. Сонда ар жағынан жең­­­­геміздің:
– Ол ағаңның әзіл-қалжыңы ғой, кеші­рім ет, – деп телефон тұтқасын қоя салыпты. Қа­лағаң дәрігерге күлімсірей қарап: 
– Кейде қатынды да өстіп тәртіпке са­лып қойған жөн. Рақмет саған, – деп өз жө­ніне жүріп кетіпті.

Ұшықтап жібердім!

Сонау отызыншы жылдарда ел басына қара бұлт үйріліп, азаматтар «халық жауы» деп нақақ жазаланып жатқан кезде оның кесірі Қалтайдың да отбасына тиіпті. Қал­тай ол кезде әлі қабырғасы қата қой­ма­ған жас бала. Анасы күн демей, түн демей ең­бек етіп, Сыр бойыннан шеңгел шауып, со­ны сатып аздаған тиын-тебен тауып күн кө­реді. Сонда да мойымай, жазықсыз сот­тал­ған­дарды сақтай гөр деп Құдайға жалбары­нып, әр жұма сайын молданы үйіне ша­қы­рып, ата-бабаларына құран бағыштатады екен. «Өлеңді жерде өгіз, өлімді жерде молда се­міреді» дегендей, құранның өзін шала бі­летін дүмше молда Қалтайдың үйіне үйір бо­­­­лады. Қалтайдың анасы болса бейсенбі сайын молданы күтуге әзірленіп, тыныш тап­пайды. Нан, бауырсақ пісіріп, жылы-жұм­сақ­тарын дайындап, ертеңіне келетін мол­да­ны күтеді.  Молда тамаққа тойып алып, «Ұұлу алла, қу ауқат, алла су саламат» деп ара-тұра даусын шығарып, қалғанын сы­быр­лап оқып, құран сөздерінің быт-шытын шы­ғарып, бетін сипап бата қылып, қарнын той­дырып қайтады. Осындай жағдай қай­та­лана берген соң, әрі жас та болса зерек, діни оқудан хабары бар жас баланың ызасы келіп жүреді екен. 
Сөйтіп, бір күні апасы төркіндеп кет­кен­де молданы күту Қалтайға бұйы­ра­ды да, ол дүмше арамтамақ молданы қа­ты­рып жіберуді ойлайды. Сол кезде орыс көр­шісі шошқа сойып жатқанын көреді де со­дан ет алып келіп асып, молданы күтеді. Мол­да келген соң, Қалтай: «Намаздан ашы­ғып келген шығарсыз, дәм ала отырыңыз» деп майы кілкілдеп тұрған бір табақ доңыз­дың етін молданың алдына қоя қояды. Мол­да ақ майдан білемдеп асап, шайнамай асап жатқанда тамағына түйіліп қалады. Жұтуға ты­рысып, әрі-бері күшенгенімен ештеңе шы­­­­ғара алмаған ол Қалтайға «желкемнен ұр» деп ымдайды. Онсыз да жақтырмай отырған Қал­тай молданың желкесінен періп жібер­ген­де, тамақтан өтпей тұрған шандыр ана­дай жерге солқ етіп түседі. 
– Мынауың кәрі қошқардың еті ме? − деп ентіккен молдаға Қалтай:
− Жоқ, шошқанікі еді, − депті.
− О, арамза жетімек, − деп лоқсыған молда сыртқа жүгіреді.
− Өзіңе де сол керек, дүмше! − деп мәз болады Қалтай.
Бір-екі күн өткенде төркіндеп келген апа­сы ауылынан алып келген еттерін қазанға са­лып,  қайтадан молданы күтуге дайында­лып жатады.
− Апа-ау, молдаңыз енді келмейді, − дейді Қалтай.
− Е, неге?
− Сыбағасын сіз жоқта жеп кеткен.
− Қай сыбаға?
− Дүмше молдаңызды енді біздің үйге аяқ баспайтындай етіп Иван ағайдың шошқасының етімен жақсылап ұшықтап жібергем, − депті Қалтай сонда.

«Қалтайдың қалжыңдары» 
кітабынан алынды