Павлодар облысында танысын пышақтап өлтірген тұрғын сотталды

Тұрғынға 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Павлодар облысында танысын пышақтап өлтірген тұрғын сотталды
depositphotos.com
821

Павлодар облысында мас күйінде танысын пышақтап өлтірген тұрғын сотталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 25 шілде күні Екібастұздағы Қонаев көшесі бойымен өтіп бара жатқан тұрғын пышақ жарақаты бар ер адамды көріп,  жедел жәрдем мен полиция шақырған. Оқиға орнына жедел - тергеу тобы дереу жеткен болатын. Тергеу барысында марқұм достарымен бірге ішімдік ішкені анықталды. 

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, сол түні пәтерде үш ер адам мен екі әйел мерекеге жиналған. Таңертең әйел адамдар кетіп, ерлер үйдің ауласына шығып, әңгімені жалғастырған. Біреуі мас күйінде танысына пышақ сұғып, соңғысы алған жарақаттардан сол жерде қайтыс болған.

Қалалық сотта Екібастұзға жұмыс істеуге келген Баянауыл ауданының тұрғынын өлтіргені үшін ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.  

«Қылмысты жасаған ер адам Астанаға кеткісі келіп, такси шақырған бойда Екібастұз қаласының жедел уәкілдерімен ұсталды. Оның кінәсі толығымен дәлелденді», – деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының орынбасары Валентин Бримжанов.

Сот үкімді жариялады. Іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сот ерекше режимдегі қылмыстық - түзеу жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Серіктес жаңалықтары