Павлодар облысында 13 күн бұрын жоғалып кеткен екі баланың анасы табылды

Екі баланың анасы қаладағы пәтерлердің бірінде болған.

Павлодар облысында 13 күн бұрын жоғалып кеткен екі баланың анасы табылды
polisia.kz

Павлодар облысында жоғалған екі сәбидің анасы табылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, ол қаладағы пәтерлердің бірінде болған.

19 қаңтарда жоғалған әйелдің әкесі полицияға көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, 8 қаңтарда 26 жастағы қызы Павлодар қаласына кетіп, үйіне қайтып оралмаған. Үйде анасын екі баласы күтіп отырған.

«Полиция дереу бағдар жасап, барлық аумақтық полиция бөлімдеріне, сондай-ақ шекара маңындағы аймақтарға бағдар жіберді. Бізбен бірге еріктілер де іздестірді. Жастар жаппай жиналатын барлық орындар тексерілді, әлеуметтік желілерде ақпарат орналастырылды», – деді Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13 күннен кейін жоғалған адам қалалық пәтерлердің бірінде болғаны анықталды. Ол әкесімен келіспей қалған соң үйден кетіп, жасырынғанын айтқан. 

Сонымен қатар әңгіме барысында өзін біртүрлі ұстаған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес «опиоидты метаболидтерді – тропикамидті қолдану» фактісі анықталды. 

Ертіс ауданының полиция қызметкерлері әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жас ананың тәртібін қарау үшін материал дайындауда.