Боқауызсыз кино «өтпей» ме?

Альфред Хичкок «Ұлы фильм жасау үшін үш нәрсе керек: сценарий, сценарий және тағы да сценарий» деген екен. Бір өзі кинорежиссёр, продюсер, сценарист болған талантты киногер сценарийге ерекше мән берген. Бұл қанатты сөздің мағынасы жаңа ғасырда да өзгерген жоқ. Керісінше маңызы артып, жаңа сипатқа ие болды. Кино адамзаттың қолындағы теңдессіз қаруға айналып отыр.

Боқауызсыз кино «өтпей» ме?
1941

Осыны ескерген есті елдер әлем халқының сана­сын жаулау үшін ақпараттық соғыс майданын бастап кеткелі қашан. Алайда бүгінгі қазақ киносы отбасы, ошақ қасынан ары аса алмай отыр. Олай дейтініміз, мем­лекет қолдауымен түсірілген фильмдерде идео­ло­гия әлсіз, көрермен көп бара бермейді. Көп түсі­рі­летін коммерциялық бағыттағы комедиялардың сөзі ар­зан, әзілі анайы, сценарийі әлсіз. Алайда ең көп қара­жат жинайтын осы комедия жанрындағы туын­дылар. Сонда біздің қоғамның деңгейі осы ма, әлде біз не берсе, соны «жұта» беретін, ойланғысы келмей­тін, мәселенің байыбына бармайтын, арзан ойын із­де­ген, боқауыз сөзбен аузын былғайтын тұтыну­шы­ға айналғанымыз ба? 


Қазақ киносы десе көз алдымызға сонау 30-жыл­дар­дан бастау алған туындылар келеді. Көрермен әлі күн­ге дейін «Атаманның ақыры», «Гауһартас», «Менің атым – Қожа», «Қыз Жібек», «Шаңырақ», «Көксерек», «Тақиялы періште» фильмдерін сүйіп көреді. Әр көр­ген сайын алғаш рет көріп отырғандай әсер ала­ты­ны­мызды жасыра алмаспыз. Өткен ғасырдың жауһар­лары әлі күнге рухани азық болып келе жа­тыр. Мұндай фильмдердің ғұмырының ұзақ болуы­ның себебі ұлт тамырымен терең астасып жатқанын­да, зиялылардың ұлттық құндылықтарды сақтап қалу­да, насихаттаудағы үлкен ізденісі мен еңбегінің ар­қасында болса керек. 

Сөйткен қазақ киносы жаңа ғасырда өзгеше сипат алды. Отандық киноның дамуы әртүрлі кезеңді бастан кешті. Алғаш Тәуелсіздік алған жылдары кино өте сирек түсірілді. Кейін ел есін жиып, етегін қымтай бастаған соң киноиндустрияда айтарлықтай өзгерістер орын ала бастады. Қазақ кино саласын дүр сілкіндірген «Рэкэтир» фильмі әлі күнге дейін көрермен есінде. Көпшілік тарапынан үлкен сүйіспеншілікке ие болған фильмнен кейін қазақ киносы алға жылжып, даму жолына түсті. Одан кейін де «Шал», «Жау жүрек мың бала» сынды туындылар түсіріліп, көрермен қазақ киносымен сусындай бастады. Былтыр түсірілген тарихи туындының бірі – «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі кинотеатрларда аншлагпен өтті. Билет таппай жүргендер көп болғанын әлеуметтік желілерден байқадық. Жастардың, әсіресе мектеп оқушыларының тарихи фильмдерге деген қызығушылығын бұрын-соңды байқамаған едік. Кино жастардың рухын көтеріп, тарихи тұлғалар өміріне деген қызығушылығын арттырған сияқты. Бұл – қуантарлық жағдай. 

Отбасыңмен отырып кино көре алмайсың


Соңғы 5-6 жыл шамасында коммерциялық кинолар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Қаптағаны сан жағынан жақсы-ақ, бірақ сапасы көңіл көншітпей тұр. Өйткені идеологиядан жұрдай. Ана тіліміздің шұбарлануы, жеңіл әзіл мен арзан күлкі, боқтық сөздерсіз кино түсіре алмайтын күнге жеткендейміз. Сапалы кинолар бар, жоқ демейміз. Бірақ олардың саны тым аз. Азшылық қашанда көпшіліктің тасасында қалатынын ескерсек, бүгінгі қазақ киносының тілі орашолақ, шұбарланып, тым тұрпайы, қойыртпақ, быламық дүниеге айналғаны туралы айтсақ, киногер қауым бір ой түйер, бәлкім... 
Жақында белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Атыс-шабыс, әлкей-сүлкей дүниелер көбейді. Қазір біз батысшыл болып алдық. Лениннің сөзі бар ғой «ең маңызды дүние – идеология» деген. Бізде бәрі қойыртпақ. Қазақша, орысша сөздер, онымен қоса боқтық сөздер ақтарылып, жан дүниеңді жалаңаштандырып жіберетін дүниелер көп. Отбасыңмен отырып кино көре алмайсың. Ең өкініштісі, сол киноларда сенің әріптесіңнің жүргені. Мен осындай нәрсемен күресіп жүрсем, менің әріптестерім сол жерде жүреді. Бұл да бір жанбағыстың көрінісі шығар. Өнер деген халықтың ар-ожданының көркемдік бейнесі. Бұрын өнердің салмағы ар-ұятпен өлшенетін. Қазір ардан аттап кетіп жатырмыз. Жаңағыдай арзан дүниелерге ақша үшін барады. Бәлкім, танылу үшін баратын шығар. Мен үйтіп танымал болмай-ақ қояйын», – деп қазақ киносын ашына сынайды. 
Елімізде коммерциялық бағыттағы фильмдердің 80 пайызы комедия екен. Ticketon.kz сайтының мәліметінше, былтыр жыл басында «Қазақша бизнес Кореяда», «Джо­хан», «Қазақша бизнес Африкада» көш басында тұрған. Бұл ретте Нұрлан Қоянбаевтың екі фильмінің бюджеті 400 000 АҚШ доллары және 800 000 АҚШ доллары болыпты. Алайда жыл соңында прокатқа шыққан «Таптым-ау сені» фильмі алғашқы 10 күнде (1-10 желтоқсан аралығында) 1,1 млрд теңге табыс тауып, рекордтық көрсеткіш орнатты. Фильм әлі аймақтардағы кинотеатрларда көрсетіліп жатқанын ескерсек, аталған соманың бүгінде қаншаға жеткенін фильмді түсіргендер ғана нақты айта алар. Актриса Дариға Бадықова фильмде басты рөлді ойнайды әрі продюсері. Актерліктен продюсерлікке келген бірде-бір киногер мұндай кассалық рекордты әлі күнге дейін орната алмаған. 
Ал көрерменді несімен жаулаған дегенге келсек, ең алдымен киноның танымал ән атымен аталуы, маркетингі мен жеңіл де дөрекі әзілдері. Әсіресе, зорлық-зомбылықты насихаттауы, оны көрерменге қалыпты нәрсе деп қабылдатуы, ұрлау, алдау, төбелес, қоғамдық тәртіпті бұзу сынды әрекеттер мен ұятсыз әзілдер мен боқауыз сөздердің айтылуы көпшіліктің сынына ұшырады. Бірақ соған қарамастан фильмді көргендер саны арта түскен. Сонда сценарийші «кино – қоғамның айнасы» екенін көрсетіп отыр ма, әлде көрерменді осындай былапыт сөз, анайы әзілдер арқылы өзіне баурап отыр ма деген сұрақ туындайды. 


«Таптым-ау сені» фильмі – катастрофа


Отандық кино түсірушілерді қатаң сынап жүретін режиссерлердің бірі – Ермек Тұрсынов. Ол «Таптым-ау сені» фильмін катастрофаға теңеген. Бұл туралы ол «Мүмкін емес» Youtube арнасына берген сұхбатында айтады. «Кино саласы тұтас деградацияға ұшырап отыр. Мен оны тіпті диверсия деп атаймын. Мұның бәрі көз алдымызда болып жатқан нәрсе. Жалқауланбай мотоциклге мінген әйел туралы әнеубір «Таптым-ау сені» деген киноға барып қайттым. Бұл – катастрофа! Ал залдар лық толы. Ұлтымыздың уланғаны соншалықты, олардың бәрі киноны тапжылмай көріп шықты. Көріп отырғандардың бәрі бақытты. Орнымнан тұрып, «Ау, халайық, сендерді алдап соғып жатыр, мына киноның бәрі өтірік, немеге көріп отырсыздар?» дегім келді. Өкінішке қарай, қайдағы бір актерлер мен режиссерлер қаптап кетті. Экран быт-шыт. Мынаның бәрін көргенше өліп кетуім керек еді. Осының бәрі тапа-тал түсте болып жатыр. Сондықтан цензура енгізу керек, – дейді режиссер. 
Ермек Тұрсынов мұндай фильмдерге баратындар болашақта қылмыскер болуы мүмкін екенін жасырмайды. «Өйткені экранда «Ұрлық жаса да, мал тап» деген «құндылық» насихатталып отыр», – дейді ол.

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

Талантты кино түсіруші ешқандай боқтық сөзсіз-ақ көрерменін баурап алады


– Кино өнерінің әрдайым идеология болғаны даусыз. Қазір де солай. Кезінде кеңес үкіметі көздеген мақсатына жету үшін өнер мен әдебиетті, соның ішінде киноны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келді. Алайда сол жылдары түсірілген фильмдердің барлығын кеңестік идеологияға тұнып тұр деп айта алмаймыз. Оның өзі бірнеше кезеңнен өтті. Осыған орай жанрлар, соның ішінде, әсіресе тарихи-революциялық жанр трансформацияға ұшырады. Бірақ барлық кезеңде «қырағы көз» кеңестік идеология киноны құрсауынан шығарғысы келмеді. Солай бола тұрса да, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов секілді үлкен суреткерлер өздері өмір сүрген уақыттың осындай қысымына қарамай, тарихымызда мәңгілік қалған ұлттық өнер жасады. Мысалы, Мәжит Бегалиннің 1955 жы­лы түсірген ең алғашқы «Бұл Шұғылада болған еді» деген фильмі бар. Осы фильмнің басты кейіпкері (Ыды­рыс Ноғайбаев ойнайды) сол жылдардағы кеңес­тік колхоз, ауыл шаруашылығы туралы фильмдердің дәс­түрлі кейіпкері (колхоз бастығы) сияқты көрін­генімен, оның сырт кейпі, киім киісі, жүріс-тұрысы кәдуілгі қазақ батырын, иә болмаса сән-салтанаты тар­қамаған қазақ даласының кешегі ақсүйегін еске түсіреді. Тіпті, кадрда онымен бірге жиі көрінетін сәй­гүлігінің өзі бейнебір Қобыландының Тайбурылындай, Ал­памыстың Байшұбарындай, Қамбардың Қара­қас­қасындай әсер қалдырады. Колхоз кеңсесінде отырған Телғарадан гөрі, сән-салтанаты мейлінше келіскен сәй-гүлігімен кең далада қыран құстай самғаған кейіп­керді көреміз. Осы алғашқы фильмінің өзінде-ақ кеңес­тік колхоз туралы айтып отырған секілді көрін­гені­мен, режиссер кейіпкердің сырт келбеті, киімі, жүріс-тұрысы, т.б. арқылы-ақ ұлттық дүниетанымды мең­зеп отыр. 
Кеңестік идеологияның көрінісі тақырыппен ғана емес, кейіпкерлермен де байланысты болды. Фильм­дер­де қазақ кейіпкерлермен қатар, міндетті түрде «халықтар достығын» меңзейтін түрлі ұлттың, әсіресе орыс ұлтының өкілдері жүруі маңызды еді. Мемлекеттік идеологияның кейіпкердің ұлты, нәсілі арқылы да жұмыс істейтінін 1930-1950 жылдардағы Американың көпшілік киносынан да байқауға болады. Бұл кезеңде түсірілген фильмдерден қара нәсілді кейіпкерлерді кез­дестіру мүмкін емес. Яғни, Голливуд адамдар сана­сына Америка тек ақ нәсілділердің мекені деген ойды сіңіргісі келді және бұл сол кезеңдегі мемлекеттік идео­логиямен үндес еді. 1960 жылдардың соңынан бас­тап қана Америка экранында қара нәсілділер пайда бо­ла бастайды. Ол да өздігінен бола қойған жоқ. Өйт­кені қара нәсілділердің өз құқықтарын талап етіп, кө­­­теріліске шығуы жиілеп кетеді. Нәтижесінде, мем­лекеттік идеологияны өзгертуге тура келді. Ал ол мін­дет­ті түрде киноға да әсер етті.
Экранды мемлекеттік идеологияның қаруы ретінде қолдану – үздіксіз жүріп келе жатқан процесс. Мысалы, бас­қасын айтпағанның өзінде, жыл сайын Оскар сыйлығына ұсынылатын америкалық фильм­дерді алайық. Мұқият назар аударсаңыз, олардың астарынан міндетті түрде сол елдің жүргізіп отырған сая­сатының белгілерін көруге болады. Бұл тек Америка ки­носына ғана емес, барлық алпауыт елдердің ки­но­сына тән құбылыс. 
Дәл қазір киноны мемлекетіміздің тұтас­тығы, халықтың бірлігі, болашағы үшін қолдана білу біз үшін де маңызды. Сондықтан қазіргі таңда мемле­кет тара­пынан әлеуметтік маңызды деген осындай фи­льмдерге назар аударылуда. Бұл өте құптарлық дүние. Өйткені ұлттық келбетіміз бен руханиятымызды сақтауда кино өнерінің маңызы өте зор. 
Ал кинодағы тіл мәселесі бүгінгі таңдағы ең бір өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Қазір кітап оқу­дан гөрі, экранмен тәрбиеленіп жатқан тұтас бір ұр­пақ өсіп келеді. Міне, осы тұста кино түсіремін дей­тін әрбір адам тек бүгінгі күн үшін емес, болашақ үшін де жауапты екенін сезінуі керек деп ойлаймын. Өйт­кені кинодағы тіл мәселесі алдында айтылған идео­ло­гиямен де тығыз байланысты. Тілі жоғалған ұлттың бо­лашағы қандай болатыны айтпаса да түсінікті ғой. 
Қазір біздің көрермен көбіне экранға жиі шығып жүр­ген коммерциялық фильмдермен таныс қой. Өкі­ніш­ке қарай, бүгінгі қазақ киносын сол фильмдер ар­қылы қабылдайды. Оның үстіне соңғы жылдары ин­тернет кеңістігінде екі сөзінің бірі боқтықтан тұратын қазақстандық веб-сериалдары көбейіп кетті. Жә­не қорқыныштысы – бұл үрдіс қалыпты жағдайға айналып барады. Бұған дәл қазір мән бермесек, болашақта шешілуі қиын үлкен мәселеге айналып кетуі әбден мүмкін.
Ал енді мемлекет қаражатына түсірілетін фильмдер бұл жағынан мүмкіндігінше қадағаланады. Жобаларды іріктейтін арнайы эксперттік комиссия бар, сол ко­мис­сия жаңағыдай былапыт сөздердің экранға шық­пауына аса назар аударады. Әрине, солай болуға тиіс те. 
Кино түсірушілер кейіпкерлерінің шатып-бұтып, қазақша-орысшаны араластыра әрі боқтық сөзді қарша бора­тып сөйлейтінінің себебін өмірге жақындатқыз­ғымыз келді, қоғамда бар жағдайлар деп түсіндіруге тырысады. Ал шын мәніндегі талантты адам ешқандай боқтық сөзсіз-ақ көрерменін баурап алатын фильм не­месе сериал түсіреді ғой. Өкінішке қарай, автор­лардың көпшілігі осыған назар аудармайды. Сондықтан шығармашылық әлсіздікті қоғамға ысырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. 

Дана ӘМІРБЕКОВА, кинотанушы:

Балалардың тілін тек экран арқылы түзей аламыз


– Бүгінде экранға жол тартқан фильмдердің басым көпшілігін әуесқой режиссерлер жарыққа шығарып жатыр. Олар киноиндустрияға КВН-нан, әзіл-ысқақ театрларынан, актерліктен, әншіліктен келген шоу-бизнес пен той-бизнес өкілдері. Фильм түсіргіштер кино өнерінің табиғатын, тілін түсінбейтін, оның ерекшеліктерін әлі де толыққанды меңгермеген «мамандар». «Мықтылықтары» сондай, өз фильмдеріне өздері сценарий жазады. Ал киноның әліппесін үйренбеген, жанр ерекшеліктерін түсінбейтін, табиғатын білмейтін адам концептіден дайын сценарийге дейінгі сатыларын өзі түсінбей жатып, көрерменге қандай ой айтуы мүмкін? Осылайша, Голливуд пен Болливудтың жауыр болған сюжеттерін өздерінің фильмдері арқылы көрсетіп, біздің менталитетімізге сәйкес келмейтін, ұлт ретінде дүниетанымымызды ашпайтын, жараспайтын нәрселерді тықпалайды.
Қазақ киносының тілінің шұбарлануы, боқтық, былапыт сөздердің қолданылуы біздің киногерлеріміздің мәдениеті мен интеллектуалдық деңгейінен хабар береді. Шетелдің «В» және «С» санатына жататын фильмдеріне еліктейтін олар көрерменнің сана-сезіміне нені сіңіріп жатқандары жайлы ойламайды, оның салдарына бастарын қатырмайды. 
Өнер дегеніміз – өте күшті, алпауыт қару. Кино, әрине, адамның санасына бір-ақ күнде әсер етіп, миын төңкеріп тастамайды. Бірақ көрерменнің санасына ақырындап әсер ететіні сондай, өзіміз қауіпті деген жағдайды қалай қалыпты жағдай ретінде қабылдап отырғанымызды білмей қаламыз. Осыдан 50 жыл бұрын ЛГБТ деген адамдарға жатпланеталықтар сияқты көрінетін. «Бұл не сұмдық!» деп жағасын ұстайтын. Ал қазір дәл сол шетелдік фильмдердің «арқасында» біз оларды қалыпты деп қабылдай бастадық. Әуелі, көп жағдайда біз оларға жанашырлық танытамыз. «Оларға тиіспеңдер, олар да біз сияқты адамдар» дейміз арашалап. Дәл сол сияқты кез келген нәрсені экран арқылы адамның миына сіңіріп жіберуге болады. Сондықтан біз мұның бәріне мұқият қарап, кірпияздық танытуымыз керек. Өз болашағымыз үшін жауапты өзіміз болғандықтан, балаларымыздың экраннан не көріп жатқанына бақылау жасауымыз керек. Salem social media-ның өзі не болса соны көрсететін болды. Сайып келгенде, хайп қуғандарды қаржылай қолдайтындар – билікте отырғандар. Биліктегілердің өзі кімді, не мақсатпен қолдап отырғанын сүзгіден өткізгендері абзал. Мұның бәрі көркемдік кеңестің, цензураның болмағанынан. Әркім ойына не келсе, соны жасағандықтан. Мәселен, әр маман өз ісімен айналысудың орнына бүгін той жүргізген тамада ертең режиссер, көпшіліктің көңілін көтерген әзілкеш сценарийші болып кино түсіріп жатыр. Киноға саланы түсінбейтін адамдар келген кезде осындай қойыртпақ дүниелер пайда болады. Олар, біріншіден, киноны өнер деп бағаламайды, өнім ретінде қарастырады. Екіншіден, өздеріне жарнама ретінде пайдаланады. Өкініштісі сол, қалтаның қамын күйттегендер бір күндік пайда үшін болашаққа балта шауып жатқандары жайлы ойланбайды.
Өнер – өмірдің айнасы. Бірақ тек осы түсінікте қалып қоюға болмайды. Өнер әрқашан да өмірден сәл болса да биік болуы керек. Өмір өнерге әсер етеді, бірақ дәл сол сияқты өнер өмірге де әсер етеді. Бізді ата-әжелеріміз ертегі айтып, халық ауыз әдебиетімен су­сын­датып, құлағымызға сіңіріп өсірді. Менің әжем жырларды жаттатқызатын, дастан­дар­ды оқытатын. Одан кейін отырып алып оның мәнін, мағынасын түсіндіретін. Ал қазір он­дай ата-әжелер, ата-аналар саусақпен санарлықтай. Сондықтан бүгінде баланың тәр­бие­сімен тікелей айналысып отырған – экранымыз. Ал онда не көрсетіліп жатыр, қандай мақ­сатта көрсетіліп жатыр, оны сүзгіден өткізіп жатқан бірде-бір адам жоқ, өкінішке қарай. 

Жасұлан ПОШАНОВ, кинорежиссер: 

«Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса»


– Негізі, телеарналарға сериал, фильм тү­сір­­ген кезде цензура бар. Темекі шегуге бол­май­ды, боқауыз айтуға болмайды, арақ ішуге бол­майды деген сияқты. Бірақ киноны әркім же­ке өз ақ­шасына түсіретін болғандықтан, өзі­нің қа­лауын­ша жасап жатыр. Алайда бұл қо­ғамға өте зиян деп есептеймін. Қазіргі жас­тары­мыз экран­нан көргенін істеп, естігенін ай­тып жүр. Тіпті, сондай жаман сөздерден қанатты сөздер жасауға тыры­са­ды. Ол өте дұ­рыс емес. Мен өзім түсірген фильмдерде боқауыз сөздер көп қолдан­бай­мын. 
Әркім өз шығармасының көрерменге қалай әсер ететінін ойлануы керек. Қан­дай мақсатта қолданып отырғанына есеп бере білгені дұрыс. Қазір кино тү­сіріп жүргендердің көбісі – жас жігіттер, арасында әуесқойлар да бар. Бі­реуі қалауынша «Так же прикольно, так же пройдет» деп «прикол» үшін істеуі мүмкін. Екіншісі «Өмірде солай сөйлейміз, кинода да солай берейік. Бұл – нанымды әрі сенімді» деп жасауы мүмкін. Бұл жерде әркім өз ақ­ша­сына кино түсіріп отырғандықтан, ешкім ешкімге ештеңе айта алмайды. «Қа­заншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаның» кері келді. 

Дархан КӘРІПОВ, продюсер, сценарийші:

Жазуға мәжбүр болатын кездеріміз көп

– Қазір киноның тілі өмірдің тілі болып бара жатыр. Өйткені кітаптағы әдеби тіл бөлек, ауызекі тіл басқаша. Өмірде адамдар орысша сөз қолданса, боқтаса, тура сол кинода қайталанып жатыр. Кино – өмірдің айнасы болып тұр дәл қазір. Себебі бүгінгі көрерменнің талабы сол. Кино көрерменнің жетегінде кетіп бара жатыр. Біріншіден, адам өзінің қалтасынан ақша шығарып кино түсіргеннен кейін ұтылғысы келмейді. Сондықтан барынша көрерменге «жақын» болу үшін өмірдегі сөздерді қолдануға тырысады.

Негізі, кинода анайы, былапыт сөйлеу, боқауыз айту шетелден келген үрдіс. Сондықтан бұл жерде еліктеушіліктің те бар екенін жасырмауымыз керек.Киноға сценарий жазуға тапсырыс алғанда нақты ұсыныстар айтылады. Кезінде жұмыс істеген компанияда жастарға арнап түсірілген сериалдарда боқауыз сөздерді айта алмаймын деп бас тартқан әртістер болды. Кейде әртістер сценарийде боқауыз сөз болмаса, «Мен бұл жерді осылай сезіп тұрмын» деп боқауыз сөздер қосып алады.  

Адам аптасына ары кетсе 1-2 кино қарауы мүмкін. Кинотеатрға айына бір барады орташа есеппен. Ал жастар былапыт сөйлеуді экраннан үйренді деп айта алмас едім. Адам кино көріп отырып жаман сөздерді сөздік қорына сақтай алмайды. Кино көрген адамның есінде кейіпкердің іс-қимылы есте қалады. Мектеп оқушыларының, жастардың көшеде былапыт сөйлеуіне әлеуметтік желі, Instagram, Tik-Tok желісінде біреудің айтқан сөздері хит болып кетіп жатыр, жастар солардан жұқтырып отыр.

         Киноға сценарий жазып жүрген адам ретінде менің де ауқымды тақырыптар жазғым келеді. Бірақ әзірге продюсерлер мен режиссерлердің талабынан аса алмай жүрміз. Өйткені бізге де отбасын асырау керек. Жазғымыз келмесе де жазуға мәжбүр болатын кездеріміз көп. Қазіргі кино көрерменнің алдында емес, артында кетіп бара жатыр. Сондықтан кино керісінше көрерменді артынан ертіп, қоғамға дұрыс жол көрсетуі керек. Сондықтан көрерменнің көңілінен шығу бір бөлек, дұрыс нәрсе көрсету екінші мәселе.   

Бұхар МАРАТ, креативті продюсер, сценарийші:

Сценарийге былапыт сөздер касса жинау үшін жазылады


– Қазақ киноларындағы тілдің шұбар­лануы, әрине, көңілге қонбайды. Боқтық, бы­лапыт сөздердің қолданылуы әсте дұрыс емес. Бүгінгі қазақ киносының тілі ауызекі тіл­мен бірігіп кеткен. Мұның бәрі жарнама, мар­кетинг, кинодан көп қаражат табу үшін жа­салып жатыр. Бізге сценарийші ретінде ре­жиссерлер мен продюсерлерден «әлеуметтік же­лі­лерде хит болып жатқан сөздер, әзілдер болса, сценарийге соны ен­гізің­дер» деген секілді талаптар қойылады. Сондықтан сценарийге былапыт сөз­дер касса жинау үшін жазылады. Бұл біздің қалауымызбен жасалып жат­қан дүниелер емес, тапсырыс берушілердің талабы. Дұрыс емес екенін бі­ле­міз. Сондықтан алдағы уақытта әдеби тіл мен ауызекі тілден ортақ кино ті­лін қалыптастыруымыз керек. Жалпы, отандық коммерциялық фильмдер қо­ғамның жетегінде кетіп бара жатыр. Көрермен не қалайды деген оймен со­ған ілесіп бара жатырмыз. Негізі, керісінше фильм қоғамның алдына шы­ғып, оны тәрбиелеуі керек. Ол күннің де ауылы алыс емес, ол дәрежеге де әлі жетеміз деп ойлаймын. 

P.S. Біз мамандардың пікірін ұсындық. Бір нәрсе анық – кинодағы боқауызды тоқтату керек. Ол үшін дұрыс мағынадағы цензура қажет. Әйтпесе, кеш болуы мүмкін..

Серіктес жаңалықтары