Талғат АЛМАНОВ: Журналиске берілуі мүмкін ең жоғары мәртебе – еркіндік

Жур­налистер шығармашылық адамы болған­дықтан оларға еркіндік ауадай қажет. Не жа­за­мын, не түсіремін десе де өз еркі.

Талғат АЛМАНОВ: Журналиске берілуі мүмкін ең жоғары мәртебе –  еркіндік

Бүгінде шетел асып білім алып жатқан отандастарымыздың қатары көбейіп ке­леді. Әлемнің үздік университеттерінде бі­­­­лімін жетілдіріп қана қоймай, ары қа­рай жұмыс істеп жүрген жастардың бірі – Талғат Алманов. Ол – АҚШ-тағы Нью-Йорк университетінде журналистика маман­ды­ғы бойынша білім алып, жергілікті Atlanta News First телеарнасында журналист әрі продюссер болып қызмет етіп жүр. Кейіп­керіміз журналистика маманды­ғы­ның қыр-сыры, Америкадағы оқуы мен қыз­меті жайында аз-кем сұхбат берген б­о­латын. 

– Оқушы кезіңізден журналистикаға қатты қызыққаныңызбен, мамандық ретінде бакалаврды қазіргі Нархоз уни­вер­ситетін «Есеп және аудит» мамандығы бойын­ша бітірген екенсіз. Неліктен жур­налистика мамандығын бірден таң­да­ма­дыңыз? Әлде журналистика мамандығы бойынша шетелде оқуды әу бастан ой­лас­тырдыңыз ба? 
– Бала кезімнен журналист болуды ар­ман­дайтынмын. Әсіресе, Зейін Әліпбек ағамызға қа­рап журналист болғым келетін. Сол кісі сияқ­ты маңызды жаңалықтарды хабарлап оты­руды көз алдыма сан мәрте елестеткенмін. Теле­дидарда сөйлеп тұратын журналистерді ұйып тыңдағаныммен, қандай мамандық еке­нін толық білмедім. Алайда арманым алда­мап­ты, араға жылдар салып осы саланың мама­ны­на айналып, жаңалықтар жүргізіп, отандық те­леарналардың бірінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі болдым. 
Ал Нархозға оқуға түсуіме ата-анам ықпал ет­ті. Олардың сөзінен аттай алмадым және ме­нің болашағымды, қандай мамандыққа тү­сетінімді менен гөрі сол кісілер жақсы біледі деп ойладым. Және оған еш өкінбеймін. Себебі Нар­хозда алған экономикалық білімімнің ар­­қасында журналистикаға келдім. Осы­лай­ша, алғашқы жұмыс орным бизнес және эко­номика бағдарламасындағы редакторлық қыз­меттен басталды.


– «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорк университетіндегі Артур Л.Кар­тер атындағы журналистика инс­титу­тында білім алдыңыз. Жалпы, АҚШ-та бі­лім алу оңай ма? Білім алушыға қандай та­лаптар қойылды? Ағылшын тілін мең­герген кез келген адам Америкада оқи ала ма? Тіл білуден басқа қандай «шарттарды» орындау керек? 

– АҚШ-та білім алу анау айтқандай қиын емес. Ағылшын тілі мен мамандығыңыз тура­лы біліміңіз болса, қалғанын алып кетесіз. Бас­тысы –көштен қалмай, тапсырмалардың бар­лығын өз уақытында жасап отыру. Әрине, қиын тұстары да бар. Әсіресе, алғашқы жыл­дары қиынға соғады. Мысалы, мен ағылшын ті­лін жақсы білгеніммен, жазу стилистика­сы­нан біраз қиналдым. Өйткені ағылшын тілі – мен білетін үшінші тіл. Сондықтан көбірек кі­тап оқып, жазуымды пысықтайтын сабақ­тар­ды алып, 1-2 жылда деңгейім айтарлықтай жақ­сарды.
– Кезінде Сербия Президентi Томис­лав Ни­колич мырзамен, Нидерландының Пре­­мьер-министрі Марк Рюттемен бірге экс­к­лю­зивті сұхбат ұсынғаныңыз есі­мізде. Алдағы уақыт­та әлемдік саяси тұл­ғалардың қайсымен сұхбат жаса­ғыңыз келеді? 
– Жаңалықтағы сұхбат форматы өзіме бұ­рын­нан ұнайтын. Әсіресе, әлемдік арена­лар­да жүрген тұлғалармен ағылшын тілінде тіл­­­­десудің орны бөлек қой. Ал сіз айтып отыр­ған тұлғаларға келер болсақ, әлем ли­дер­лері­мен сұхбат жасаймыз деген талқылаулар жү­ріп жатқанда, арнамыздың басшылығы орыс­­­тілді азаматтар болатын. Және ол кездері орыс­тілді журналистер қазақтілділерге қара­ғанда мықтырақ, кәсіби біліктілігі жоғары, бі­лімдірек деген стереотип болатын. Мен он­дайға ешқашан сенбейтінмін. Мұндайға жал­ған идеализация деп қарайтынмын және оған намыстанатынмын. «Неге сол сұхбатты қа­зақтілді журналистер ала алмайды? Ағыл­шын­шам олардан артық болмаса, кем емес. Біз­дің қай жеріміз кем?» дейтінмін. Қысқасы, сұх­бат жүргізуді маған тапсырудан басқа амал­­дары қалмады. Ал алдағы уақытта сұх­бат­тасқым келетін тұлғалар көп-ақ. Мен қа­зір­гі әлемдегі ахуалға қатысты жауап алу үшін БҰҰ басшыларымен, соғысқа кінәлі әлем ел­дері­нің президенттерімен сұхбаттасқым ке­леді. 
– Былтыр жыл соңында Мәжіліс «Масс-медиа туралы» даулы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Үкімет өкілдері «Жаңа заң қабылданса, ақпарат құралдарының мәртебесі артады» деді. Қоғам белсенділері, керісінше, бұл құжат журналистердің тынысын тарылта ма деп қауіптенеді. Қайсысының пікірі қи­сынды? Медианы мемлекет бақылауы керек пе?
– Менің ойымша медианы мемлекет ба­қы­лай алмайды. Ол – нонсенс. Себебі жур­на­лис­тиканың дамуы үшін медиада плюрализм қажет. Ал ол бәсекелестік және сөз бостандығы болған ортада ғана қалыптасады. Сол себепті Қа­зақстандағы заң жобасына қатысты қоғам бел­сенділерінің позициясын түсінуге болады. Бұл дегеніміз АҚШ немесе өзге елдерде мемле­кет­­тің ықпалы бар пропагандалық журна­лис­тік ұйымдар жоқ деген сөз емес. Бар, бірақ олар­дың қасында цензураға ілінбейтін, ойын емін-еркін жеткізе алатын БАҚ өкілдері жет­кілікті. 
– АҚШ-та журналистер құқығы қалай қор­ғалады? Оларға билік тарапынан қы­сым бар ма? 
– АҚШ-та журналистерге шабуыл да жа­са­­­лады, қысым да көрсетіледі. Мәселен, бірне­ше апта бұрын ғана қасымдағы әріптесім мен опе­раторды белгісіз біреу тұтқынға алды. Бір­ақ осындай шабуылдарға қарамастан жур­на­листердің құқығы заң бойынша қатты қор­ғалады. АҚШ Конституциясы бойынша сөз бос­тандығы, баспасөз еркіндігіне кепілдік бе­­­ріл­ген. Оған қоса журналистерді сотқа бе­ріп, оларға айып тағу өзге елдердегідей оңай шаруа емес.
– «Журналистердің ерекше мәртебесі» мә­селесіне келсек, Түркияда тілшілер қауы­мы кәсіподақтардың қолдауын кә­дімгідей сезінеді, қоғамдық көлікте тегін жү­реді, музей, көрме секілді мәдени ны­сан­дарға тегін кіреді, коммуналдық қыз­мет ақысын жеңілдікпен төлейді. Әзер­бай­жанда тек журналистерге арналған тұр­ғын үйлер көптеп салына бастады. Аме­рикада журналистерге қандай әлеу­мет­тік жағдайлар қарастырылған? Және қа­зақстандық журналистерге қандай ерек­ше мәртебе керек деп ойлайсыз?
– Менің ойымша журналиске берілуі мүм­кін ең жоғары мәртебе ол – еркіндік. Яғни, жұ­­­мысына кедергі келтірмеу, цензура қоймау. Жур­налистер шығармашылық адамы болған­дықтан оларға еркіндік ауадай қажет. Не жа­за­мын, не түсіремін десе де өз еркі. Жур­на­лис­тер қоғам өміріне ат салысқысы келеді, ха­лық­ты ақпараттандырғысы келеді. Бар бол­ға­ны сол. Ал қоғам дұрыс ақпаратты білуге құ­қы­лы. АҚШ-тағы журналистердің басты ар­тық­шылығы да осы. Бұл елдегі журналистер қыруар қаражат табады деп айта алмаймын. Ел қатарлы өмір сүреді, ел қатарлы заң алдын­да жауап береді. 
– Қазір өзіңіз Atlanta News First те­леар­­­насында жұмыс істейсіз. Амери­ка­да­ғы жұмыс барысы өзіңізге қаншалықты ұнайды? 
– Иә, қазір Джорджия штатындағы жер­гі­лік­ті арнада жұмыс істеймін. Журналист әрі про­дюсермін. Жұмысым өзіме ұнайды. Басқа ел, өзге қоғам болған соң күнделікті жаңа нәр­­­селерді үйренемін. Шығармашылыққа ер­кіндік берілген, сондықтан мүмкіндігінше ойым­дағы дүниелерді іске асыруға, жазуға ты­рысамын. Алдағы уақытта журналистикада өз қолтаңбамды қалдырамын деген үміттемін. 
– Америкалық көрермен мен оқыр­ман­ды не қызықтырады? Газеттер қан­ша­лықты сұранысқа ие? Интернет теле­ди­дарды басып озды ма? Әлде әлі де те­ле­дидар қараушылар саны көп пе?
– Америкада әлі күнге дейін сенсациона­лизм басымырақ. Яғни, ақпаратты бірінші болып тарату, экслюзив жасауға басымдық беріл­ген. Екінші жағынан ақпаратты барынша тексеру мен фактчекинг жасау да аса маңызды. Дәстүрлі медиа digital форматқа өтіп жатыр. Те­леарналарды былай қойғанда АҚШ-тағы га­зеттердің өзі сол форматқа көшіп жатыр. 
– Жастардың басым бөлігі шетелде білім ал­ған соң, сол елде қалуды ой­лай­ды. Тіпті, елі­­­мізден шетелге оқуға, жұмыс іс­теуге кетіп жатқандар саны жыл сайын артып барады. Осы орайда Қазақстанға қайта оралып, отандық журналистиканы дамытуға үлес қосу туралы ойыңызда бар ма? Елге оралған жағдайда қандай ба­с­та­маны қолға алар едіңіз?
– Жастардың шетелге ағылуы таңғаларлық дү­ние емес. Шетел көру адамның көзқарасына әсер етеді, ойлау қабілетін дамытады, көкжие­гін кеңейтеді. Оның үстіне кетемін деген адам кету­дің амалын да табады. Бастысы кететін­дер­ді емес, оларды өз елімізде қалай қалдыра ала­мыз, қалай қызықтыра аламыз деген сұрақ­қа ой жүгірту керек. Егер адам өзін бағалы ма­­ман ретінде сезінсе, тиісті жалақысын алса, қол­дан жасалған қиындықтарға ұшырамаса, шет­елге кетіп несі бар? Мен шетелдегі қазақ жас­тарының басым бөлігі білім алып, білік­ті­лігін арттырған соң елге қайтарына сенім­дімін.
– Қарапайым редакторлықтан бастап, отандық телеарнада жүргізуші болу, АҚШ-та меншікті тілші болу, жергілікті телеарнада жұмыс істеу бұл сәттілік пе, әлде еңбектің арқасы ма? 
– Редакторлықтан Америкада журналист әрі жүргізушілікке дейін жетуімнің ешқандай сыры жоқ. Бірінші Алла, сосын өзімнің ізденісімнің арқасында шығар.

Арайлым 
ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ