Ақша аударымы айналасындағы алаң

Онлайн банкингпен аударылған ақшаны тексеру – заңсыз кәсіп­кер­лікті көлеңкеден шығару үшін қол­данылмақ шара.

Ақша аударымы айналасындағы алаң
1208

Жаңа жылмен бірге онлайн банкинг аударымдарының «жыры» қатар басталды. Бұ­рын шектеусіз, бақылаусыз болған ақша аударымдары енді толықтай тексерілмек. Жұрт­­тың бәрі 100 аударым туралы жарыса айтып, бір дүрлігіп қалды. Ақша аудар­ғанды тек­сере ме, ақша түскен назарға іліге ме?

Қоғамдық тамақтану орындарында, сауда жасағанда терминал істемей қалғанын айтып, «пе­ревод» сұрайтындар аз емес. Одан бөлек, әлеу­меттік желілер арқылы жарна төлеп қатысатын түр­лі конкурс ұйымдастырып, курс өткізетіндер де ақшаны осы аударымдар арқылы жинайды. Ашы­ғын айтсақ, онлайн банкинг аударымдары са­лықтан жалтарудың оңай әрі тиімді тәсіліне ай­налған болатын. Дегенмен туған-туысқа, бала-ша­ғаға шұғыл ақша аудару, қайырымдылыққа, дер­тіне шипа іздеген жандарға едел-жедел көмек қо­лын созуға да осы аударымдар үлкен сеп болды. Не десек те, кейінгі 5 жылда онлайн банкингтің ақы­сыз аударымдары елдегі қаржы айналымына үл­кен бетбұрыс әкелгені анық. 
Сонымен, ақша аударымына қалай шектеу қойы­лады? Кімдер тексеріледі? Бұл өзгерістің қо­ғамға әсері қандай болмақ? «Жаппай қағаз ақшаға кө­шеміз» деген қауіпке қаншалықты негіз бар? Жап­пай қағаз ақша талап еткендердің әрекеті қан­шалықты заңды?

«Адал кәсіпкерге алаңдаудың қажеті жоқ»

Онлайн банкингпен аударылған ақшаны тексеру – заңсыз кәсіп­кер­лікті көлеңкеден шығару үшін қол­данылмақ шара. 7 қаңтарда аударымдарға қа­тысты брифинг өткізіп, сұрақтарға жауап берген Мемлекеттік кірістер коми­те­тінің ресми өкілдері осылай деп мәлім­де­ді. Яғни, бұл қадам, ең алдымен жасы­рын кірісі барлар мен тіркелмеген кәсіп­кер­лерді анықтау үшін жасалмақ. Ресми ста­тистикаға сүйенсек, 2022 жылы ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 19 пайыз болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай оның үлесін 15 пайызға түсіру туралы тапсырма берген бо­латын.
Әуелде айтып өткеніміздей, сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мо­биль­ді аударымдар арқылы жеке шотына жіберуді өтінетін кәсіпкерлер көп. Яғни, ақша бақылау-касса аппараттары, POS-тер­миналдар және QR-кодтарсыз ауда­ры­лады. Тиісінше, чек берілмейді, ал бұл – тұ­тынушылардың құқығын бұзу саналады.
Мемлекеттік кірістер органдары бар­лық мобильді аударымдарды тексермейді. Жеке шоттарына 100 және одан да көп әр-түрлі тұлғалардан мобильді аударымдарды ай сайын, қатарынан үш ай ішінде алған тұл­ғалар (маңызды: 100-ден көп аударым емес, 100 және одан да көп әртүрлі тұлға­лар­дан түскен аударым) бақыланады. Қол­­­­даныстағы заңнамаға сәйкес бұл кә­сіп­керлік қызметтің белгісі, – дейді ко­ми­тет.
2022 жылы «Төлемдер және төлем жүйе­лері туралы» заңға «мобильді төлем­дер» ұғымы енгізілген. Осы кезде онлайн аударымдар туралы ережелер құқықтық тұрғыдан нақтыланған болатын.
Яғни, мемлекеттік кіріс органдары бар­лық аударымды тексермейді. Өз кіріс­те­рін жасыратын немесе жеке шотына қа­тарынан үш ай 100 және одан да көп адам­нан ақша түскен жеке кәсіпкер ретін­де тіркелмеген тұлғалар ғана тексеріледі. Жауапты мекемелерге банктер дерек өткі­зе­тін болады, сол деректі тексерген кіріс ор­ган­дары «күмәнді шот» иелеріне ескерту жа­салады.
– Осыған байланысты кәсіпкерлерге кә­сіп­керлік қызметке арналған шоттарға (биз­нес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсы­намыз, – деп мәлімдеді Мемлекеттік кіріс­тер комитеті.
Түсінікті болуы үшін айта кету ке­рек, қол­данып жүрген онлайн бан­кинг ау­дарым­дарының кәсіп иелеріне ар­налған нұс­қасы бар, егер, кәсіпкер сол ар­қылы ау­дарым қабылдайтын болса, еш­қандай тек­серіс те, шектеу де болмайды.
– Тек қолма-қол ақшасыз есеп айы­рысу бойынша жұмыс істейтін адал кәсіп­кер­лер бақыланбайды. Сондай-ақ бизнесті жүргізу және дамыту үшін қолайлы жағ­дайлар жасалған. Салық режимдерінің тәр­тібі жеңілдетілді: салық ставкалары қыз­мет түріне байланысты тек 1 пайыздан 4 пайызға дейін, – деп жазылған Мем­ле­кет­тік кірістер комитетінің ресми ақ­па­ратында. Осылайша, мобильді төлемдерді ба­қылау адал салық төлеушілерге әсер етпеуге тиіс.
Ал бақылау шараларына келетін бол­сақ, бірінші кезеңде екі бағыт бойынша б­а­қылау жүргізілмек екен. Ал одан алын­ған мәліметтер келесі жылы жоспар бойын­ша талданады. Жалпы, бақылау са­лық төлеушілерге өз бетінше салық тө­леп, заң аясында жұмыс істеуге мүмкіндік беру­ге бағытталған деп сендіреді кіріс агент­тіктері. Егер салық төлеуші ескертуге ке­ліс­се, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі ке­рек немесе декларацияға кіріс сома­ла­рын көрсете отырып қосымша декларация тап­сыруы керек. Ал егер келіспесе, рас­тайтын құжаттарды қоса өткізе отырып, тү­сініктеме беруге құқылы.
Хабарламаны орындамаған кезде са­лықтық тексеру тағайындалады, оның ба­рысында банктерден шот бойынша то­лық ақпарат сұратылады және бұзу­шы­лықтардың болуы не болмауы туралы іс жү­зінде шешім шығарылады. Жеке кә­сіп­кер ретінде тіркелмей жұмыс істегені үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл түрін­дегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200 пайызы мөл­ше­рін­де айыппұл (қайталанған жағдайда – 300 пайызы). Чек бермегені үшін 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, – деді Мем­лекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.
Газетіміздің өткен санында жазға­ны­мыздай, биыл жалпыға бірдей деклара­ция­лаудың үшінші кезеңі басталды, жеке дек­ларацияларды кәсіпкерлер, ком­па­нияның құрылтайшылары мен басшы­лары, сондай-ақ олардың жұбайлары тап­сыруы керек. Ал оның нәтижесі, соның ішінде осы онлайн банкинг аударымдары 2025 жылы сараланатын болады.

Аз табыспен жан баққандар не істемек?


Сонымен, салықтан жалтарғандарды көлеңкеге шығаруға, салық төлет­тіруге, сөйтіп қазынаның кем-кетігін тол­тыру үшін жүргізілетін тексеріс, ең ал­дымен шағын кәсіп иелерін, өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандарды алаңдатып отыр. Олардың табысы тұрақсыз болуы мүм­кін екенін, қыруар пайда таппай­ты­нын ескерсек, олардың алаңдауына негіз бар екені сөзсіз. Оған қоса, биылдан бас­тап 5 жыл бойы жұмыс істеген тетік – БЖТ, яғни бірыңғай жиынтық төлем де күшін жойып отыр. Бірыңғай жиынтық төлем арқылы шағын кәсіп иелері, бір жыл ішінде кірісі 4,1 миллион теңгеден (1 175 АЕК) аспаған, жеке тұлғаларға ғана қыз­мет көрсеткен азаматтар меди­ци­на­лық төлемдерді, зейнетақы жарнасын жеңілдікпен аударып отырған болатын. Биылдан бастап енді мұндай санаттағы азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, төлемдерді жеке кәсіпкер ретінде төлеуге тиіс. Яғни, Әлеуметтік кодекске және «Мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру туралы» заңға сәйкес салықты (та­быстың 1 пайызы) және әлеуметтік тө­­лемдерді есептейді (2023 жылға зей­не­тақы жарналары – 7000 теңге, әлеуметтік ауда­рымдар – 2450 теңге, медициналық сақ­тандыруға жарналар – 4900 теңге). Ал бі­рыңғай жиынтық төлем мұның шире­гіндей ғана болатын. Бұл табысы аз әрі тұрақты емес шағын кәсіп иелерінің, әсі­ресе ауылдағы кәсіпкерлердің қалтасына едәуір салмақ болатыны анық. Дегенмен Қаржы министрлігі мұндай азаматтардың кә­сіпкер ретінде тіркелуі олардың табы­сы­ның азаюына әсер етпейді деп сендіріп отыр. Тіпті, жүктеме де төмендегенін алға тартады. 
Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйен­сек, мемлекеттік кірістер органдары кә­сіпкерлер үшін қолайлы заңды тетіктер әзір­леген. Сонымен қатар көлеңкеден шы­ғып, заңды жұмыс жасауға көшуге дайын кәсіпкерлерге жәрдемдесуге дайын. Атап айтқанда, фискалдық сүйемелдеу, кә­сіпкерлерді тіркеудің алғашқы қадам­дарынан бастап, декларацияны толтыру бойынша көмекке әзір екендерін жеткізді. Салық сомаларын толтыруға және есеп­теу­ге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, ҚҚС бойынша шекті деңгейге жеткендігі тура­лы, банктік қосымшадан салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мүмкіндігі туралы хабарлайтын сервистер әзірленген, бизнесті қолма-қол ақшасыз төлемдермен жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлерді тексермейтіндерін айтады.
– Салық кодексінде микро және ша­ғын бизнеске жеңілдікті салық салу үшін жағдай жасалған, атап айтқанда, қазір салық мөлшермелемесі қызмет түріне байланысты 1 пайыздан 4 пайызға дейін. Сіз салық салу режимін e-salyq Business мо­бильді қосымшасы арқылы таңдай ала­сыз, онда салықтар мен әлеуметтік тө­лем­дер автоматты түрде есептеледі және тө­ленеді. Одан бөлек, жаңа Салық кодексі шең­берінде кәсіпкерлер үшін ынта­лан­дыру шаралары көзделетін болады, – деп кеңес береді Мемлекеттік кірістер ко­ми­теті.
Яғни, кәсіпкер өзіне ыңғайлы са­лық режимін таңдай алады – па­тент (салық мөлшерлемесі – 1 пайыз), оңай­латылған декларация (салық мөл­шер­лемесі – 3 пайыз), бөлшек салық ре­жи­мі (салық мөлшерлемесі – 4 пайыз).
Одан бөлек, жұмыссыз азаматтар да осы БЖТ арқылы әлеуметтік және меди­ци­налық төлемдерді төлеп келген еді. Бұл жұ­мыссыз азаматтарға қолайлы болға­ны­мен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың статистикасын сәл бұрмалап келді. Енді жұ­мыссыз азаматтар «жұмыссыз» ретінде тір­келіп, медициналық сақтандыру жар­насын өз бетінше төлейтін болады.
Бірыңғай жиынтық төлемді алып тас­тау салықтан жалтару, жұмыссыз аза­мат­тардың тіркелмеуі сияқты мәселелерді ше­шеді десек те, жұмыс іздесе де, екі қолға бір күрек табылмайтын шалғай ауылдар мен қыруар табыс табу мүмкін емес елді ме­кендердегі азаматтар мен кәсіпкерлерге қан­шалықты қолайлы екені іс жүзінде, осы өзгерістер жүзеге асқанда ғана анық бол­мақ. БЖТ-ні алып тастау бизнесті одан сайын көлеңкеге жіберуі мүмкін екенін де естен шығармаған жөн. Себебі қазірдің өзін­де онлайн банкингпен ақша аудару ту­ралы жаңалықпен жарысып, тұтыну­шы­дан тек қағаз ақша талап етіп жатқандар да жоқ емес.

Қағаз ақша талап ету – заңға қайшы


«Аударған ақша тексеріледі» дегеннен бас­тап кей кәсіпкерлер тұтынушылардан қолма-қол ақша талап ете бастады. «Қағаз ақ­ша­ға қайтып оралдық» деп дүрліккендер де болды. Түпкі мақсат түсінікті – са­лық­тан жалтару. Дегенмен осындай қулыққа бара­мыз деп, салық емес, бірнеше еселен­ген айыппұл арқалау қаупі барын есте ұстау керек. 
Өйткені, қолма-қол ақшасыз төлем қа­былдаудан бас тарту – заңсыз, «Төлем­дер және төлем жүйелері туралы» Қа­зақ­стан Республикасы заңының нормаларын­да әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарас­ты­рылған (25-бап). 
Яғни, ақшаның қай түрі болса да на­рықта бірдей айналымда жүруге тиіс. Бұл жер­де тек төлеуші, яғни тұтынушы ше­ше­ді. 
– Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қа­был­даудан бас тарту фактілері туралы мем­­лекеттік кірістер органдарына хабар­ла­суы­ңыз қажет, – дейді Қаржы министр­лігі.
Кәсіпкерлер қағаз ақшадан басқа тө­лем түрін қабылдаудан бас тарт­қаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкім­шілік жауапкершілікке тартылады, ал қай­тадан заң бұзса, 147 680 теңге (40 АЕК) мөл­шерінде айыппұл салынады. Бұл ереже Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы ко­дек­сінің 194-бабында жазылған. Қағаз ақ­ша­мен төлем қабылдағанның өзінде, кә­сіп иелері тұтынушыға чек беруге мін­детті.

Туған-туысқа алаңсыз ақша аудара беруге болады


Қабылданған бұл шара кәсіпкерлерге бағытталса, кәсібі жоқ азаматтар бір-бірі­не қалай ақша аударады? Жұрт алаңдаған мә­селенің бір бағыты осы мәселені де қоз­ғады. Баласына, туған-туысына ақша ау­даратындар қайтпек? Қаржы министр­лігі бұл мәселені де қарастырғанын айтты. 
Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұ­л­ғалардың, соның ішінде туған-туыс­тың, дос-жаранның бір-біріне ақша аудар­ға­ны күдікке ілінбейді деп сендіріп отыр. 
– Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақ­саттары үшін (туыстарына, достарына ау­да­рымдар, ата-аналар мен балаларға кө­мек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағ­дай­лар бойынша) мобильді аударымдар жа­сай алады және қабылдай алады. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені олар жеке тұлғаның та­бысына жатпайды, – деп мәлімдеді ко­митет. 
Сонымен қатар қазір қоғамда онлайн ау­дарымдар арқылы баланың еміне, қайы­рымдылыққа ақша жинау үрдісі де бар. 
– Баланың еміне жиналған қаражат­тан салық ұсталмайды. Яғни, жеке тұлға­лар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсат­тары үшін туыстарына, достарына, ата-ана­лары мен балаларына және басқа да жағдайларға байланысты аударым жасай алады және қабылдай алады, – деді Мем­лекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.
Жұртты жинап қайырымдылыққа ақ­ша жинайтын немесе жарна төлеп қатысатын түрлі байқау өткізіп, көлік, те­лефон ойнататын, өз авторлық курсын жүр­гізетін блогерлерді қамтымай өте ал­маймыз. Қаржы министрлігі блогер­лер­дің табысы, кірісі тексерілетінін айтты. Яғни, олар парақшасы арқылы табыс тауып отыр­ған болса, басқа кәсіп иелері сияқты ресми тіркеліп, тапқан қаржысын жария­лауға міндетті болады.
Одан бөлек, басқа да алаңдататын сауалдар бойынша жауапты мекеме жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Мемлекеттік кірістер комитеті Telegram мессенджерінде «МКК Жалпыға бірдей декларациялау_мобильді аударымдар» чаты құрылғанын хабарлады. Чат жалпыға бірдей декларациялау мәселелері, сондай-ақ мобильді аударымдар бойынша сұрақтарға жедел жауаптар беру үшін құрылған. Осы чатта жалпыға бірдей дек­лара­циялау және мобильді ауда­рым­дарды са­лықтық бақылауға қатысты сұрақ­тарыңызды қойып, пайдалы ақпарат алуға болады.
Сондай-ақ әрбір мемлекеттік кіріс­тер басқармасында «Консультатив­тік орталықтар» құрылды, республика бойынша 200-ден астам осындай орта­лықтар бар. Консультативтік орталықтар жал­пыға бірдей декларациялау мен мо­бильді аударымдарға қатысты барлық сұ­рақтар бойынша жауаптар береді.

«Қағаз ақшаға қайта көшеміз» деуге негіз бар ма?


Кейінгі жылдары онлайн банкинг кең та­рала бастады. Тұтынушылар да, сәйке­сін­ше өнім мен қызмет көрсету түрлерін ұсынушылар да қолма-қол ақшасыз төлем тү­рін дәсүрлі төлем түрімен қатар қол­да­нуға көшті. 
Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­ты­ғының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қол­ма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86 пайыз­ға дейін өскен (2022 жылғы өсім – 82 пайыз). Тіпті, 6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді бел­сен­ді пайдаланады екен, ата-аналардың 41,4 пайызы балаларына банк картасын ашып бер­ген, бұл – Kursiv Research әлеуметтік зер­делеу орталығының мәліметі.
Осындай күрт өсімді байқап, «онлайн ау­дарымдар мен төлемдер қағаз ақшаны ығыс­тырып, көп ұзамай орнын басады» де­ген пікір айтушылар да көп екенін бай­қау­ға болады. «Қағаз ақшаны қазір кім ұс­тай­ды?» дейтіндер де бар. 
Дегенмен Ұлттық Банктің былтыр жүр­гізген «Қолма-қол ақшаны пай­да­лану­дың орта мерзімді перспективалары» та­қы­рыбындағы әлеуметтік зерттеуінің нә­тижелері мұндай пікірлерге күдікпен қа­рауға негіз болады. Экономика субъек­тіле­рінің төлем құралдарын таңдауы тура­лы алғашқы зерттеуде ел халқының 60 пайызы әлі де болса қағаз ақша қол­да­на­тыны айтылған. Сауалнамаға 9 628 рес­пондент қатысыпты, оның ішінде 6 095 жеке тұлға, 3 533 кәсіпкерлік субъекті қамтылған. Зерттеу нәтижесінде ауылдар мен аудан орталықтарында әлі де болса халық көбінесе қағаз ақша қолданатыны нақты дәйектеліп отыр. 
Демек, жаңа ережеден кейін «Қағаз ақ­шаға қайта көшеміз» деуге негіз жоқ. Бірін­шіден, екі төлем түрі де елімізде шек­теусіз айналымда болатын төлем түрлері, екін­шіден, «цифрлы тәсіл» қолма-қол ақ­шаның орнын басқан жоқ. Төлем тұты­ну­шының, халықтың ыңғайы мен қа­лауы­на, мүмкіндігіне қарай қабылдана бермек.

P.S. Қорытындылай келе, онлайн аударымдарды тексеру, ең алдымен көлеңкелі бизнесті жарыққа шығару үшін енгізілген ереже деуге толық негіз бар. Жақындары мен дос-жаранына ақша аударам деушілерге ешқандай салық та, қауіп те жоқ. Қаржы министрлігі адал кәсіп жүргізіп отырған іскерлерге де алаңдамай-ақ қоюға болады деп сендіреді. Тексеріс кезінде жиналған деректер 2025 жылы белгілі болып, сараланатынын айттық. Бастаманың қандай нәтиже беретінін сол кезде ғана анықтауға мүмкіндік тумақ.

Серіктес жаңалықтары