Тағы да «Қожаберген жырау» туралы
Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанына ғалымдар берген баға
Қожаберген жырау, оның өлең-жырлары жайында бұрында бірнеше сын мақала жазылып, басылым беттерінде күмәнділігі баяндалған еді. Бірақ насихаттаушы топ бұған айылын жия қоймады. Керісінше, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының «300 жылдығын» бетке ұстаған олар 2023 жылы жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде түрлі жиындар өткізіп, жастардың, оқушылардың санасын Қожаберген жырау мен «Елім-ай» дастаны жайындағы ойдан құралған өтіріктермен улап шықты. Бұл аз болғандай елді адастыратын, баланың таным-талғамын бұзатын, көркемдіктен жұрдай, «Қожаберген жыраудікі» делінетін шатпақ өлеңдерді оқулықтарға енгізбекке әрекеттенуде екен. Бұған бейжай қарай алмадық.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының Бас директоры К.Матыжановтың атына (16.12.2023 жыл) хат жолдадық. Онда аталған ғылым ордасы ғалымдарынан Тексеру комиссиясы құрылып, олардың Қожаберген жыраудікі делінетін «Елім-ай» дастанына сараптамалар жүргізуін, мына жайттарды анықтауын өтіндік:
а) институттың Қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған Қожаберген жыраудікі делінетін «Елім-ай» дастанының көркемдік сапасын;
ә) «Елім-ай» дастанындағы баяндаулардың тарихи шындыққа сәйкесетінін не сәйкеспейтінін;
б) Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанын, басқа да «өлең-жырларын» оқулықтарға енгізуге жарамдылығын не жарамсыздығын.
Осы хатымызға 2023 жылы желтоқсанның 20-сында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры К.Матыжановтан мынадай жауап (№056/492) алдық, былай делінген:
«Құрметті Бөрібай Ысқақұлы! Сіздің хатыңызда атап көрсетілгендей, ел арасына «Елім-ай» жырының Қожаберген жырауға «телініп» жүргенінен хабарымыз бар. Осы мәселеге қатысты ҚР МСМ Мәдениет комитеті мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының сұрауы бойынша жауап та жазғанбыз. Сол мақсатта «Елім-ай» дастанының (1981 жылы Мәди Болатов өткізген (№853/1 бума, 10-дәптер) және 1983 жылы Қаратай Биғожин тапсырған (№883-бумадағы (5-дәптер) қолжазбаларына кодикология-мәтінтанулық талдау жасап, сараптау қорытындысын дайындағанбыз. Сіздің сұрауыңызға орай институт ғалымдары тарапынан дайындалған сол сараптау қорытындысын қайтара жіберіп отырмыз».
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында сақталған «Елім-ай» дастанына қатысты қолжазбалардың сапасын, тарихи шындығын анықтау мақсатында білікті ғалымдардан арнайы құрылған Тексеру комиссиясының бізге жолданған сараптау қорытындысын басылым арқылы қалың қазақ та таныссын, құлағдар болсын деп назарға ұсындық.
Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында сақталған «Елім-ай» дастанының қолжазбалары бойынша
CAPAПTAУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында №883 және №853/1 бумаларда сақталған «Елім-ай» дастанының қолжазбасын зерделеу мақсатында 2023 жылдың 14 наурызында арнайы комиссия кұрылды. Комиссия кұрамына елімізге белгілі ғалымдар тартылды: ҚР ҰҒА корр-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ӘӨИ бас директоры К.Матыжанов, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Қасқабасов, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әзібаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Ысқақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Мәдібаева, филология ғылымдарының докторы, профессор
Ш.Керім, филология ғылымдарының кандидаты
С.Медеубек, филология ғылымдарының кандидаты С.Сейілбек, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Алпысбаева, филология ғылымдарының кандидаты П.Әуесбаева, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Рақыш, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Қыдыр, өнертану кандидаты, доцент
А.Қазтуғанова, магистрант Н.Елесбай.
Сараптамаға алынған қолжазбалардың қысқаша сипаттамасы:
№853/1 бумада (10-дәптер) сақталган қолжазбаны 1981 жылы Мәди Болатов институттың қолжазба қорына тапсырған. Мәтін шақпақ жолды оқушы дәптеріне көк сиялы қаламмен араб-төте әрпінде жазылған. Жинаушы мәтінді Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Сунақ ата совхозы Екпінді бөлімшесінде тұратын руы балталы Төлеген Бекенұлы дейтін қарияның айтуынан 1971 жылы жазып алғаны туралы мәлімет келтіреді. Жырдың көлемі – 46 бет, 177 шумақтан тұрады. Қолжазба соңында «13/Х-1980» деп жазылған.
№883-бумадағы (5-дәптер) қолжазбаны 1983 жылы Қаратай Биғожин институттың қолжазба қорына тапсырған. Мәтін кеңсе қағазына көк сиялы қаламмен кирилл әрпінде жазылған. Көлемі – 45 бет, 405 шумақ, 1664 жол. Мәтінмен бірге шығарма жөнінде 13 бет түсінік жазылған. Онда «Елім-ай» жырын мектепте оқып жүргенінде Екінші дүниежүзілік соғысының мүгедегі, 1923 жылы туған Ғосман есімді кісіден 425 шумағын жазып алып үйренгенін, кейіннен ұмытып 253 шумағын ғана есінде сақтап қалғанын жазса, тағы бip мәліметінде 215 шумағын 1949 жылы Теңдік атты кітапханашы қыздан жаттағанын ескертеді. Сондай-ақ Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырының 405 шумағын Қожахмет Дәрібайұлының жалғыз немересі Махмет жатқа айтты деген, енді бірде Қожахмет балуан Дәрібайұлы марқұмнан науқастанып жатқанында жазып алғаны туралы дерек береді. Сондай-ақ ертеде өткен біраз ақындардың бұл жырды жатқа білгені, қолжазбалары болғаны жөнінде мәліметтер келтіреді.
Осы екі бумада (№853/1; №883) сақталған «Елім-ай» дастаны деп көрсетілген шығармаға қолжазбаның қағазы, каллиграфиялық ерекшелігі, көшірілген уақыты, көшірушісі, көркемдік ерекшелігі, жазылу мәнері секілді кодикологиялық және мәтінтанулық зерттеулер жүргізіліп, соның негізінде мынадай қорытынды жасалды:
Жырдың мәнері XVIII-XIX ғасырлардағы шығармаларға ұқсамайды. Сол дәуірдегі дастандар түркі әдеби (кітаби) тілінде жазылған, бұл шығармада осы кезеңге тән тілдік ерекшеліктер сақталмаған. Кейбір сөз қолданыстары бүгінгі заманның жазу стиліне келеді.
Мысалы, Төлеген Бекенұлынан Мәди Болатов жазып алған нұсқада (853/1, 10-дәптер):
Намазды уақытша тоқтатыңдар азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Қожа-молда, ишандар артын қыссын,
Қоржынға салып қойсын шариғатын.
(11-бет, 27-шумақ).
Мұсылман көмектеспей мұсылманға,
Бермеді қару-жарақ қысылғанда.
Түрікпен, естек, қырғыз, ұйғыр, дүнген,
Шет болды осы күні дін исламға.
(13-бет, 32 шумақ).
Әлсіреп тозды біздің отанымыз,
Болды ғой құлдырайтын қоғамымыз.
Кетірген көп қазақтың берекесін,
Билер мен ханға болсын обалымыз.
(13-бет, 35-шумақ).
Бұл шумақтардан кеңестік идеологияның ықпалы байқалады, яғни, қожа, молда, ишан, би мен ханның жағымсыз образы суреттелген. Ал, «азамат», «Отан», «қоғам» деген сөздер де XVIII-XIX ғасырларға тиесілі емес.
Бестамда қайын жұpтқa келіп едім,
Сый-кұрмет Кіші жүзден көріп едім.
Еліме аттанарда жау қамады,
Жаратқан, осыншама мен не қып едім?!
(15-бет, 45-шумақ).
Kөpin тұсың Айшажан,
Қаза тапты қанша адам?
Төбе шашым тік тұрды,
Халқымды көріп қиналған.
(18-бет, 56-шумақ).
Сондай-ақ Биғожин Қаратай жазып тапсырған нұсқада (883-бума, 5-дәптер):
Көрші елге батыр болып атым жеткен,
Терістік Сарыарқаны мекен еткен.
Керейде Толыбай сыншы кіші ұлы едім,
Жырларым үш жүз ұлын елжіреткен (2-бет).
Келем деп мейман болып қyaң Сырға,
Қайта алмай көп қиналдым мен де қырға.
Елімнің мүшкіл халін көзбен көріп,
Қобыз ап қосып тұрмын асқақ жырға.
Алатау, Алакөлден көш келеді,
Көшкен сайын ат пен нар 6oc келеді.
Туысқаннан айырылған жаман екен,
Мөлдіреп екі көзден жас келеді (5-бет).
Дүнгеннің анасы – қытай, атасы – араб,
Жатпады олар тағы текке қapaп...
Тиісіп найман, коңырат, жалайырға,
Мазасын кетірді елдің шабуылдап.
Соқтықпақ ұйғыр, қырғыз тағы бізге,
Қоқан, бұқар сатпады мылтық, қару.
Қазаққа күннгей беттен түре тиіп,
Жолдарын қарастырып олжа табу.
Coл мылтық қазақтарға сатылмады (6-бет).
Айырылды бай, мырзалар саудасынан,
Бектердің ұшты бақыт cay басынан.
Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан,
Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан (7-бет).
Түркістан оғыз, түрік астанасы.
Бұл күнде қазағымның астанасы.
Қалмақтың жауыздары басып алып,
Оның дa шығып жатыр масқарасы (9-бет).
Мінекей, бұл жерді де қалмақ алмақ,
Кердері теңізі, Сыр жауда қалмақ.
Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр
Япыр-ау, біздің қазақ қайда бармақ? (16-бет)
Айшажан, жылап мені жасытпашы,
Отпын ғой шал дa болсам, жанатындай (25-бет).
Көп босап өшірме, Айшам, жанарыңды,
Тауыспа менің жылап амалымды.
Сібірге сені арқалап жеткізермін,
Жыл жүріп тоздырсам дa табанымды (25-бет).
Бұқар да биылғы жыл отыз жаста,
Атағы ақындықпен шықты алашқа.
Oл дағы көп қиналып жүрген шығар,
Түскен соң ауыр бейнет қайтсын басқа?
(33-бет)
Институттың қолжазба қорында сақтаулы тұрған «Елім-ай» аталатын өлең мәтіндерінде XVIII-XIX ғасыр ақын-жырауларының тіліне үйлеспейтін сөз қолданыстары өте көп. Шумақтарда қазіргі қолданыстағы сөз орамдарының орын алуы халық жырларында бірен-саран кездесіп отыратын анахронизмнен мүлде бөлек.
Жоғарыдағы келтірілген мысалдардан мәтіннің көркемдігі сын көтермейтіні, авторының ақындық деңгейі төмен екені аңғарылады. Өлең өлшемі мүлде сақталмаған, шумақтардың басым көпшілігі жеңіл ұйқасқа құрылған. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының көшірмелері есебінде сақталған екі қолжазба XVIII-XIX ғасырлардағы қадімше жазу үлгісінде емес, кеңес кезеңінде хатқа түскені анық. Авторлық ауыз әдебиеті мұраларының мәтіндік-нұсқалық ерекшеліктерін ескере отырып, текстологиялық capaптамa жасау барысында бұл мәтіндердің ақиқаттығы дәлелденбеді. Авторына қатысты деректер де күмәнді.
А.Байтұрсыновтың, Х.Досмұхамедовтің, М.Жұмабаевтың, М.Әуезовтың, С.Мұқановтың, Х.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтың, М.Мағауиннің, Ж.Тілеповтың қазақ әдебиетінің тарихына қатысты ХVIII ғасырдағы қазақ жырауларының шығармашылығына арналған зерттеу еңбектерінде мұндай дастан жөнінде еш дерек айтылмайды. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1960-1967) алты томдық еңбекте, «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989) жинағында, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2003-2008) он томдығында аталған жыр туралы мәлімет кездеспейді.
Музыкатанушы-этнограф, композитор А.Затаевич «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңіне қатысты «Елім-ай» әнінің үш нұсқасын нотаға түсіріп, 1925 жылы Орынборда шыққан «Қазақтың 1000 әні» жинағына халық мұрасы ретінде енгізген (№444, 493, 714). «Елім-ай» әнінің, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырау екені айтылмайды.
Жыраулар поэзиясын зерттеген М.Мағауин: «Керей Қожаберген деген жырау болған. Алтынсарин «Хрестоматиясында» аты аталады, бip үзік толғауы жүр. Бірақ белгілі Бұқарды қайталайды. Мүмкін, ортақ сарын. Мүмкін, әуелде Қожабергенге тиесілі тіркестер. Алайда Бұқарға біржола кіріккен. Ал Қожаберген атына қатысты басқа бip нұсқaлap кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп, Қожабергенмен қоштастым», – деп жазады (Мағауин М. Шығармалар жинағы. Он үш томдық. 1-2 кітап. Алматы, 2002. 354 б.).
Текстологиялық сараптамалардың нәтижесінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында №853/1; №883 бумаларда сақталған мәтіндерді «Елім-ай» атты дастан деп тануға, оларды Қожаберген жыраудың төл шығармасы ретінде айқындауға ғылыми негіз жоқ деген қорытынды жасалды.