Ауыл тұрғындары таза ауыз суға мұқтаж – депутат

Еліміздің түкпір-түкпірінде ауылды жерлерге ауыз су тарту жағы ақсап тұр.

Ауыл тұрғындары таза ауыз суға мұқтаж – депутат
835

Депутаттарының өңірлерге сапары аясында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Гүлдара Нұрымова Жамбыл облысына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Әулиеата өңірін аралаудан бастаған депутат ауылдықтардың мәселесін тыңдады. Кездесуде тұрғындар әлеуметтік мәселелерді, ауыз су, тұрақты жұмысмен қамту, «Ауыл аманаты» жобасы аясында туындаған проблемаларды шешу бойынша өтініштерін жеткізді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде ауылды жерлерге ауыз су тарту жағы ақсап тұр. Қаржы бөлінеді, су станциясы салынады, тиісті органдармен қабылданады. Бірақ халық әлі күнге сусыз отыр. Жамбыл облысында да осы мәселе алдымыздан шықты. Бірнеше ауыл тіршілік нәріне зәру, – деді Гүлдара Нұрымова.

Іс-сапар барысында Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылының тұрғындары таза ауыз суға мұқтаж екендерін айтты. Ал, аудан әкімдігі «Жігер-2004» серіктестігімен сапалы су тарту бойынша 2020 жылы наурызда шарт жасаған. Жұмысты сол жылдың желтоқсан айында қабылдап алған. Жобаға сәйкес тереңдік 200 метр болуы қажет. Алайда, бірінші ұңғыма – 159 м, екінші ұңғыма – 171 м болып шыққан. Салдарынан ауыл тұрғындары әлі күнге дейін тіршілік нәрінен тарығып отыр. Депутаттың айтуынша,  енді бір жыл кепілдік мерзімі бар. Сол уақытты сарп етпей, су тартуды тездету керек.

Сонымен қатар Гүлдара Нұрымова Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылының халқы да ауыз судан таршылық көріп отырғанын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы өз жолдауында 2025 жылға дейін ауыл халқын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген. Президент жүктеген міндетті белгіленген мерзім ішінде орындау керек, – деген Г. Нұрымова ауылдардағы ауыз су мәселесін назарға алатынын айтты.

Сонымен қатар депутат «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарымен танысып,  тұрғындар тарапынан  айтылған ұсыныстарды тыңдады.  

 

Серіктес жаңалықтары