Ақмола полицейлері қар құрсауында қалған 900-ге жуық көлікке жол бастап жүрді
Батальон мен патрульдік полиция ротасының экипаждары күшейтілген режимде қызмет етеді.
Ақмола полицейлері қар құрсауында қалған 900-ге жуық көлікке жол бастап жүруді 2 сағат ішінде ұйымдастырды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта патрульдік экипаждардың сүйемелдеуімен жеңіл және жүк көліктерінен жасалған колонналар елорда бағытында қозғалысын жалғастыруда. Ауа райына байланысты Ақмола өңірінде Көкшетау қаласы мен Астананың айналасындағы барлық бағыттар бойынша автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелген.
8 қаңтарда Алматы – Екатеринбург, Астана – Петропавл, Астана – Қарағанды, Астана – Ерейментау – Шідерті, Көкшетау – Рузаевка халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды жабу туралы шешім қабылданды.
«Қатты желдің, боранның және соның салдарынан көрінудің шектелуінің салдарынан облыстың автожолдарында қарлы тұтқында жүздеген көлік қалды. Қазіргі уақытта батальон мен патрульдік полиция ротасының экипаждары күшейтілген режимде қызмет етеді. Көрінбейтіндігіне қарамастан, полиция қызметкерлері трассаларды күзетеді, көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар жүргізушілерге көмекке келеді», – делінген хабарламада.
Сағат 13:00-де полицейлер Астана қаласына дейін 530 бірлік (460 жеңіл, 70 жүк) автокөліктің бірінші колоннасын ілесіп алып жүруді бастады. 350 көлік құралының тағы бір колоннасы кері бағытта жүріп келеді. Күні бойы полицейлер көліктерді ілестіріп алып жүруді жалғастырады.