Қазақстандық жүргізушілер жол-көлік оқиғасын полиция көмегінсіз рәсімдей алады

Ол үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі.

Қазақстандық жүргізушілер жол-көлік оқиғасын полиция көмегінсіз рәсімдей алады
freepik.com
1404

1 қаңтардан бастап азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды ресімдей алады, деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, ол үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі.

Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.

«Еурохаттама» арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:

1) Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;

 2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;

3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол 369 мың теңге.

«Осындай тәртіпте жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға «Еурохаттама» қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Қосымшаны тиімді пайдалану мақсатында жол-көлік оқиғасының қатысушылары жақын жердегі полиция нарядына жүгіне алады. Олар оны пайдалану кезінде көмек көрсетеді. «Еурохаттаманың» артықшылығы неде? Біріншіден, азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді. Екіншіден, жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Үшіншіден, сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді. Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және жол-көлік оқиғаларын болдырмауға шақырамыз», – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Тілекбаев.

 

Серіктес жаңалықтары