Актер Рүстем Жаныаманов пен жұбайы Жанаргүл отбасында болған ауыр қаза туралы алғаш рет ашық айтты. Өнер иелері журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында баласынан айырылғаннан кейінгі қиын кезеңді еске алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рүстем Жаныаманов бұл қайғыны көтеру оңай емес екенін айтып, қиын сәттерде жұбайы екеуі бір-біріне сүйеніш болатынын жеткізді.
Актердің сөзінше, баласынан айырылу отбасының әлі күнге дейін жанды жері болып отыр. Ол ұлынан айырылған сәтті де еске алды.
«Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесе екен деймін. Бұл әлі күнге дейін біздің жанды жерімізге тиеді. Мұны көтеріп жүрудің өзі үлкен күшті қажет етеді екен. Жанар екеуміз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Ешкім мені түсінбейтіндей көрінеді. Тек Жанар түсінеді.
Баламды қайта алып келетін ешқандай құдіретіміз жоқ. Осылай болу керек болды. Қабылдау керек, мықты болу керек. Баламыздың жаны жәннатта болса екен деймін. Алла бізге күш берсе екен. Себебі оңай емес, өте ауыр. Орны толмайтын қаза болды», – деді актер.
Сондай-ақ ол баласының зиратына әлі күнге дейін барып тұратынын айтты. Қиын сәттерде жұбайына келіп, көңілін жұбататынын жеткізді.
«Сәл сынып бара жатсам, Жанарға келемін. Мықты болмасқа амал жоқ, өмір жалғасады. Мен барған кезде баламның жансыз денесі жатыр екен. Ондай кезде ештеңе ойламайсың, тек бір Алладан қорқасың. Сол кезде баламның басын ұстап, құлағына сыбырладым: "Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммадур расулуллаһ" дедім. "Біз кездесеміз, балам", – дедім», – деп еске алды Рүстем Жаныаманов.