Павлодарда ер адам анасын ұрып өлтірген

Сотта 44 жастағы ер адам кінәсін мойындады

Павлодарда ер адам анасын ұрып өлтірген
ашық дереккөз

Павлодарда өз анасын ұрып өлтірген тұрғын сотталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, ер адам бұрын қылмыс жасағаны үшін түрмеде отырған.

Павлодар қаласы №2 сотында ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.  

«Былтырғы жылдың шілде айында ер адам өзінің пәтерінде анасымен және бірге тұратын әйелмен ішімдік ішкен. Айыпталушы анасымен сөзге келісіп қалып, оның денсаулығына ауыр зиян келтіре отырып, басынан бірнеше рет ұрған. Алған жарақаттардан анасы көз жұмған», – делінген хабарламада.

Сотта 44 жастағы ер адам кінәсін мойындады. Сондай-ақ айыпталушы бұрын қауіпті қылмыстық әрекеттер жасағаны үшін сотталған болатын. 

«Осыған байланысты ер адамға үкімдерінің жиынтығы бойынша 9 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.