Медиация саласын дамытуға арналған конференция өтті

Конференцияға қатысушылар медиация рәсімін бір жүйеге келтіру мақсатында кәсіби медиаторларды даярлайтын ұйымдарды орталықтандырылған аттестациядан өткізу керегін атап өтті.

Медиация саласын дамытуға арналған конференция өтті
Turkystan.kz

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік тапсырысы аясында жүзеге асырылып жатқан «Медиация саласын дамыту» республикалық жобасын іске асыру қорытындыларына арналған конференция өтті.

Конференция жұмысына Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, медиация саласындағы мемлекеттік саясатты және қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері мен сарапшы медиаторлар қатысты.

2021 жылдан бастап Министрлік медиация саласын үйлестіру мен дамуын қамтамасыз ететін уәкілетті орган. Осы жылдың басынан алғаш рет «Халыққа құқықтық ақпарат беру мәселелері бойынша диалог алаңдарын ұйымдастыру және дауларды сотқа дейінгі реттеу бойынша қоғамдық медиаторларды оқыту» гранты іске асырылуда.

Биыл наурыз айынан бастап Министрліктің тапсырысы негізінде «Халықаралық келіссөздер академиясы» ЗТБ «Медиация саласын дамыту» жобасын жүзеге асыруда. Жүйелік проблемаларды пысықтау, ұсыныстарды жинақтау және республикадағы медиацияның жай-күйін егжей-тегжейлі талдау барысында халық өмірінің барлық салаларында медиацияны қолдануды қолдау және тарату бойынша шаралар әзірленді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек өз сөзінде 2021 жылы күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің бір бабында ғана медиация туралы айтылғанын, медиация тиімді құралдардың бірі болғандықтан, оның жеткіліксіздігін атап өтті. Бұл үшін соттарға, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне әкімшілік соттар арқылы шағымданудағы жүктемені азайту мүмкіндіктер жасау қажет.

Өз кезегінде Министрліктің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас Министрліктің медиация бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудағы жұмысының барысы мен нәтижелері туралы баяндады.

Сондай-ақ, конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаттары Абзал Құспан, Асқар Садықов, Министрлік жанындағы жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты Ләззат Сүлеймен медиаторлардың біліктілігін арттыру, кәсіби этиканың сақталуын бақылау және мемлекеттік органдармен және халықаралық медиация институттарымен өзара іс-қимыл жасау мәселелерімен жүйелі түрде айналысатын бір ұйымға бірігу мақсатында медиаторлардың сарапшылық қоғамдастығын біріктіруге шақырды.

Конференция соңында «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығының төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетов «Медиация саласын дамыту» жобасын іске асырудың аралық қорытындыларын және медиацияны дамыту бағытында заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды баяндады.

«Алға қойылған мақсаттарға жету үшін жаңа идеяларды іске асыру, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді күшейту және оларды қолданудың тармақтарын кеңейту, кейбір жағдайларда түбегейлі қайта қарау және өзгерту қажет», - деді спикер.

Конференцияға қатысушылар медиация рәсімін бір жүйеге келтіру мақсатында кәсіби медиаторларды даярлау және мемлекеттік тілде сапалы оқу құралдары мен бағдарламаларын әзірлеу, медиаторларды даярлайтын ұйымдарды орталықтандырылған аттестациядан өткізу және медиаторлар үшін бірыңғай құжат үлгілерін бекіту қажеттігін атап өтті.

Жоба аясында конференцияға қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулері Парламент Мәжілісінің депутаттарына медиация саласындағы қолданыстағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды одан әрі қарау үшін ұсынылды.