Сыры қатпар сыртқы саясат
Биыл Президенттің қатысуымен көпжақты және екіжақты қарым-қатынастар аясында 268 іс-шара өтті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдерге 19 рет сапарлады. 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты.
2023 жыл сыртқы саясаттағы нық қадамдармен есте қалмақ. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елге қызмет бабымен барды. Сол сапарларда бірқатар келісімге қол қойылып, елдің саяси-экономикалық ахуалына әсер ететін тағдыршешті шешімдер қабылданды. Бұл қадамдар, әсіресе, геосаяси ахуал одан әрі ушығып тұрған тұста маңызды болғаны анық.
Биыл Президент 19 елге жұмыс бабымен сапарлаған. Одан бөлек, елімізге басқа елдің президенттері де келді.
Еліміздің сыртқы саясат тақтасында «бәрімен дос» немесе бейтарап тактикамен ерекшеленетіні – бұрыннан бар пікір. Қауіп пен мүмкіндік аралас қазіргі жағдайда бағдарды қайта саралап, сыртқы факторларды ескеру кейінгі қадамдардың шалыс болмауына кепіл болары анық. Биылғы 19 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте осы мәселеге тоқталып, Сыртқы саясат тұжырымдамасы жаңаруға тиіс екенін айтқан болатын.
– Бізге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тың тәсілдері қажет. Сол үшін тиісті стратегияны заман талабына сай қайта қарау керек. Сыртқы саясат тұжырымдамасы да жаңартылуға тиіс. Бұл құжат мүлде басқа геосаяси жағдайда қабылданған. Қазір көп нәрсе өзгерді. Яғни, ішкі қауіпсіздікті сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия аймағының халықаралық деңгейдегі беделін арттыру мәселелері басты назарда болуы керек, – деген еді Президент.
Бұл мәселе кейіннен Жолдауда да көтерілді, осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар екенін Президент назарға салған болатын.
– Басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды, – деген болатын Президент биылғы Жолдауында.
Орайлы он тоғыз сапар
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жұмысын қорытындылап, kazinform.kz порталына көлемді сұхбат берді. Сұхбатта халықаралық байланыс бағыты туралы да сөз болған. Сонымен, Президенттің баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенсек, биыл Президент 19 елге жұмыс бабымен сапарлаған. Шетелде барлығы 33 күн болған, 152 921 шақырым жол жүрген, 243 сағат 46 минутын ұшақта және тікұшақта өткізген.
– Биыл еліміздің сыртқы саясатына қатысты жұмыстар өте белсенді жүргізілді. Жалпы, Президенттің қатысуымен көпжақты және екіжақты қарым-қатынастар аясында 268 іс-шара өтті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдерге 19 рет сапарлады. 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты. Атап айтқанда, шет мемлекеттердің президенттерімен 30, шетел үкіметтері басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, іскер топтар өкілдерімен 106 кездесу өткізілді. Мемлекет басшысының сапарлары шеңберінде 18 екіжақты құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар 27 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. 41 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті, – деді Берік Уәли. Сонымен қатар ол бұл қашықтық Жер шарын 4 айналғанмен тең деп түсіндірді. Президент биыл Қытайға мемлекеттік, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Вьетнамға, Германияға, Қытайға ресми, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Ресейге, Қырғыз Республикасына, Түркияға, Сауд Арабиясына, Тәжікстанға, АҚШ-қа, Беларуське, Әзербайжанға жұмыс сапарымен барған.
Президенттің баспасөз хатшысы да еліміз ұстанған сыртқы саясат бағыты туралы айтқан. Оның сөзінше, биыл Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі арттыру мақсатында маңызды шешімдер қабылдады.
– Теңгерімді және конструктивті сыртқы саясат еліміздің ұстанатын басты бағыты саналады. Осы орайда ұлттық мүддені қорғау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселесі басты назарда болды. Биыл Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі арттыру мақсатында маңызды шешімдер қабылдады. Мысалы, Солтүстік Македонияда Қазақстан Республикасының елшілігін, сондай-ақ Қытайдың Сиань, Ресейдің Екатеринбург және Германияның Гамбург қалаларында Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылдады, – деді Берік Уәли.
25 желтоқсанда Сыртқы істер министрлігі де 2023 жылды қысқаша қорытындылап, брифинг өткізді. Министрлік өтіп бара жатқан жыл халықаралық қатынастарды жандандырғанын айтып, есеп берді.
– Биыл сыртқы саяси тректе үлкен жұмыс жүргізілді, Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар, Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің, Сыртқы істер министрінің шетелге сапарлары, сондай-ақ елімізге жоғары дәрежелі шетелдік қонақтардың сапарлары ұйымдастырылды және өткізілді, – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Министрліктің ресми мәліметіне сүйенсек, биыл елімізге ресми сапармен 32 мемлекет және үкімет басшылары, 24 сыртқы істер министрі және халықаралық ұйымдардың басшылары келген.
Олардың ішінде Мажарстан, Ұлыбритания, Италия, Қырғыз Республикасы, Люксембург, Македония, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Швейцария, Оңтүстік Корея және т.б. сыртқы саяси ведомстволардың басшылары бар.
Жалпы, еліміз әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты, ал біздің дипломатиялық қатынастарымыздың географиясы 71 мемлекеттегі 109 мекемені қамтиды. Сонымен қатар биыл дипломатиялық қарым-қатынас орнату үшін ел мен елдің арасындағы қашықтық маңызды емес екенін тағы бір дәлелдеген жыл болды. Мәселен, қарашада Того Президенті Фор Гнассингбе біздің елге алғаш рет келді. Астанасы – Ломе қаласы – Астанамен 8 мың шақырым қашықтықта орналасқан бұл Африка мемлекетінің Қазақстанмен тығыз экономикалық байланысы болмаған еді.
Жалпы, биылғы бірінші жартыжылдықта елімізге 13,3 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл – биылғы Жолдауда да айтылды.
Яғни, осы жетістіктерді сыртқы саясаттағы салмақты қадамдардың жемісі деп есептеуге болады. Жалпы, биылғы Президент сапарлары, оның нәтижелері, ондағы келіссөздер туралы көп сөз жазуға болар, дегенмен соның ішіндегі ең негізгілеріне, еліміз үшін жемісті болғандарына жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік.
Оңтайлы одақтастық
2023 жылы қытай-қазақ қатынастары бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерілді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин коронавирустан кейінгі бірінші сыртқы сапары аясында біздің елге келген болатын. Ал биыл Мемлекет басшысы алып аспан асты еліне 2 рет – мамырда және қазанда барды. Оның біреуі – мемлекеттік сапар, екіншісі ресми сапар болды. Көктемгі сапар аясында 23 құжатқа қол қойылса, күзде 35 құжатқа қол қойылыпты. Мұның барлығы екіжақты қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін айқындайды. Қазақ-қытай қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге екі елдің де орасан зор әлеуеті бар екенін Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Си Цзиньпин де халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі деген еді. Сонымен қатар екі ел мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алғанына да ерекше тоқталған.
Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс одан әрі жандана түседі деген болжам жыл басында, өткен жылдың аяғында да айтылып жүрді. Соның ішінде, шетелдің, атап айтқанда батыстың сарапшылары да осындай пікір білдірген болатын. Мәселен, британдық The Economist басылымының 2023 жылға болжам жасалған санында екі ел арасындағы байланыс нығая түсетіні, соның ішінде екі ел мүддесіне қатар сай келетін қадамдар жасалатыны айтылған болатын.
Қытай – иек астында тұрған ең әлемдегі ірі нарықтың бірі. Осыны ескерсек, Қытаймен араға визасыз режим енгізу – биылғы ең маңызды әрі ұтымды шешім деуге болады. Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим ресми түрде 10 қарашада күшіне енді. Біздің кәсіпкерлер Қытайға жиі баратыны белгілі, ал қытайлықтар бізге жаңа серіктестер іздеуге немесе келісімдерге қол жеткізілген жобаларды жүзеге асыруға келеді. Сондай-ақ оқу, туризм, медициналық туризм салаларын да есепке алған жөн. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады.
2023 жылғы алғашқы 10 айда екі елдің тауар айналымы шамамен 32,7 миллиард долларға жетті. Бұл – 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Яғни, алыс-беріс деректеріндегі динамика геометриялық прогрессиямен өсіп келеді. Бұған дейін Қазақстан мен Қытай басшылары сауданы 2030 жылға қарай 40 млрд долларға дейін жеткізу туралы мақсат қойған болатын. Дегенмен қазіргі қарқынды ескерсек, бұл межеге 2-3 жыл ішінде жетуге мүмкіндік бары анық.
Қазір инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Қытай мен Қазақстан арасындағы үшінші теміржол құрылысы жөніндегі келісімді, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі ынтымақтастықты атап өтуге болады. Мұның бәрі Қазақстанға логистикадан тікелей пайда әкеледі.
Өткен жылы Алматыда қытайлық Changan, Chery және Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың құрылысы басталғаны белгілі. 2025 жылы кәсіпорын жұмысын бастайды.
Биылғы сапарларда екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Қаншама келісімдерге қол қойылды. Оның барлығы ел экономикасының өсіміне қозғаушы күш болмақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы JD.com электронды коммерция алаңында Қазақстанның ұлттық павильонын салтанатты түрде ашып, Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Бұл жиынға әлемнің 20-дан астам елінің президенттері, 130-дан астам мемлекеттің өкілдері келді. Мұның барлығы геосаяси ахуалды ұтымды пайдаланып, транзиттік елге айналудағы әлеуетімізді көтеруге әсер ететіні анық.
Айтулы АҚШ сапары
АҚШ-қа сапары аясында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйледі, дәлірек айтсақ, бірқатар өзекті жаһандық және өңірлік жобаның дамуына байланысты мәселені көтерді. Негізінде, мұнда сөз болған мәселелер Президент бұрыннан айтып жүрген, көтеріп жүрген өзекті мәселелердің негізгі түйіні деп те айтуға болады.
Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау мәселесі. Бұл жолы да осы маңызды құрылымды реформалау керек екені туралы тағы бір рет нақты айтты. Соның ішінде, мұнда орта державалардың үні көбірек естілуі керек екеніне тоқталды. Бұл – жалпы жаһандық даму жағынан көтерілген негізгі бастаманың бірі болды.
Ал егер, аймақтық тұрғыдан алатын болсақ, экологиялық күн тәртібіне үлкен мән берілді. Атап айтқанда, су ресурстарын дамытуға байланысты барлық мәселе қамтылды. Арал, Каспий теңізінің проблемалары өте өзекті екені белгілі. Бұл мәселелерді Орталық Азиядағы барлық ел осы бағытта белсенді өзара іс-қимыл арқылы өңірлік деңгейде шешуі қажет.
Сонымен қатар Президент Қазақстан БҰҰ Жарғысын және қабылданған барлық халықаралық құқық нормасын ұстанатынын айтты. Қазіргі ахуалды, қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, келіспеушіліктерді, әртүрлі мәселелерді күшпен емес, саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек екеніне тоқталды. Яғни, біздің ел мәселені дипломатия арқылы, диалог арқылы шешуді әрқашан қолдайтынын жеткізді.
Бұл сапардағы елеулі оқиғаның бірі – Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммиті болды. Бұл жиынға сарапшылар тарихи басқосу деп баға берді. Себебі бұрын бұл саммит тек сыртқы саяси ведомстволар басшыларының деңгейінде ғана өтетін, яғни тек сыртқы істер министрлері қатысатын. Ал бұл жолы бірінші рет президенттік деңгейде ұйымдастырылды. Орталық Азияның 5 елінің президенті, сонымен қатар АҚШ Президенті кездесіп, өзекті өңірлік мәселелерді талқылады.
Аймақтық масштабта қарасақ, бұл жиын Орталық Азия жеке субъект ретінде маңызға ие болып келе жатқанын дәлелдеді. Өйткені бұған дейін 2022 жылы Орталық Азия – Қытай, Орталық Азия – Ресей, Орталық Азия – Еуропа елдерінің саммиттері өткен болатын.
Жаһандық, аймақтық мәселелерден бөлек, Президент Ауғанстандағы ахуалға тоқталды, су мәселесі, климат мәселесі, конфессияаралық диалог проблемалары көтерілді.
Сондай-ақ бұл сапарда Президент Иран, Финляндия, Венгрия, Португалия, Оңтүстік Корея, Кения президенттерімен, яғни жалпы бірқатар елдің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді, онда екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Бұл да – осы сапардың басты бағытының бірі. Себебі мұндай кездесулер кезінде ынтымақтастық нығайып, ұзақмерзімді келісімдер жасалуы, болашақта соның негізінде бірқатар бастама жүзеге асуы мүмкін екені белгілі.
Елдер ғана емес, сонымен қатар ірі халықаралық корпорациялар қорларымен өткен кездесулердің де маңызы зор болды. Көбінесе экономика, логистика, қаржы, цифрландыру салалары бойынша жүздесулер өтті. Бұл да экономикамызды дамыту тұрғысынан аса маңызды. Дәл қазір осы салалар біздің экономикамызды ілгерілететін бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Түркі елдері бірлігінің биік белесі
2023 жылғы тағы бір жетістік – Қазақстанның түркітілдес мемлекеттер арасындағы ұстанымын нығайтуы деп айтуға болады. Қарашада Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының жиыны өтті.
Ұйымға төрағалық етуші елдің көшбасшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің ұйымына жаңа-идеологиялық бағытты жандандыратын уақыт келгенін айтқан. Оның пікірінше, түркі интеграциясы әлемдік аренадағы экономика мен саясат мәселелерінде өз алдына бір «күшке» айналуға тиіс. Осыған байланысты «TURKTIME» тұжырымдамасы ұсынылды. Тарқатып айтар болсақ, дәстүр (traditions), біріздендіру (unifcation), реформалар (reforms), білім (knowledge), сенім (trust), Инвестициялар (investments), медиация (mediation) және энергия (energy). Бұл бағыттар мәдени интеграцияны, ғылыми, экономикалық байланысты дамытуды, сауданы кеңейтуді білдіреді.
Мәдени байланыс пен ынтымақтастықты нығайтқан бауырлас елдер енді экономикалық және саяси интеграцияға көбірек көңіл бөле бастағанын айтып өту керек. Бұл өзара сауда байланысын дамытуға жол ашатын және инвестицияға қолайлы біртұтас алаң құруда аса маңызды.
Бұл бағытта да еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары анық байқалады. Түркі әлемінде өзіндік орны бар мемлекет ретінде Қазақстанның бұл алаңдағы маңызы орасан екені байқалады.
Батыспен байланыстағы серпіліс
Еуроодақ та Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала бермек. Ресей-Украина шиеленісінен кейін батыспен байланыс жандана түскені де жасырын емес. Еуропа мемлекеттері де Орталық Азия елдерімен ынтымақтасуға мүдделі екенін айтып өткен жөн.
2023 жыл Еуропа елдерінің біразымен жүргізілген жоғары деңгейдегі бірқатар келіссөзбен есте қалмақ. Мысалы, Мемлекет басшысы қыркүйекте Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесті. Осы ретте Франция Президенті Эмманюэль Макронның елімізге жасаған ресми сапарына ерекше тоқтала кеткен жөн. Франция мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүрді. Айта кету керек, Франция еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің әрі Қазақстанға көп инвестиция құйған мемлекеттің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы биыл қаңтар-тамыз аралығында 2 миллиард 700 миллион долларға жеткен. Бұл былтырғы жеті айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 21 пайызға көп. Жалпы, Эмманюэль Макронның елімізге сапары қазақ-француз байланысын жаңа деңгейге көтергені анық. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел энергетика, транзит және логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салалары бойынша өзара тығыз байланыс орнататынын айтты.
Сондай-ақ 2 қарашада Қазақстанға Венгрия Премьер-министр Виктор Орбан келді. Екі елдің қарым-қатынасы гуманитарлық және экономикалық байланыстарға негізделген.
Франция да, Германия да, Венгрия да Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға, байланыстан тең пайда көруге мүдделі. Сонымен қатар Еуроодақ пен Қазақстан «Шенген» визасын беруді оңайлату жөнінде келіссөз жүргізуді бастап кетті. Бұл мәселе 23 қазанда Люксембургте өткен ЕО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық кеңесінің отырысында талқыланды. Кеңесте ЕО мен Қазақстан өз ынтымақтастығын тереңдетуге және кеңейтуге мүдделі екені растады. ЕО Қазақстандағы реформалар мен жаңғырту жұмыстарына қолдау білдірді. Айта кету керек, биыл Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас құрылғанына 30 жыл толды.
«Қазақстан көшбасшысы бейтараптықты өнер дәрежесіне көтерді»
Биыл Мемлекет басшысы 3 шетел басылымына сұхбат берген, 2 мақаласы жарық көрді. Соның ішінде, Америкалық The Hill саяси басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «БҰҰ қысқамерзімді шешімдерге ғана емес, жүзжылдықты анықтайтын шешімдерге де назар аударуы керек» деген мақаласы маңызды оқиғалардың бірі болды. Президент мақалада халықаралық қоғамдастықты шара қабылдауға шақырады, жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге нақты көзқарас пен табандылық қажет екенін жеткізеді.
Жалпы, Президент тек ел мүддесі үшін ғана емес, жаһанды алаңдатқан мәселелерді де көтеріп, жиі сөз сөйлейді. Бұл ретте, әлемдік масштабта аса тәжірибелі дипломат ретінде беделі бар екені бұрыннан белгілі.
Мәселен, биыл Қасым-Жомарт Тоқаев туралы жазылған шетел сарапшыларының мақалаларының бірінде «Қазақстан көшбасшысы бейтараптықты өнер дәрежесіне көтерді» деген пікір айтылған. Аустралия журналисі, халықаралық саясат шолушысы Линн О'Доннелл Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта өз елін қорғау үшін дағдысы мен тәжірибесіне сүйеніп кедергілер жолын қайта саралап жатқанын жазған.
– Ресеймен шекара Орталық Азия орбитасындағы ең ірі және ең бай тәуелсіз мемлекеттің көшбасшысы ретінде Тоқаев прагматикалық бейтараптықты өнер дәрежесіне көтерді, – деп жазады ол. Сондай-ақ аймақтық сарапшылар Президенттің тепе-теңдік ұстаудағы қабілетін жоғары бағалайтынын айтып өткен. Сонымен қатар дипломатиядағы қадамы нық деп баға береді.
Сыртын танысаң да, сыры белгісіз, тосын оқиғаларға толы сыртқы саясат ойынында ел мүддесін жықпайтын, мерейін өсіретін шешім қабылдау өнер екеніне келіспеске болмас.
Жалпы, сапарлар мен кездесулер, келісімдер мен келіссөздер өтіп бара жатқан жылды сыртқы саясаттағы жемісті жылдардың
бірі деп сенімді түрде айтуға себеп бола алады. Мәселені диалог арқылы шешу – сыртқы саясатымыздың негізгі қағидасы болып қала бермек. Бұл жолда Мемлекет басшысы ұстанған салмақты бейтарап бағыт – еліміздің өзгелермен иық тіресіп алға беттеуіне төте жол болмақ.