Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Қазіргі шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген", - делінген хабарламада.
Қазір Ұлттық банк жоғары инфляциялық күтулерді, орнықты базалық инфляцияны және тарифтік реформалардың кейінге қалдырылған әсерін назарға ала отырып, 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкін болмайды деп санайды.
Инфляцияның орнықты баяулау үрдісі қалыптасқанына сенімділік болмаған жағдайда ақша-кредит шарттары қатаңдатылуы мүмкін.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.