Полиция ауыспалы нөмірлерден келген 43 миллионнан астам қоңырауды бұғаттаған
Интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді.
Ауыспалы нөмірлерден жасалған 43 млн-нан астам қоңырау бұғатталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Бүгінде ішкі істер органдарының алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі – киберқылмысқа қарсы күрес. Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни екі мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, биылдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді.
Ең жиі кездесетін алдау түрі – интернет арқылы «жоқ» тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде алдын ала төлем алу (жеті мың факт). Екінші орында – банк қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңыраулар (екі жарым мың факт). Үшінші орында – онлайн-қарыздарды ресімдеу (екі мың факт).
«Киберқылмыстың өсуі және оның жаңа түрлерінің пайда болуы тек Қазақстан мен ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Мұндай қылмыстар трансшекаралық сипатқа ие. Сондықтан да оларды ашу қиынға соғып жатады. Өздеріңіз білетіндей, интернетте шекара жоқ. Қылмыскерлер түрлі анонимді, шет елдерде орналасқан сервистерді пайдаланады», – деп атап өтті ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.
Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу және оларды ашумен ІІМ криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы айналысады.
«Биыл жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде үш мыңнан астам интернет-алаяқтық жасаған 828 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қыркүйек айында Өскеменде 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар үш күдікті ұсталды. Олардан ұялы телефондар, ноутбуктер тәркіленді. Жалпы келтірілген шығын 80 млн теңгені құрады», – деді спикер.
Желтоқсан айында елордада полицейлер төрт алаяқтық сall-орталықты анықтады. Тінту іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 170-тен астам ноутбук пен желілік жабдықты тәркіледі.
Мүдделі мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден түсетін қоңырауларды бұғаттау бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Биыл 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталды.
Сонымен қатар 15 қарашадан бастап Қазақстан тұрғындарының стационарлық телефондарына келіп түсетін халықаралық қоңырауларды анықтау және бұғаттау жүйесі іске қосылды. Жүйе іске қосылған сәттен бері 278 мыңнан астам қоңырау бұғатталды.
Сондай-ақ қарыз алу рәсімдері sms арқылы растау және биометрия жүйесімен күшейтілді.