«Анасының есімі белгілі»: Бельгиялық әйел асырап алған қазақ баласына қатысты тың дерек шықты

21 жастағы Эдди Жан туған ата-анасын іздеп, Қазақстанға келген болатын.

«Анасының есімі белгілі»: Бельгиялық әйел асырап алған қазақ баласына қатысты тың дерек шықты
Фото: facebook.com/janibek.saveliev
4391

Бельгиялық отбасы асырап алған 21 жастағы Эдди Жан туған ата-анасын іздеп, Қазақстанға келген болатын. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім де берілген. «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына қатысқан қазақ баласына маңызды мәлімет пайда болды, деп хабарлады turkystan.kz.

Тележүргізуші Қымбат Досжан Жәнібекке қатысты құжат табылғанын жеткізді.

«Мұратқа қатысты тағы да бөлек архивтік құжаттарға қол жеткіздік. Арқалықта жүрген Мұрат сол құжаттардың көшірмесін алды. Бұған дейінгі архивтік құжаттарда келіншек Аққұмнан деп шықса, кеше ол ақпарат Ақкөл ауылына қарай ауысты. Назар аударыңыздар, әсіресе Арқалық, Ақкөл, Аққұм, Торғай, Ахмет Байтұрсынов ауылының халқы! Сіздерге үлкен өтініш айтқалы отырмыз», - деді журналист.

Қымбат Досжанның айтуынша, Жәнібектің анасы 2002 жылы перзентханадан қолхатпен сұранып кеткен, алайда кейін қайтып оралмаған.

«Мұраттың анасы жедел жәрдеммен Арқалық перзентханасына 2002 жылы 17 қаңтарда түскен, сол күні таңғы сағат 8.45-те Жәнібек дүниеге келеді, бірақ 21 қаңтарда анасы отбасылық жағдайымен «Кешкі 22.00-ге дейін үйге барып келейінші» деп перзентхана дәрігеріне қолхат қалдырады. Отбасылық мәселелерін шешкен соң «Сағат 22.00-ге дейін қайтып келуге уәде беремін» деген, баладан бас тартпаған. Өкініштісі, замандасамыз бұл уәдені орындамады. Бірақ сол уәдені әлі де орындайтындай үлкен мүмкіндік туып тұр. Анасының атын білсек те, Жәнібектің өтініші бойынша жарияламай тұрмыз. Жәнібекті 2002 жылы 17 қаңтарда туған замандас, біз сізге мынадай өтініш айтамыз. Сізді іздегенімізге бір аптадан асты. Жер басып, аман жүрсеңіз, бізге хабарласыңыз. «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы құпия түрде балаңызбен ғана кездестіріп, жарияға жар салмайды», - деді Қымбат Досжан.

«Назар аударыңыздар, әсіресе, Арқалық, Ақкөл, Аққұм, Торғай, Ахмет Байтұрсынов ауылының халқы! Сіздерге үлкен өтініш айтқалы отырмыз. Егер білетін мәліметтеріңіз болса, редактор Әсел Асқарқызына құпия түрде жазуға болады: +77075355383», - деді бағдарлама тілшілері.

 

 

Серіктес жаңалықтары