Білім мазмұнын жасанды интеллект заманының талаптарына сай ету үшін нақты жоспар бекітілуге тиіс – Жұлдыз Сүлейменова
«ҚР Педагог мәртебесі туралы» алғаш рет Заң қабылданғанын, ұстаздарымыздың мәртебесі заңмен бекітілгенін, педагогтерді артық тексерулерден, қызметіне тән емес жұмыстардан босатылғанын айтқан Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығындағы мұғалім мамандығына деген қызығушылық артып келе жатқанына тоқталды.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
- PISA-2022 халықаралық зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес, қазақстандық оқушылар математикалық сауаттылықтан 425 балл жинақтап, Греция, Румыния, Біріккен Араб әмірліктері оқушыларымен тең түсті. Оқу сауаттылығынан 386 балл жинақтап, Малайзия, Сауд Арабиясы оқушыларымен тең білім сапасын көрсетті. Жаратылыстану бағытында зерттеудің 2018 жылғы нәтижелерімен салыстырғанда, көрсеткіштері 26 балға жоғарылады. Бастысы, пандемияның салдарынан ОЭСР елдерінің басым көпшілігі едәуір білім сапасы бойынша ұпайларын жоғалтса, елімізде алға ілгерілеу бар екендігін, оның ішінде математика 54-орыннан 46-орынға және жаратылыстанудан 69-орыннан 49-орынға көтерілгендігімізді атап өту қажет, – деді депутат.
«ҚР Педагог мәртебесі туралы» алғаш рет Заң қабылданғанын, ұстаздарымыздың мәртебесі заңмен бекітілгенін, педагогтерді артық тексерулерден, қызметіне тән емес жұмыстардан босатылғанын айтқан Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығындағы мұғалім мамандығына деген қызығушылық артып келе жатқанына тоқталды.
- Осы реформалардың, оның ішінде қала және ауыл балаларының білім сапасындағы алшақтықты азайту, оқушылар орнының тапшылығын шешу, білімнің сапасын арттыруға арналған Мемлекет Басшысы реформаларының жүйелі жүзеге асырылуы "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасында басты бағыты ретінде айқындалған. Оның сапалы орындалуы - баршамыздың міндетіміз.
Құрметті Тамара Қасымқызы! Үкімет тарапынан бүгінде «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын әзірлеп, білім сапасын арттыруға көңіл бөлгендігіңізді құптаймыз. Қол жеткізген нәтижелер жақсы, дегенмен мұнымен тоқтап қалмай, алға жылжуымыз қажеттігін ескере отырып, келесі ұсыныстарды енгіземіз, – деді депутат.
Жұлдыз Сүлейменова мынадай ұсыныстар айтты:
Бірінші. Қол жеткізген нәтижені арттыруға арнайы шаралар жоспары қабылданып, барлық педагогикалық қауымдастықпен талқылануы шарт. PISA зерттеулерінің нәтижелерін Оқу-ағарту министрлігі толығымен талдап, сараптама нәтижесінде «қатемен жұмыс» нақты әдістемелік ұсыныстарды әзірлеп, оны педагогтарымыз әрі қарай жұмыстарында пайдалануы өзекті. PISA рейтингісіндегі алдынғы қатарындағы Сингапур, Гонконг, Кореяның білім мазмұны және білім жүйесі зерделеніп, озық тәжірибелерді енгізу мүмкіндіктері қарастырылсын.
Екінші. Оқу сауаттылығы бойынша жалпы Үкімет кітапхана, кітап оқу, оқуға құштар мектеп деген жобаларын кешенді негізде сапалы жүзеге асыруға мән беру қажеттігіне тағы да көңіл аударамыз. Кітапхана жұмысының жаңа мазмұны мен кітапханашылар мәртебесін арттыру жұмысы жүзеге асырылсын.
Үшінші. Мұғалімдердің мәртебесін әрі қарай қолдауға, әрі қарай арттыруға нақты шаралар қабылдануы қажет. Педагогтардың кәсіби дамуы және біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруді қолға алу кезек күттірмейтін міндет деп ойлаймыз.
Төртінші. Дамыған мемлекеттер оқу бағдарламаларының мазмұнын 4-5 жылда өзгертіп, өңдеп, жетілдіріп тұрады. Білім мазмұнын қазіргі жасанды интеллект заманын талаптарына сай өзгертуге байланысты, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгеріс енгізу қай деңгейде? Келесі оқу жылында енгізіле бастай ма? Нақты жоспар бекітілуге тиіс.
Бесінші. Оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуге – тәуелсіз сыртқы бағалау ретінде тиісті қаражат бөлініп, оның сапалы, әділ, ашық өтуіне министрлік нақты шаралар қабылдауы кезек күттірмейтін мәселе. Білім сапасын бағалаудың Ұлттық жүйесін құру бойынша кешенді шаралар қабылдануы шарт.