Атажұрттан сарқыт: «Отандастардың» қоржыны қандастарды қуантып келеді
Қоржын ішінде қазақтың ұлттық киімі, қос ішекті домбыра, дәстүрлі «құрақ көрпе» және қазақ тұрмысына қажетті қолөнердің басқа да элементтері қамтылған.
«Қоржын» – «Отандастар қоры» Қоғамының қандастарға арналған мазмұнды жобаларының бірі. Қоржында қазақы құндылықтарымызды дәріптеп, ұлтқа қызмет етіп жүрген шеттегі қазақ-мәдени ұйымдарға арналған ұлттық аспаптар, сапасына сәні жарасқан ұлттық нақыштағы киімдер, кітап және басқа да бұйымдар бар.
Атап айтсақ, Қоғам 2019 жылы шетелдегі отандастарымызға көмек көрсету мақсатында әлемнің 21 еліндегі қазақ мәдени-іскерлік орталықтарына 87 «Дәстүрлі қоржын» жиынтығын табыстады. Қоржын ішінде қазақтың ұлттық киімі, қос ішекті домбыра, дәстүрлі «құрақ көрпе» және қазақ тұрмысына қажетті қолөнердің басқа да элементтері қамтылған.
2020-2021 жылдары шетелдегі қазақ ұлттық мәдени орталықтары мен бірлестіктерін ұлттық киіммен, ұлттық музыкалық аспаптармен және ұлттық бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі жоба пандемияға байланысты уақытша тоқталған болатын.
2022-2023 жылдары әлемнің 17 еліндегі 43 мәдени орталыққа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – 138 дана, ұлттық киім – 457 жиынтық және ұлттық саз аспаптары – 178 дана табыс етілген болатын.
Қоржын алған ағайынның алғыстарының ішінен РФ Алтай Республикасы Қосағаш ауданындағы «Шүйдің нұры» газетінің бас редакторы Арқалық Солтановтың лебізін бөліскенді жөн көрдік.
Ол: «Сіздер көмектесіп берген ұлттық аспаптар, ұлттық киімдерді табыстаған кездерде өзге ұлт өкілдері бізге «Сіздерде арқа сүйер, тіреу болатын Қазақстандарың бар, мықты қазақ азаматтар бар!», – деп тамсанады. Сондай бір сәтте адам ерекше сезімге бөленеді екен. Сондықтан арқа сүйер Қазақстанымыз аман, Атамекеніміздің туы көк аспанда мәңгі желбірей берсінші деп ойлайды екенсің. Осындай жылы лебіз, сезімдерімді сіздерге жеткізіп, айтып отырғаным ғой. Алла разы болсын!», – деп ақжарма тілегін жеткізген еді.
Сонымен қатар, қазан айында өткен «Отандастар» форумында да әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен келген ағайынға естелік болсын деген мақсатта қоржын таратылған болатын.