Құрманғазы мен Ақтөбенің «Алатауы»
Құрманғазы бабамыз атпенен Қаратау асып, Алатауға барды немесе Сарыарқаны аралады деген ешқандай тарихи дерек жоқ.
Менің туып-өскен жерім – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының бұрынғы Қопа колхозы, кейін сол аймақта Крупская атындағы совхоз құрылды, қазір бұл – Қопа селолық округі. Байғанин – 6 млн гектар жерді алып жатқан облыстағы көлемі жағынан ең ірі ауданның бірі.
Шекарасы батысында Атырау, Маңғыстау, оңтүстігінде Қызылорда облысымен шектеседі. Жетіжылдық мектепті Қопа елді мекенінде бітіріп, 1965 жылы ауданның Оймауыт елді мекеніндегі Жаңажол орта мектебінен аттестат алып, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына оқуға түстім. Оқуымды 1970 жылы тамамдап, инженер-механик мамандығын алып, еңбек жолымды осы жылдың тамыз айында туған жерім Крупская атындағы совхозда бастадым. Мастер-реттеуші, бригадирдің көмекшісі, шеберхана меңгерушісі, 1979-жылдан 1988-жылдың шілде айына дейін совхоздың бас инженері қызметін атқардым. Совхоз негізінен мал шаруашылығымен айналысатын еді. Жұмысымыздың дені жаз айларында мал азығын дайындау болатын. Бұл жұмыс кей жылдары қар жауғанша жалғасады. Шаруашылықтың қай жерінде шабындық жер болса, сол жерге техника апарып, бригаданы көшіріп, шөп шауып, оны пайлап буып мал базаларына таситынбыз. Жұмыс істеп жүргенде туған өлкемнің ой-шұңқырын түгел аралап шықтым десем де болады.
Қазіргі Қопа селолық округінің шекарасы оңтүстігінде Атырау облысының Жылой ауданымен шектесіп жатыр. Міне, осы Жылой ауданының шекарасынан солтүстікке қарай он шақты шақырым жүргенде біздің ауылдың территориясында үлкен айдын тақыр жер бар. Бұл жер «Шалқардың тақыры» деп аталады. Тақырдың ұзындығы 40 шақырымдай, ені әр жерлерінде 5-8 шақырым жобасында болады. Тақырдың тегістігі, жерінің қаттылығы құдды аэродром іспетті, тіпті кез келген уақытта қазіргі үлкен ұшақтарымыздың өзі ұшып-қонуға болатындай.
Осы тақырдың солтүстік-шығыс жағы үлкен ақшаңқан таумен астасып жатыр. Ұзындығы 40 шақырымға дейін созылады, аршыған жұмыртқадай бұл таудың сұлулығын сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес, көзбен көру керек. Қасына барған адамды ерекше бір күйге бөлейді, табиғаттың шеберлігіне таңғалмасқа амалың жоқ.
Бұл тауды біздің ел ертеден Алатау деп атаған. Таудың әр қойнауы тұнып тұрған – тарих. Белгілі жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романындағы Құныскереймен тағдырлас адайдың түрікменадай бөлімінен шыққан, кешегі Кеңес үкіметінің әділетсіздігіне шыдамай, жазықсыз қуғынға ұшыраған Құлшар есімді азаматтың НКВД-ның құрығынан жасырынып, паналаған, төбесіне қараған адамның бас киімі түсер биік шоқы «Құлшардың шоқысы» деп аталады.
Сонау Каспий теңізі мен біздің елге дейінгі аралықта осы Алатаудан басқа ешқандай тау кездеспейді. Ал осы таудың үстіңгі беті теп-тегіс жазыққа жалғасып жатыр. Бұл жазықтың ұзындығы отыз екі, ені он шақты шақырым болады. Бұл жазықтың шөбі ерекше шүйгін, құнарлы, көбінесе бидайық, ақселеу, боз, изен, жусан өседі. Біздің совхоздың мал азығының басым көпшілігі осы жерден дайындалатын, бұл жерлерді Қатпар, Қоңырсай шабындықтары деп атайтын. Мал тұяғы тимейтін шалғайдағы жер болғандықтан (совхоздың мал қыстақтарынан 80 шақырымдай қашықтықта) әсіресе, шілде, тамыз айларында қаулап өскен шөптің басы шамалы жел соқса, теңіз толқындарындай тулап жататын. Кешегі уақытта біздің ата-бабаларымыздың жайлаған жері – осы Алатау. Бұл аймақты аталарымыз сол уақыттарда жаз айларында сары алтындай жайқалған шөбіне қарап Сарыарқа деп атаған. Сол замандағы күнкөрістің көзі мал болғандықтан, аталарымыз күн суыта бастағанда малмен бірге Маңғыстаудың ойына құлап, көктем шыға мал жайып бері қарай шығып, жазда осы Сарыарқаны жайлаған. Маңғыстаудың түстік жағы болғандықтан, ол жақтың халқы бұл жайылымдық жерлерді Сарыарқа дейді. Қызмет бабымен немесе басқа жағдайлармен жол түсіп, Құлсары, Бейнеу, Ақтау жақтарына барғанымызда, ол жақтағы жолдастарымыз әлі күнге дейін бір-біріне телефон шалып: «Арқадан қонақ келіп жатыр» – деп біздің келгендігімізді хабарлап жатады.
Кешегі репрессияның жазықсыз құрбаны болып кеткен осы өлкенің белгілі ақыны Закария ағамыз:
– Көлденең жатқан Маңғыстау,
Қар жатпайтын ой еді.
Сарыарқаны жаз жайлап,
Күнде қызық той еді.
Бие сауып он-оннан,
Жүзден сойған қой еді – деп жырлаған бұл өлкені.
Ал енді негізгі айтпақ ойыма оралайын...
Дәулескер күйші Құрманғазы бабамыз кешегі Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінен кейін билік тарапынан қысым көріп, Байғанин ауданының қазіргі орналасқан жеріндегі Жем өзенінің бойын мекен еткен Кіші жүздің Таз руынан шыққан елге белгілі батыр Төремұрат нағашысына келіп біршама уақыт паналағаны белгілі. Батырдың ыстық ықыласына, қамқорлығына риза болып, «Төремұрат» деген белгілі күйін шығарған. Төремұраттың зайыбы Қызданай – әйел біткеннің ажарлысы, көркіне ақылы сай адам болған деседі. Осы Қызданайдың өзіне арнап «Қызданай», «Қызданайдың күлкісі», «Қызданайдың шай құйысы» деген бірнеше күй шығарғаны тарихтан белгілі.
Мен бұдан бұрын да жазғанымдай, Құрманғазы бабамыз Жем бойына келгенде, Алатаудың және шөбі жайқалған Сарыарқаның үстінен жүріп өткендігіне сөз жоқ, себебі тура жолдың реті Төремұрат батырдың ауылына осы жерлер арқылы өтеді. Тау түгілі биік төбе де кездеспейтін Нарынның құмынан келген бабамызды ақшаңқан Алатаудың келбеті, оның үстіндегі теңіздей толқыған, сары алтынның түсіндей жайқалған алқаптың ажары толқытып, сезіміне әсер еткені анық. Сол әсер бабамыздың «Алатау», «Сарыарқа» күйлерін дүниеге әкелуіне себеп болған деп ойлаймын. Әйтпесе, Құрманғазы бабамыз атпенен Қаратау асып, Алатауға барды немесе Сарыарқаны аралады деген ешқандай тарихи дерек жоқ. Жерлесіміз, «қазақ музыка өнерінің Әуезові» атанған Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы» атты ғылыми еңбегінде «Алатау», «Сарыарқа» күйлерінің табиғатына тоқталып өткенде, қай жерге арналып шығарылғаны жөнінде дерек келтірілмеген. Ақселеу Сейдімбеков «Күй шежіресі» атты кітабында «Алатау» күйі жөнінде А.Жұбановтың айтқанына тоқталып, «Сарыарқа» күйі Тәттімбетке арналған деп көрсетеді.
Әрине, ғұлама ғалыммен пікір таластыруға шамамыз келмейді, дегенмен ол кісінің біздің аймақты, Алатауды, Сарыарқаны көрмегеніне дау жоқ.
Мен Құрманғазы бабамыздың «Алатау», «Сарыарқа» күйлері қазіргі Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қопа ауылдық округіне қарасты Алатауға, таудың үстіндегі кең-байтақ жайылымдық алқапқа арнап шығарылған деп есептеймін.
2009 жылдың жаз айларының ішінде Ақтөбеден Атырауға көлікпен өтіп бара жатқан елімізге белгілі өнер зерттеушісі, композитор Ілия Жақанов ағамызды Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді елді мекенінен күтіп алып, қонақ қылып жібердік. Ағамыздың қасында жеңгеміз және немересі бар екен. Әңгімеге шебер, қоңыр дауысымен татымды сөйлейтін адам екен. Жақсы әңгімелерін айтты, Ақбөбек-Қайып оқиғасы жөнінде жүргізген зерттеуінен хабардар етті. Сөз арасында Құрманғазы бабамыздың «Сарыарқа», «Алатау» күйлері жөніндегі пікірімді де айтып, жолыңыз түссе, елге келіп Алатауды, арқаның жазығын көріп кетіңіз, деп өтініш жасадым. Сонда Ілия ағамыз: «Пікірің орынды, Құрманғазы атпен Қаратау асып, Алатауға барып аралады деуге негіз жоқ» деп, жол түссе, ауданға келіп, аталған жерлерді көріп кететінін айтқан болатын. Жұмысы көп адам ғой, Байғанинге одан кейін келуінің сәті түспеді, мен 2012 жылы еңбек демалысына шығып, Ақтөбе қаласына көшіп кеттім.
Қазір Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Алатау аймағы – облыс аумағындағы туристер баратын орынның бірі болып белгіленіп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы арада айта кететін тағы бір жайт бар.
«Сағыз қайда, Жем қайда,
Қайнар қайда,
Өткір қылыш, жүйрік ат
жанға пайда», –
деген халық әні болып тараған әннің шығу тарихы да біздің елмен байланысты. Бабаларымыз осы аудан өңірінде ағып жатқан Жем, Сағыз өзендерінің және Жемнің бір саласы Қайнардың арасын жайлаған.
Өкінішке қарай, соңғы уақытта әншілеріміз:
«Ойыл қайда, Жем қайда,
Сағыз қайда
Өткір қылыш, жүйрік ат
жанға пайда», –
деп әннің сөзін бұзып айтып жүр. Бұлай айтқанда ұйқасының өзі бұзылып тұрғандығы көрініп тұр, бірақ оған дұрыс емес деп айтатын ешкім жоқ...
Кешегі заманда өткен Ақбілек анамыздың жүрегіне ән болып құйылған Доңызтау алқабы, Сағи ағамыздың сағынышы болған Оймауыт, Бәкір ағамызға жыр жаздырған Ақбұлақ, Есенбайдың Қалдайбегі, Өтежанның Төбекөңі, бүгінгі арамызда жүрген талантты бауырымыз Орал Байсеңгірге Байғанин ауданының әнұранына айналған ән шырқатқан кең-байтақ ауданымыздың ойы мен қыры Құрманғазы бабамыздың да шабытына қуат берген жер екенін кейінгі жастар біле жүрсін деп жазып отырмын осы мақаланы.
Кезінде мен Ақтөбе облысының Байғанин ауданында қызмет етіп жүрген кезде облыстық ішкі саясат бөлімінің жауапты қызметкері бастап Германияның туризм саласымен айналысатын бір топ адамы ауданымыздың Алатау алқабын, Жем бойын, Алатауға жақын жердегі Ақбота шоқысын, оның жанындағы табиғаттың өзі қашап жасағандай шахмат фигурасына ұқсас биік шоқыларды көріп, бейнетаспаларына түсіріп, туризмді дамытуға қолайлы жер екен деп кеткен болатын.
Біздің ауданның аумағын қазір ашық аспан астындағы музейге теңеп жүр. Бұны және басқа емес, белгілі археолог Серік Әжіғали айтқан.
Кім білген, болашақта Ақтөбе облысы Байғанин ауданының аумағы туризм орталығына айналып, ауданның, өңірдің әл-ауқат жағдайының жақсара түсуіне пайдасы тиер. Сол күнді көруге жазғай!
Бердіхан КЕМЕШОВ,
Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданының 1999-2012 –жылдардағы әкімі