Күнекей Нұрлан: Қарыздан құтылудың жолы – жоспар құру

Қаржылық тұрғыда сауатты болу­дың жо­лы қандай? Қайдан оқып, кімнен үй­рен­ген дұрыс? Ақша жинауға генетикалық қабілет қажет пе? Кре­дит­ті қандай жағдайда алуға болады? Алуға бол­майтын жайттар қандай?

Күнекей Нұрлан: Қарыздан құтылудың жолы –  жоспар құру
turkystan.kz
5350

Көне Шумер патшалығының осыдан 5 мың жыл бұ­­рынғы жазуларына үңілсек, есеп-қисаптың ежел­ден бар екенін байқаймыз. Мысалы, бізге аман жеткен қыш тақталардың бірінде: «29 086 өлшем арпа, 37 ай, Көшім» деп жазылыпты. Ғалымдар мұны: «37 айдың ішін­де 29 086 қадақ арпа түсті. Қол қоюшы – Көшім» деп тәпсірлейді. Яғни, ең алғашқы жазбалар – фи­ло­со­фия да, поэзия да, өсиет те емес, алым-салық кө­ле­мін, жиналған қарыздар жайын тіркеген эко­но­ми­калық құжаттар екен.  
Қазақ «Ақшаны күреп табу – батырлық, оны сақ­тау – даналық, жөнімен жұмсау – өнер» дейді. Қазір көп адам несиеге байланып, қаржы пирамидасына кі­ріп, алаяқтарға алданып жүр. Тауар мен тамақтың құны құбылып тұр. Елге қаржылық сауат қажет екені ай­дан анық. Осы орайда біз «БТА», «Казком», «Альфа-банк», «АзияКредитБанк», Kaspi Bank-терде қызмет ет­кен, 15 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер, кон­суль­тант, экономика ғылымдарының магистрі, PhD із­дену­шісі, Алматы Менеджмент университетінің лек­торы,  Kunekei Group консалтинг компаниясының не­гізін қалаушы Күнекей Нұрланмен әңгімелескен бо­латынбыз.   

– Қаржылық сауат деген сан салалы. Халыққа оның нақ­ты қандай қырларын тү­сіндіру керек? Немесе сұ­рақ­ты бас­қаша қояйын: қоғамға қай жағынан қаржылық сауат жетіспейді?

– Қаржылық сауат – қар­жылық ше­шім­дер­дің тиімді жиынтығы. Мұн­­дай дағдыны бір игер­ген адам өмір бойы ұс­танады. Біз­­­дің өмі­рі­мі­з­де ақша­ның рө­лі зор. Ал сол ақ­­шаны құ­рал ре­тінде пай­да­­ла­ну­­­ға, ба­­­­қы­лау­ға, ұқ­­­­сату­ға еш­­­­қан­дай іс-әрекет жа­­самау – қар­жы­лық сауат­тың тө­­мендігі. Өзім ма­ман­дығым бойын­ша бух­гал­тер­мін, ма­гис­тра­тура және док­торан­турада қаржыгер маман­дығын таң­да­дым. Қар­­­жылық сауат мәселесі жаныма жақын бол­ғандықтан, көптеген мәліметті, ақпаратты, ста­тистиканы, көрсет­кішті бақылай отырып зерт­теу жүргіздім. Нәтижесінде, тұлғаның қар­жылық деңгейі мен мінез-құлқын анықтайтын 5 сұрақты анық­тадым. Сұрақтарға «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру керек. «Иә» деген жауапқа 1 балл, «жоқ» деген жауапқа 0 балл. «Айына қан­ша табыс та­батыныңызды білесіз бе?», «Бір ай­лық шы­ғындарыңыздың мөлшері қанша?», «Ең көп шығынды қай жерге жұмсағаныңыз есіңізде ме?», «Жинақтаған ақша қорыңыз бар ма?» жә­не «Қосымша табыс көзіңіз бар ма?» де­ген сұрақтар. Егер 5 сұрақтың бәріне «иә» деп жауап берсеңіз, сіздің қаржылық сауатыңыз жақ­сы деген сөз. Сізге қаржылық біліміңізді арт­тыратын курстарға қатысқаннан гөрі ин­вестициялар туралы, өз капиталыңызды кө­бей­ту жайында ойлану керек. Егер 1-2 балл ал­саңыз, қаржылық сауатыңыз төмен. 
Өкінішке қарай, айына қанша табыс та­ба­тынын білмейтіндер де бар. Әсіре­се, фри­ланс­тар, маникюр шеберлері, массажист сынды күн­делікті ақша табатындар айлық та­бысын есеп­тей алмайды. Түйіндей айтар бол­сақ, қар­жылық сауат – өзіңіз үшін тиімді қар­жылық ше­шімдерді қабылдау дағ­дысы. Адам тапқан та­бысы мен шығын­дары­ның ара­қатынасын білу арқылы қаржылық сауат дең­гейін кө­тереді. 
Менің қаржы мектебімнің қағидасы – «Қар­жыны басқару дағдысы ақшадан да құн­ды». Мәселен, 3 адамға бірдей 50 млн теңге бер­­дік делік. Ақша сомасы бірдей болғанына қа­ра­­мастан, бір айдан соң үш адам үш түрлі нә­ти­­­жемен келеді. Бірі ол ақшаны жаратса, екін­­шісі  көбейтіп, үшіншісі пайдалануға қор­қып ақшаның бетіне «қарап» отыруы мүмкін. 
Адам өз қаржысын басқарғанда өзін ба­қыт­ты сезінеді, жақсы өмір сүреді, қылмыс жа­­­­самайды, ажырасу процесі азаяды. Өзім зерт­теулерімнің аясында адамның дағдылары бір айда өзгермейтінін, оған 2 жыл уақыт керек екенін байқадым.

– Енді бір мамандар бүкіл халықтың қар­жылық сауатын ашу мүмкін емес дей­ді. Қанша оқытсаң да, есепке олақ жандар бо­лады екен. Ақша жинауға генетикалық қабілет қажет пе?

– Маған адамдар «Айына 30-40 млн табыс тап­қым келеді» деген сұраныспен келеді. Мен олар­ды бірден тоқтатамын. Өйткені мил­лион­дап табыс табудың алдында клиенттің қар­жы­лық дағдылары мен мінез-құлықтарын анық­тау керек. Онсыз болмайды. Қаржылық дағ­ды­сы қалыптасқан адам қолындағы барынан айы­рылып қалса да қайтадан капитал жинай ала­ды. Қаржылық сауат жынысқа, жасқа, ұлт­қа, әлеуметтік статусқа бөлінбейді. Егер сен Қа­зақ­станда қаржы жөнінен сауатты болсаң, Жа­понияда да қаржы жағынан сауаттысың.
Халықтың қаржылық сауатының төмен болуына бір себеп сол сауаттылық бойынша қа­жетті білімнің берілмеуі болса керек. Елі­мізде есеп және аудит, қаржы мамандықтарын оқытатын ЖОО-дың өзінде «Жеке қаржыны басқару» деген пән жоқ. Менің клиенттерімнің ара­сында банк төрағасының орынбасары, бө­лім басшылары бар. Олар өз қаржысын бас­қару жөнінде консультация алады. Сондықтан қар­жы саласында жұмыс істейтіндердің өзі қар­жы­лық сауатты деп айта алмаймыз. Өзім дәріс бере­тін Алматы Менеджмент уни­вер­ситетінде MBI бойынша кәсіпкерлерге ар­налған «Жеке қар­жыны басқару» атты автор­лық жобам ен­гізілді. Бакалавр мен магист­ратурада оқытыла ма, жоқ па, білмеймін.  
Қаржылық сауат тақырыбын зерттеу ар­қылы мен қоғамның цифрлық, құқықтық сауа­­­тының да төмен екенін, беделді деген қыз­меткерлердің Excel бағдарламасын білмей­тінін, түсінбейтінін көрдім. Сондықтан халық­тың қаржылық сауатын ашу үшін қарапайым тәсілдерді қолдану керек.   

– Кейбір экономистер борышқа бел­ше­ден батудың бір себебін қымбатшы­лық­­тан көреді. Жалақы төмен, тапқан-таян­ғаны тамақтан артылмаса, несие ал­май қайтеді дейді. 

– Иә, бұл пікірдің де жаны бар. Инфляция жо­ғары, азық-түлік күн санап қымбаттап жа­тыр. Бірақ осыған қарамастан, адамның тұ­ты­ну­шылық қабілеті, мінез-құлқы мен дағдылары өз­гермей отыр. Дағдарысқа дейін де айлы­ғының 60 пайызын тамаққа жұмсағандар, дағ­дарыс жағдайында да сол 60 пайызды  та­мақ­қа жұмсап отыр. Бұл жерде адамдар құқық­тық, цифрлық, қаржылық сауатын ашып, білім алып, үнемдеудің орнына өзеннің ағысымен кете беретіні өкінішті.   

– Банктердің статистикасына сенсек, әрбір үш клиенттің біреуі несиесін қай­тар­майды екен. Қазақстандықтар несие алу­ға неге құмар? Қарызды қайтару үшін деп аламыз, бірақ қайтаратын кезде не­лік­тен қиналамыз?

– Ақша біздің өмірімізде маңызды рөл ат­қарады. Ақшаны ұнатамыз, жақсы көреміз. Осы­лай ерекше маңыз беру арқылы өзіміздің ақ­шаның құлшылығында жүргенімізді байқа­маймыз. Ақшаны тек құрал ретінде пайда­лануы­мыз керек. Біз ақшаға емес, ақша бізге қыз­мет етуі керек. Адам қаржылық сауатын арт­тырғанда ғана оның ақшаға деген көзқара­сы өзгере бастайды. 
Қаржылық мінез-құлық бойынша кре­дитке байланысты адамдар бірнеше топтарға бөлінеді. Бірінші топ кредиттен ат-тонын ала қашады, мүлдем жоламайды. Ал екінші топ­тағылар мойнында бес кредиті болса да алтын­шысын ойланбай, қорықпай ала береді. Үшінші бір топ кредитті әдейі алады. Бұл топтағыларға кәсіпкерлерді жатқызуға болады. Оларға кре­дит орнынан тұрып жұмыс істеу үшін ке­рек. Мұн­дай шешім біреулерге мотивация шығар, алай­да бұл дұрыс емес. 
Кредит дегеніміз – нарықтық экономи­ка­ның құралы. Бірақ ол от сияқты, сені не жы­лы­тады, не күйдіреді. Сол себепті кре­дит­ті ал­­мас бұрын оны қалай төлеудің жос­парын жа­сау керек. Егер сіздің айлық табысыңыз 100 мың, кредитіңіз 60 мың болса, бұл кредит сізге қажет емес. 
Ғылымда қаржылық мінез-құлық деген тер­мин бар. Еуропада адам­дар өзінің байлығын көр­сеткісі келмейді. Ал Орталық Азия елдері ке­рісінше қолдағы барын оңды-солды шашып, мақ­танғанды жақсы көреді. Кредитке той жа­сап, кейін дәм-тұздары жараспай ажырасып, банкке ақшаны бөліп төлеп жатады. Сондық­тан кредит алар алдында «Мен не үшін, кім үшін жасап жатырмын және қандай зардап ш­е­гемін?» деген сұраққа өзіңіз жауап берсеңіз, дұрыс шешім қабылдайсыз.

– Әрине, несиені төлей алмаса, несіне ала­ды деп жазғыру оңай. Бірақ кейде адам­­ның банктен басқа барар жер, басар тауы қалмайтыны жасырын емес. Кре­дит­ті қандай жағдайда алуға болады? Алуға бол­майтын жайттар қандай?

– Форс-мажор жағдайда кредит жеке тұл­ғаға да, заңды тұлғаға да көмектеседі. Мәселен, ауырып қалсаңыз, өзіңізді емдеу үшін алуға бо­лады. Онда да басқа тараптан қайырым­ды­лық, демеушілік шаралар болмаған, ақша табу­дың басқа ешқандай жолы қалмаған жағдайда кредит алғаннан басқа амал жоқ. Мен кредит алып, мейрамхана жалдап, аста-төк дастарқан жайып, 200-300 адам шақырып той жасауға қар­сымын. Тойды үйде де жасауға болады. «Ел мені мақтаса екен» деген оймен жасасаңыз, өзіңізге қиянат жасағаныңыз. Сонымен қатар ав­токөлікті кредитке немесе бөліп төлеуге алуға қарсымын. Өйткені Алматы, Астана, Шым­кент мегаполистерінде жол-көлік оқиға­лары жиі кездеседі. Егер сіз алда-жалда көлі­гіңіз­ді соғып алсаңыз, оның кредитінен бөлек, қо­сым­ша жөндеуге тағы шығындаласыз. Сон­дықтан көлікті ақша жинап, сатып алу керек деп санаймын. 
Қазақстандықтардың жылжымайтын мү­лікті қолма-қол ақшаға сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Ал мемлекет тұрғын үй бағдарламаларын ұсы­нып жатыр. Алайда мемлекеттің эко­но­ми­каға қатты араласуы нарықтық экономика заң­дылығына сай келмейді. Мұндай мемлекет­тік бағдарламалар бәсекелестікті арттырмайды. Егер сіздің мақсатыңыз жылжымайтын мүлік са­тып алу болса, әзірге қазақстандықтарға ең тиім­дісі – ипотека. Құрылыс салушылардан қол­ма-қол немесе бөліп төлеп сатып алуға әзір­ге кәсіпкерлердің ғана мүмкіндігі бар. 
Ұлттық банктің статистикасына қарасақ, кре­дитін уақытылы қайтара алмай жүрген қа­зақстандықтардың қарызы триллион тең­геден асады. Өте нашар көрсеткіш. Бұл біздің кре­дит тұтынушы ел екенімізді көрсетіп отыр.  

– Ал кредит алып, қарызға белшесінен бат­қандар осы құрдымнан қалай шығуы керек?  

– Қарыз құрдымынан шығу үшін үлкен шы­дам мен төзім керек. Өйткені адамдар өзі­нің шығындарын тізімдеу және қаржыгерден кеңес алу сынды алғашқы қадамдардың өзін жа­самайды. Ал мұны жасамайынша, қарызға батқаны батқан. Қарыздан құтылудың жолы – жоспар жасау. Қарыздарыңызды есептеу қан­дай қиын болса да, өзіңізді жеңіп, қағазға жа­зыңыз. Банкке берешегіңізді бөлек, таныс­тарыңыздан алған қарыздарыңызды бөлек жазыңыз. Әртүрлі банктен, әр уақытта алынған кредиттің төлем күндері де әртүрлі болады. Бұл адамның миында хаос туғызады. Егер мой­ныңызда 5-6 кредитіңіз болса, банкке барып өтініш жазасыз. Сізде екі жол бар. Бірі – қайта қаржыландыру, екіншісі – қайта құрылымдау. Қайта қаржыландыру сізге барлық кредитіңізді бір банк арқылы белгілі бір күнде төлеуге мүмкіндік береді. Ал қайта құрылымдау арқы­лы ай сайынғы кредит сомасын азайта аласыз, бірақ бұл жерде төлейтін жылы көбейетінін ескеруіңіз керек. Екі жолдың да өз артық­шы­лық­тары мен кемшіліктері бар, алайда сіз осы екеуі­нің бірін таңдау арқылы миыңызды ты­ныш­тандырып, өмір сүруіңізді жеңілдетесіз. Егер сізге кредит алу әдетке айналса, egov.kz ар­қы­лы өзіңізге 
6 айға дейін кредит бермеу туралы онлайн түрде өтініш бере аласыз. 
Ақша адамдардың қарым-қатынасының бұ­зылуына алып келеді. Сондықтан таныс­тарыңыз­ға деген берешектеріңізді қайтару үшін жоспар құру керек. Бұл жерде де 2 жол бар. Қарыз алған адамға ай сайын екіжақты келі­сілген соманы аударып отырасыз  немесе сол адамның атынан деп депозит ашып, ай сайын ақша салып отырасыз. Бір жылдан кейін үс­тіндегі пайызын қосып танысыңызға ақ­ша­сын қайтарып бересіз. Бұл жерде қарыз беруші мен алушының келісіміне байланысты бір нұс­қаны таңдау керек. Сонда барып екі жақ­тың қарым-қатынасы да түзеле бастайды. 

– Мемлекет проблемалық несиелерді ке­шірді. Жауапсыз борышкерлер үшін бюджет қаржысын жұмсауға қарсы бол­ғандар көп болды. Кредитті кешіру секілді ак­циялар ел арасында масылдық психо­логия туғыз­бай ма? 

– Мен мемлекеттің проб­ле­малық кре­дит­терді ке­шіруіне қарсымын. Сіз бен мені мы­сал етіп алайықшы. Мен жұмыс істе­меймін, бірақ кре­дит аламын да оны тө­лемеймін. Ал сіз жұ­мыс істейсіз, қосымша жұ­мысыңыз да болуы мүм­­кін, кредитіңізді, ипо­текаңызды ай сайын тө­лейсіз. Бірақ мем­лекет менің кредитімді ке­шіреді. Әрине, бұл сіз­ге ұнамайтыны анық. Мен қажеттілігі бол­маса да, кредитімді ке­шіре­ді деп, кредит алуым мүм­кін. Кредиті кешіріл­ген­дер бұл жағдайдан еш­қандай сабақ ал­май­ды. Біз халықтың қар­жылық сауатын арт­тыра­мыз дейміз, ал мем­лекет керісінше кре­дитті ке­шіру арқылы жа­ғ­д­ай­ды артқа тар­тып қойды. 
Қазақстан социализмнен капитализмге бір-ақ секірген кезде халық стратегиялық ой­лауға дайын болмады. Ата-аналарымыз «Сен сауын­шысың, тракторист жігітке тұрмысқа шы­ғасың, наның бар, тек Кеңес одағын гүл­дендіруге еңбек ет»  деген ұранмен өмір сүрді. «Ақ­ша деген жаман», «Байлар адал жолмен ақ­ша таппайды», «Алыпсатарлық ұят тірлік» де­ген ұстанымдар ойлауды деградацияға ұшы­рат­ты. Жалпы, халқымыздың стратегиялық ой­лау қабілетінің төмендігіне қалыпты жағдай деп қарау керек. Оған ата-аналарымыз кінәлі емес. Одақ олар үшін тұрғын үй, жұмыс, оқу мә­­­­селесін шешті. Олар соған үйренді. Ал Тәуел­сіздік алғаннан кейін шекара ашылып, на­рық­тық экономикаға көшкен соң абдырап қалдық. Дамы­ған Америка сынды алпауыттардың өзі капитализмге 50-60  жылда өтті. Ал біз нарықтық кезеңге тым қысқа мерзімде көштік. Сон­дықтан бізге жеке тұлғаның стратегиялық жо­спарлау қабілетін дамыту маңызды. Себебі бізде «мемлекет жасайды», «үкімет ақша б­е­ре­ді», «5 бала таптым маған пәтер бер», «туыс­та­рым жиналып ақша беріңдер» деген тәуелділік, масыл­дық психология бар. Бұл – қаржылық жоспары жоқ қоғамның деградациясы. Сол себепті қаржылық жоспар жасау керек деп бар­лық жерде айтып жүремін. Менің байқа­ға­ным, қаржы тақырыбында сауалнама жүр­гіз­генде адамдар қысылып, жабылып, қашқақтай бас­тайды. Өйткені ақша мәселесі физикалық тұр­ғыдан да кей адамдарға жағымсыз сезім сый­лайды. 

– Қаржылық тұрғыда сауатты болу­дың жо­лы қандай? Қайдан оқып, кімнен үй­рен­ген дұрыс? Себебі саны көп, сапасы жоқ тренинг қаптап кетті...

– Соңғы 3 жылда адамдар онлайн оқыту ку­рс­тарына көп шығындалыпты. Бұған адам­дардың Tiktok, Instagram контентін тұтыну кө­лемі әсер етіп отыр. Адамдар ақылы курсты бө­ліп төлеуге алады. Менің де қаржылық курс­та­рымды бөліп төлеу арқылы сатып алуға бо­лады. Бірақ мен «Менің курсымнан бөлек бөліп тө­­леуге алған 2 қарызың болса, менің кур­сым­ды алма» деп ашық айтамын. Менің продю­сер­ле­рім шаштарын жұлып, неге олай дейсің деп ма­ған ұрсады (күлді). Бірақ мен қаржылық сауат туралы курсты экологиялық жолмен сат­қым келеді.
Сонымен қатар адамдар миллиондаған теңгеге тәлімгерлік курстарын бөліп төлеуге алады. Мынадай бір жағдай болды. Мүм­кіндігі шектеулі кісі бөліп төлеуге курс алып, жартысына келгенде ұнатпай, ақшасын қай­таруын сұрағанда, әлгі блогер ақшасын қай­тармайды. Ал курсты алған адам ақшаны әлі 2 жыл төлеуі керек. Қаржылық сауат бойын­ша сыни ойлау қалыптаспағандықтан да біздің қоғам осындай қадамға барып отыр. 
Бренд заттарды базардан сатып алып не­ме­се бөліп төлеп жүрген блогерлер өз өмірін әде­мі етіп көрсетіп, курстарын сатады. Адамдар ал­дағы өмірі дәл сол блогердікіндей «қызылды-жа­сылды» болады деп қиялданып, курсты са­тып алады. Бірақ оқуды бітірген соң айна­ла­сына қараса өзгерген ештеңе жоқ. Баяғы өмірі. Курс­тағы ақпарат не сырғып аққан судай бо­ла­ды, не көп жұмыс істеуді талап етеді. Екінің бірі. Басқа жол жоқ. Тез баюды қалайтындар, жетістікке жетуді оңай деп елестеткендер, соңын­да бөліп төлеуге алған кредитін жылдар бойы төлеп жүреді. Сондықтан адам курс са­тып аларда бұл менің қалауым ба, әлде қажет­ті­лігім ба деп өзінен сұрауы керек.
Елімізде қабылданған «Онлайн-плат­фор­малар және онлайн-жарнама туралы» заң кү­ші­не еніп, ендігі жерде блогерлер жалған ақ­па­рат таратқаны үшін әкімшілік жауапқа тар­тылатын болды. Ал интернетте жарнама жа­сайтын­дар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Заң әлі шикі болса да, бұл біраз блогер­лер, ин­флюен­­сер мен инстасығандарды тоқ­татады деп ойлаймын. 

– Енді отбасылық қаржы капита­лы мә­се­лесіне тоқталсақ. От­ба­сының база­лық шығындары табысынан көп болса, нендей амал жасау керек? 

– Мен отбасын құр­мас бұ­рын қыз бен жігіт ке­зінде ақ­ша мәлесесін ұял­май ашық сөйлесуге кеңес бере­мін. Қаржы директоры кім деген мә­селе талқылануы керек. Ақшаны бірге жи­най­мыз ба, жеке ұстаймыз ба деген мә­­селе де осы кезде ше­шілуі ке­рек. Әрине, ға­шықтар үшін бір-біріне мұндай сұ­рақ­тар қою ың­­ғай­сыз­дық тудыруы мүмкін. Біра­қ бұл мәсе­ле от­ба­сылық өмірде бәрібір ал­дыңыздан шығады. 
Қаржылық сауат тек ақ­ша­сын ұқсата ал­май жүргендерге ға­на емес, бәріне керек. Мы­са­лы, сіздер отбасылы болдыңыздар, мате­риал­­дық жағдайларыңыз жақсы, ата-енеңіз де қар­жылай көмектеседі делік. Алайда өмірде не­ше түрлі жағдай болады. 5-10 жылдан кейін жағ­дайдың қандай болатынын ешкім білмейді.  Сон­дықтан бала позициясынан, иллюзиядан ары­лып, құбылмалы экономикалық аймақта тұратынымызды ескеріп, капиталды арттыруға қамдану керек. 
Ал отбасының базалық шығындары табы­сы­нан көп болса, ең бірінші әр отбасы қолда бар капиталын бағалап, активтерінің құнын білуі керек. Ол үшін ерлі-зайыптылар арнайы «қаржы күнін» белгілеп, бірге отырып табыстар мен шығындарды есептеу керек. Мәселен, қо­лыңыз­да Rolex сағатын сата аласыз. Ол – ак­тив. Instagram желісін қолыңызбен ұстай ал­май­сыз, бірақ одан да пайда табуға болады. Яғ­ни, сатуға болатын нәрсенің бәрі активтер. Қол­дағы заттың нарықтағы құнын білу үшін olx, krisha.kz, kolesa.kz сынды сайттардан біл­сеңіз болады. Мәселен, активтеріңіз 20-50 млн арасы болуы мүмкін. Бұл жерде біз материал­дық емес активтерді де санаймыз. Мәселен, сіз­дің қаржыгер мамандығы бойынша дип­ло­мыңыз бар. Өз еңбегіңізді нарықта  айына 500 мың теңгеге «сата аласыз». 500 мыңды 12 айға кө­бейтіп, өзіңіздің дағдыларыңыздың жылдық ба­ғасын біле аласыз. Бұл – бірінші бөлім. 
Екіншісі, кредиттер, міндетті төлемдер, бө­ліп төлеу, ипотека, қарыздар және өмір сүру­ге кететін шығындар. Ай сайынғы шығынды есеп­теп, 12 айға көбейтіп, жылдық шығын мөл­­шерін білесіз. Активтеріңіз 50 млн, шы­ғын­дарыңыз 70 млн болса, капиталдарыңыз теріс, яғни қарыздарыңыз көп. Бұл жерде бірден қар­жылық жоспар жасалып, шығындарды қа­лыпқа келтірудің схемасы сызылуы керек. Сіз­дің отбасыңыз нарықта минус 20 млн теңге тұр­са, бұл сізге қаржылық шапалақ жегізеді. Ен­дігі мақсат – капиталыңызды оң нәтижеге кө­бейту. Неге капиталды бағалау қаржылық сауат деңгейін арттыруда бірінші орында тұр? Біз қаржыгерлер, тәуекелдер мен қауіп-қа­тер­лерге, форс-мажор, ең нашар деген жағдайларға дайын болуға дағдыланғанбыз. Сондықтан егер сіз тұрақты табысыңыздан немесе асырау­шыңыз­дан айырылсаңыз, жоғарыда аталған 50 млн активіңіз шығындарыңызды жабуға, өмір сүруіңізге жете ме, сол маңызды. Егер ка­пи­­талыңыз теріс болса, оны тез арада қалыпқа кел­­тіріп, оң нәтижеге қол жеткізіп, сосын ба­рып «айына бәлен млн табыс тапқым келеді» деп қаржылық жоспар құруға болады. 
Қазақстандықтар мереке күндері, той, ту­ған күндерге көп шығындалады. Мәселен, 2024 жы­лы енеңіздің мерейтойы делік, сіз ол дата­ны алдын ала біліп отырсыз. Айына 20 мыңнан жи­науға болады. Бірақ біз сол күн жақында­ған­да ғана қимылдап, қарыз аламыз не кредит рә­сімдейміз. Сондай-ақ өмірге бала келді делік. Ба­лаңыз сізбен бірге бір үйде тұрады, бірақ сіз оның мектепке баратынын 6 жылдан кейін та­мыз айында есіңізге түсіресіз. Қыркүйекте мек­тепке дайындау үшін жан ұшырып бөліп тө­леуге киім іздейсіз. Алайда мұның бәрін ал­дын ала қаржылық жоспар құру арқылы ше­шуге болады. 
Қазақстандықтар ақшасының көп бөлігін азық-түлікке, әсіресе етке, соғымға жұмсайды. Жалақысының 60 пайызына азық-түлік сатып ала­тындар бар. Бұл өте жоғары көрсеткіш. «Не­ге апта сайын ет асасың?» деп сұрасаң, «Қо­нақ шақырам, шақырмасам ұят» дейді. Осы­лайша, бізде ұяттың бағасы қымбатқа түсіп отыр. 

– Отбасылық бюджет жеке болуы ке­рек пе, әлде ортақ болуы керек пе? Қай­сы­сы тиімді?

– Бізде отбасылық бюджет, жеке бюджет ту­ра­лы статистика жоқ. Мен өзімнің жүргізген зерт­теуімнен ортақ бюджеттің тиімді екенін бай­қадым.  Өйткені отбасы  бұл – серіктестік, бір-бірін қолдау арқылы бір мақсатқа ұмтылу, біріге жұмыс істеу. Сол себепті үлкен мақ­сат­тар­ға жету үшін бюджеттің ортақ болуы тиімді. Кө­біне өзге ұлт өкілдері, жаңа үйленгендер, шет­ел­де оқып келген жастар жеке бюджет жүр­гізеді. Жеке бюджетте ер мен әйел өз қа­жет­тіліктерін өздері өтегенімен, олардың да ор­тақ мақсаттары болады. Алайда жеке бюд­жет мәселесінде ұрыс жиі болады. Ортақ бюд­же­т­ке «Мен көп салдым, сен аз салдың» деген санасу басталады. 
Маған консультацияға күйеуі бөлек, әйелі бө­лек келген жағдайлар болды. Бір­ге келетін ерлі-зайыптылар өте аз. Алайда 25 жастан асқан, ақыл тоқтатқан, заманға сай іле­се алатын, өздерін дамытып жүрген жастар үй­ленбей тұрып қаржылық кеңес алып жа­тады. Бұл – өте дұрыс шешім. Жалпы, қаржы кү­нін ай сайын жасау қиын болса, тоқсан сайын да жасауға болады. Негізі, дұрысында қар­жы күнін қаржы кеңесшісімен өткізу жақ­сы нәтиже береді. 
Осы ретте газет оқырмандарына пайдалы бір­неше лайфхакпен бөліскім келіп отыр. Әйел­дер көңіл күйі болмаса шоппинг жасап, импульсивті эмоциямен өзіне қажет емес зат­тарды сатып алып жатады. Мұндай жағдайды мен де басымнан өткіздім. Осындай сәтте өзіме 24 сағат уақыт беретінмін, осы зат саған қатты ке­рек болса, ертең келіп сатып аласың дейтін­мін. Алайда мұны жасау үшін үлкен ерік-жігер керек. Сондықтан өзіме стилист жалдадым. Сти­­­­листпен жұмыс істеу экономикалық тұр­ғы­дан өте тиімді екенін көрсетті. Осылайша, мен өз шығындарымды 60 пайызға қысқарт­тым. Ал мейрамханадан дәмді тағам жеуді жақ­сы көретіндерге аспазшы жалдауды ұсына­мын. Біріншіден, бір адамды жұмыспен қам­та­масыз етесіз, екіншіден шығындарыңыздың мөл­шерін азайтасыз, үшіншіден аспаз тамақты әр­дайым тек жаңа, балғын өнімдермен істейді. Біздің миымызға аспазшы десе, оны тек байлар жал­дай алады деген ой келеді. Олай емес, ас­паз­шы бір рет 10-15 мың теңгеге келіп сізге 2 күн­ге жететін тамақ пісіріп кетеді. Сондай-ақ сіз­дің маман ретінде нарықтағы бағаңыз қым­бат, бірақ үй тазалығына үлгермесеңіз, клининг ко­мпаниялардың қызметін пайдалану эконо­ми­калық тұрғыдан тиімді, психологиялық тұр­ғыдан жеңіл болмақ.  

– Өзімізді ақша жинауға қалай үй­ре­туге болады? 

– Ақша жинау – қаржылық дағдылардың бірі. Геймификация, Гаусс әдістері жақсы нә­ти­же береді. 500 мың жинау керек болса, боксқа әр салған суммаңды белгілеп, жасыл түспен бояп қоясыз. Жасыл түспен бояудың да өзіндік сыры бар. Адам жасыл түсті бояғанда психо­ло­­­гиялық тұрғыдан қуанады. Ері мен әйелі осы­лай ақша жинап, қуанып жүргенін көрген бала да ақша жинауды үйренетін болады. Со­ны­мен қатар ешқандай мақсатсыз 2 млн теңге жинауым керек деген болмайды. Сіз ақшаны не нәрсеге жинайтыныңызды нақты білуіңіз керек. Мақсаты болған кезде адам әр ай сайын ақ­ша жинағанда сол мақсатына жеткен сәтін елестетіп, қанаттанып, жағымды эмоцияларды басынан кешіреді. 
Ақша жинауда екі жол бар, бірі – үнемдеу, екін­шісі – табысты көбейту. Алайда адамдар екеуі­не де дайын болмайды. Көптеген клиент тек үнемдеуге дайын. Өйткені табысты арт­тыру бұл өзгеру, даму, жайлылық аймағынан шы­ғу, еңбектену, көбірек жұмыс істеуді талап етеді. 
Негізі, әр адамда резервті депозит болуы ке­рек. Оған ай сайын жалақының 5-10 пайыз аралығында ақша салып отырасыз. Мысалы, 300 мың теңге жалақы алсаңыз, 30 мың теңгесін басқа шығындарды өтемей тұрып бірден депозитке салуыңыз керек. Қалған ақшаны күнкөріске жұмсайсыз. Одан да артылса, мақсатты депозитке саласыз. Бұл саяхаттауға, үй сатып алуға арналған. Егер одан да артылса, мұны еркін капитал дейміз. Ол соманы инвестицияға салуға болады. Бізде инвестиция десе, көз алдымызға тек құнды қағаздар елестейді. Қазақстандықтар үшін классикалық инвестиция – үй алу. Біз үшін тұрғын үй алу тұрақтылықтың кепілі. Үй алып, әр баласының, немересінің атына жазып қал­дырса жаны тынышталады (күлді). Үй сатып алып оны жалға бергеннен коммерциялық ғимаратты сатып алып жалға берген әлдеқайда табысты бизнес. 

– Ақшаны теңгемен жинау керек па, әлде доллармен ба? 

– Егер сіз бір жыл ақша жинаймын деп мақ­сат қойсаңыз, теңгемен жинағаныңыз дұрыс. Ұзақмерзімді депозит ашсаңыз, доллармен немесе еуромен жинаған тиімді. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары