Геннадий Головкин ресми түрде World Boxing ұйымының президенті лауазымына үміткер атанды

/
Геннадий Головкин ресми түрде World Boxing ұйымының президенті лауазымына үміткер атанды

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, World Boxing ұйымы Олимпиадалық комиссиясының төрағасы және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы - World Boxing ұйымының президенті қызметіне ресми үміткерлер тізіміне енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұйымның жаңа президентін сайлау 23 қараша күні Рим қаласында World Boxing конгресі аясында өтеді. Сондай-ақ конгресс барысында федерация Атқарушы комитетінің мүшелері де таңдалады. Қазіргі таңда WB құрамына кіретін 125 елдің өкілдері дауыс беруге қатысады.

World Boxing - 2023 жылдың сәуір айында құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин WB ұйымының жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болып тағайындалған еді. Оның негізгі міндеті - боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау және World Boxing ұйымының Халықаралық Олимпиадалық комитет тарапынан ресми мойындалуына ықпал ету.

2025 жылдың ақпан айында Халықаралық Олимпиадалық комитет World Boxing ұйымын уақытша мойындады. Бұл шешім ұйымға әлемдік деңгейде боксты басқару құқығын берді. Ал наурыз айында ХОК боксты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.

Геннадий Головкин - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби рингте IBF (2015-2018, 2019-2023), IBO (2011-2018, 2019-2023) және WBA (2010-2018, 2022-2023) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған. Ол қатарынан 23 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақ тарихында ең жоғары нокаут көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары