Қазақстан мен Сауд Арабиясы 18,2 млн доллардың экспорттық келісіміне қол қойды

Қазақстан Сауд Арабиясына 500 млн доллардың тауарын жеткізуге дайын.

Қазақстан мен Сауд Арабиясы 18,2 млн доллардың экспорттық келісіміне қол қойды
ашық дереккөз

QazTrade Эр-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабиясы іскер топтарының бизнес-форумын ұйымдастырды, деп хабарлады Turkystan.kz.

Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, былтыр Сауд Арабиясында «Орталық Азия + Шығанақтағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты Мемлекет басшыларының бірінші саммиті өтті. Бүгінде Сауд Арабиясы Қазақстанның Ислам және Араб әлеміндегі жетекші стратегиялық әріптестерінің бірі болып табылады.

«Патшалықтың қолдауымен елімізге 120 млн доллардың жобасы енді. Соның бірі Жетісу облысында қуаты 1 ГВт ірі жел электр стансасының құрылысы болды. Біз ауыл шаруашылығы, фармацевтика, металлургия және басқа да салаларда экспортқа бағдарланған жаңа жобаларды іске асыруды талқылауға ашықпыз», – деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Эр-Риядтағы іскерлік форумда.

2023 жылдың 9 айында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы 13,4 млрд долларға жетті. Қазақстан экспортының үлесі 66,5%-ға артып, 7,2 млрд долларды құрады.

Қазақстан Сауд Арабиясына машина жасау мен металлургия саласының өнімдерін жеткізіп жатыр. Өткен жылдан бастап отандық компаниялар Эр-Риядқа салқындатылған қой етін экспорттай бастады. Импорттаушыларының тізіліміне 34 отандық ет және бал өнімдерін өндірушілер енді. Алдағы уақытта тағы 23 кәсіпорын қосылады деп жоспарланған.

«Қазақстандық компаниялар орта мерзімді перспективада Сауд Арабиясына 500 млн долларға жуық тауардың 75-тен астам түрін қосымша жеткізуге дайын. Металлургия және тамақ өнеркәсібін өндірушілер үлкен экспорттық әлеуетке ие...», – деді вице-министр.

Айта кетейік, іскерлік келіссөздің қорытындысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы 18,2 млн доллардың экспорттық келісіміне қол қойды.