Смайылов шетелдік серіктестерді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырды

Қазақстан Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа арттыру бойынша ауқымды міндет тұр

Смайылов шетелдік серіктестерді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырды
primeminister.kz
2595

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Онда Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар мен ұсыныстар талқыланды, деп хабарлады turkystan.kz.

Премьер-министр Қазақстан Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа, яғни, екі есеге арттыру бойынша ауқымды міндет тұрғанын атап өтті.

"Біз ESG принциптерін ескере отырып, бұл уақытта кемінде $150 млрд шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттарға жету үшін еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі шаралар қабылдануда", — деді ол.

Әлихан Смайылов атап өткендей, Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі пленарлық отырысы "Қазақстанды жаңа индустрияландыру" тақырыбына арналады.

"Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Үкімет жұмысы инвестициялар көлемін ұлғайтуға, озық технологияларды трансферттеуге, өндірістерді локализациялауға және жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құруға бағытталған. Өңдеу секторын жедел дамытуға басымдық берілетін болады", — деді ол.

Оның айтуынша, бұл үшін қажетті заңнамалық база мен институционалдық орта қалыптастырылды. "Өнеркәсіптік саясат туралы" Заң қабылданып, жаңадан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды.

"Үкімет экономиканың өсу серпінін сақтау және елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдайды. Біз шетелдік әріптестерімізді Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға шақырамыз", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Кеңес барысында Ernst & Young, TotalEnergies, Knauf, KPMG компанияларының өкілдері және ҚР орталық мемлекеттік органдарының басшылары сөз сөйледі.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің пысықталатынын атап өтті.

Сондай-ақ іс-шара аясында Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесін және жалпы республиканың инвестициялық ахуалын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етті.

Атап айтқанда, Coca Cola Içecek Kazakhstan, Microsoft, Baker & McKenzie, Cameco Kazakhstan, Chevron Corporation, Deloitte, Exxon Mobil, Glencore, Marubeni компанияларына және т. б. берілді.

"Осы жылдары бірлескен күш-жігердің арқасында жаңа өндіріс орындары іске қосылды, ірі жобалар жүзеге асырылды, ең бастысы, мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Ынтымақтастығымыз өзара тиімді болып, үлкен перспективаларға жол ашып, тұрақты түрде дами беретініне сенімдімін. Қазақстан Үкіметі инвестициялық байланыстарды тереңдетіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын", — деді Премьер-министр. 

Шетелдік инвесторлар кеңесі ҚР Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Кеңестің негізгі міндеті – Қазақстанның инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау, инвестициялық ахуалды жақсарту және ҚР инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.  Қазіргі уақытта Кеңес құрамына 33 ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйымдар басшылары, сондай-ақ шетелдік тараптан 9 бақылаушы кіреді.

Серіктес жаңалықтары