Жаңа алаң азаматтар мен кәсіпкерлердің өз құқықтарын қорғау кезінде кездесетін сұрақтарды шешумен айналысады. Мұнда азаматтардың құқықтық мәселелеріне қатысты жеке өтініштері қаралып, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленеді. Бұл туралы бүгін «Әділетті Орта» жиынының алғашқы отырысында партия төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов мәлімдеді. Алқалы жиынға Құрылтай депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, заңгерлер мен құқық саласының сарапшылары қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Орталық «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында құрылды. Бұл – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында заңды құрметтеу мен азаматтық жауапкершілік қоғам өмірінің негізіне айналуы керек екені атап өткен болатын.
Партия төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, азаматтардың кейбір өтініштері қолданыстағы заңдарды және олардың іс жүзінде қалай орындалып жатқанын жан-жақты талдауды қажет етеді. Сондықтан «Әділетті Орта» тек өтініштерді қараумен шектелмейді. Басты мақсат – құқықтық мәселелердің себептерін анықтау, олардың алдын алу және болашақта осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін нақты шешімдер ұсыну.

«Біз үшін әділеттілік тек қана заң жүзінде немесе Конституцияда ғана жазылып қалған қағида болып қалмай әр адамның күнделікті өмірінде сезілуі маңызды. Біз қоғамның сұранысын, сарапшылардың мүмкіндіктерін, депутаттардың жұмысын біріктіре отырып, құқық саласындағы маңызды мәселелерді жүйелі көтеруге күш салуды көздеп отырмыз», - деді ол.
«Әділетті Орта» орталығының жетекшісі Абзал Құспан негізгі сегіз бағытты таныстырды. Олардың қатарында азаматтарға құқықтық кеңес беру, заңнаманы талдау, заңдарды қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіру, медиацияны дамыту және дауларды шешуге көмектесу қадамдары бар. Сонымен қатар өңірлердегі құқықтық мәселелерді шешуге де ерекше көңіл бөлінеді.

«Орталық жұмысы аясында «Бір филиал – бір жеңіс» және «Депутаттық келісімшарт 3-2-1» бастамаларын жүзеге асыру, сондай-ақ бірыңғай байланыс орталығын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Басты міндетіміз – азаматтардың мәселелерін сотқа жеткізбей, тікелей жергілікті жерде шешуге жағдай жасау. Ол үшін түскен шағымдарға жауап беріп қана қоймай, жүйелі мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың туындау себептерін жою және болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу маңызды», – деді Абзал Құспан.
Тағы бір маңызды бағыт – қолданыстағы заңдардағы қайшылықтар мен олқылықтарды анықтау. Бұл жұмыс жаңа Конституция қабылданғаннан кейін заңнаманы жаңарту жағдайында ерекше өзекті болып отыр.
Алдағы өзгерістердің ауқымы туралы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова баяндады. Оның айтуынша бірінші кезең аясында мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің жұмыс істеуіне қажет заңнамалық негіз қалыптастырылған. Атап айтқанда, 5 дербес конституциялық заң және 4 ілеспе заң қабылданып, олар арқылы 9 конституциялық заңға, 15 кодекске және 51 заңға өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта Конституцияны іске асырудың екінші кезеңі жүргізілуде. Ол салалық заңнаманы Конституцияның ережелеріне сәйкестендіруді көздейді. Мемлекеттік органдар 173 заңға редакциялық түзетулер әзірлеп, сондай-ақ жекелеген конституциялық жаңашылдықтарды мазмұндық тұрғыдан жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар енгізді.
Жиында қазақстандықтарды жиі мазалайтын мәселелерді анықтау жолдары да талқыланды. Құрылтай депутаты Александр Данилов eOtinish платформасы арқылы жолданған өтініштер мен әлеуметтік желілердегі пікірлерді де талдауды ұсынды. Мұндай тәсіл жиі қайталанатын және жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Ал депутат Үнзила Шапақ заңнаманы кешенді түрде талдау қажет екеніне назар аударды. Оның айтуынша, жекелеген заң нормаларын ғана емес, олардың өзара байланысын және іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін де бағалау маңызды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға қатысты ұсыныстар әзірлеу жұмысын бірлесіп жалғастыруға уағдаласты. Осылайша, «Әділетті Орта» орталығы азаматтардың мәселелері талқыланып қана қоймай, заңдар мен оларды қолдану тәжірибесін өзгертуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленетін алаңға айналмақ.