Әділетті Қазақстанның алғашқы қадамдары

Бір жылда бағдарламадағы нендей ба­ғыт­тар бойынша жұмыс басталды? Қандай жұ­мыс атқарылды?

Әділетті Қазақстанның алғашқы қадамдары
turkystan.kz
1422

Президент сайлауы өткеніне бір жыл толды. Орталық сай­лау комиссиясының шы­ғар­ған қорытын­дысы бойынша 2023 жыл­ғы 20 қарашада өткен кезектен тыс Прези­дент сай­лауында Қасым-Жомарт Тоқаев сай­лау­шы­лар­дың 81,31 пайыз дауысын жи­нап, жеңіс­ке жеткен болатын. Осы­дан соң 2023 жыл­ғы 26 қара­шада Пре­зиденттің ант беру рә­сімі өткен еді.
 
– Конституцияға сәйкес билік тармақ­тары түгел жаңғыртылады. Осындай жаңа сая­си мау­сымды Президент сайлауы бастап бер­ді. Сайлау науқаны 3 айға жуық уақытқа со­зылды. Осы ке­зеңде еліміздің болашағы ту­ралы түрлі мазмұнды пікірталастар болды. Жұр­тымыз өз бо­лашағына бей-жай қа­ра­май­ты­нын көрсетті. Азаматтық қо­ғам­ның кемел инс­титутқа ай­нал­ғаны айқын аң­ға­рылды. Саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты. Осы­лай­ша, халқымыз 20 қара­шада өз таңдауын жа­­са­ды, – деп Қасым Жомарт-Тоқаев сайлау қо­ры­­тындысы шыққан­нан кейін пікір біл­дір­ген бо­латын. 
Өз саласыңда көшбасшы саналатын 450-ден астам Қазақстан азаматы үгіт-насихат кампа­ния­сына белсен­ді қа­тысып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауал­ды бағ­дарламасын түсін­діру­мен айна­лысты.

Жеті жылға жоспар – негізгі үш қағидат

Президент атқарылатын жұмыстарды не­гізгі үш қағидатқа топтастырған болатын. Оның ең алғашқысы әрі ең маңыздысы – сая­си жаңғыру.
– Барлық шешімді екшеп, ашық әрі әділ, ең бастысы – қоғам мүддесі мен талабын ес­кере отырып қабылдаймыз. Сондықтан бі­рін­ші қағидат саяси жаңғыру үдерісін жал­ғастыруды, мемлекеттік және корпоративтік кә­сіби басқаруды енгізуді көздейді. Үкімет, әкім­дік, сот, прокуратура мен полиция қыз­ме­ті азаматтың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ету сияқты негізгі міндеттерді ше­шуге бағытталады, – деп айтылған Пре­зи­дент­тің сайлауалды үндеуінде.
Ал екінші қағидат ел ресурсын тиімді пай­далануға негізделген экономика құру ту­ра­лы болды.  
– Екінші қағидат азаматтар, бизнес және мем­лекет мүддесі мен игілігі теңгеріміне, сон­дай-ақ ел ресурсын тиімді пайдалануға не­гіз­делген экономика құруды білдіреді. Сол үшін қоғамның жұмыспен жоғары деңгейдегі қам­тылуын, азаматтардың әлеуметтік ауыз­бір­лігін, сонымен бірге теңгерімді аумақтық да­муды қамтамасыз ететін өнімді еңбек на­ры­ғы құрылады, – деген еді Мемлекет бас­шы­сы. Естеріңізде болса, биылғы 1 қыр­күйек­тегі Жолдау да осы тақырыпқа, яғни әділетті Қа­зақстанның экономикалық бағдарына арналған болатын.
– Дамыған әлеуметтік инфрақұрылым жа­сауды және адам әлеуетін іске асыру үшін жан-жақты мүмкіндік беруді көздейді. Біз са­ламатты, білімді, еңбексүйгіш, әлеуметтік қор­­ғалған және отаншыл қоғам қалып­тас­тыра­мыз,  – бұл – үндеудегі үшінші қағидат.
Қазақстан азаматтарының жақсы өмір сүр­генін қалайтынын айтқан Президент ха­лық­тың қолдауының маңызы туралы да айт­ты.
– Аталған өзгерістің бәрін жақын арада жү­зеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсаттарға жетудің басты кепілі бо­ла­ды. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға не­ғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге со­ғұрлым тезірек жетеміз, – деп сол кезде Пре­зи­дент сайлауалды бағдарламада айтылған жос­парлар мен көзделген нәтижелер жақын ара­да жүзеге асатынын айтқан. 
Бір жылда бағдарламадағы нендей ба­ғыт­тар бойынша жұмыс басталды? Қандай жұ­мыс атқарылды?

Өңірлік саясаттағы өзгерістер

– Ең алдымен экономика, әлеуметтік сала мен өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер ту­ралы бастама көтермекпін. Алдағы ре­фор­ма­лар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жа­уап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қа­терлерге қарсы тұрақтылығымызды кү­шейт­пек, – деген еді Президент сайлауалды үн­­­­деуінде.
Жалпы, аймақтарға байланысты өзгеріс­тер сайлауға дейін де басталған болатын. Мә­селен, елімізде жаңадан үш облыс құрыл­ды. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Ал биыл бұл тәжірибе  аудан әкімдерінің сайлауына ұлас­ты.  5 қазан күні Қазақстанның 17 облы­сын­да аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Орта­лық сайлау комиссиясы аудандар мен об­лыс­тық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау қо­рытындысын жариялады. Бұл сайлау Мем­­­лекет басшысының бастамасымен алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен об­лыс­тық маңызы бар қалаларда өткізілді. Сайлау ке­зінде 1 553 сайлау комиссиясы жұмыс істеп, оған 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық жә­не 1 491 учаскелік сайлау комиссиялары жұ­м­ылдырылған.
Одан бөлек, биылғы Президент Жол­дауын­да бюджетаралық қатынастарды түбе­гей­лі өзгерту мәселесі көтерілді. Соның ішін­де, аймақтардың бюджет мәселесіндегі дер­бестігін арттыру туралы тапсырма берілді.
Былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені ба­с­қару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйе­сін реформалауды тапсырғанын еске салған Пре­зидент бұл мәселе жаңа кодекс қабыл­дан­ған соң шешімін табатынын айтты. 
– Тағы бір аса маңызды мәселеге, яғни бюд­жет саясатына тоқталайық. Мен былтыр «бюд­жетті басқарудан» «нәтижені басқару» тә­сі­ліне көшу арқылы бюджет жүйесін ре­фор­малауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа ко­декс қабылданған соң шешімін табады. Бюд­жет үдерісінің ашықтығы, оған қаты­су­шы­лардың жауапкершілігі мен дербестігі ар­та түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Бюджет жүйесін реформалауға қатысты кө­терілген тағы бір назар аударарлық мәселе бюд­жетті басқару бойынша аймақтарды мей­лін­ше өз алдына дербес ету болды.
– Аймақтарға қатысты саясатта маңызды ре­формалар жүргізілді. Соның нәтижесінде, әкім­дерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкім­шілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюд­жетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үл­гіге көшкенде аймақтардың бюджет мә­се­ле­сіндегі дербестігін арттыру керек, – деді Мем­лекет басшысы.

159,8 миллиард теңге қайтарылды

– Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әді­леттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мә­селелерді шешу керек.
Мемлекет монополияларды жояды, та­быс­тың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қо­лы­нан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзі­не лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқ­таж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді, – деп айтылған Президенттің сай­лауалды үндеуінде. 
Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұ­мыс­тарға тоқталар болсақ, шетелге заңсыз шы­ғарылған активтерді елге қайтаруға баса мән беріліп отыр.
2022 жылғы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтарудың ұсынысын әзірлеуді тапсырғаны есте. Маусымда Бас прокуратура активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия құрған болатын. 18 шілде күні сол комиссияның жиы­ны өтті. Елімізден заңсыз шығарылған ақшалардың бары, ол қаражаттың аз емес екені де бұрыннан белгілі. Қазақстанда бай­лықтың 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тие­сілі деген ақпарат тек біздің елде ғана емес, әлем бойынша талқыға түсті. 
Биылғы 12 қазанда Бас прокуратурасының Ак­тивтерді қайтару жөніндегі комитеті құ­рыл­ды. 
– Комитеттің міндеті активтерді іздеу жә­не қайтару, осы саладағы халықаралық-құ­қықтық ынтымақтастықты дамыту, сон­дай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шо­ғырлануына және активтерді заңсыз шы­ғаруға ықпал еткен себептер мен жағдай­ларды анықтау және жою болып айқындалды. Сонымен бірге Комитет – елдің премьер-министрі басқаратын заңсыз иемденілген ак­ти­в­терді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның жұмыс органы, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Комитет, сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерге тыйым салу жә­не тәркілеу туралы сұрау жіберуге, заңсыз ием­денілген активтерді мемлекет кірісіне ай­налдыру туралы қазақстандық және шет­ел­дік соттарға талап қоюға, сотқа дейінгі тер­геп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, процестік және өзге де келісімдер) жасасуға құқылы.
Қазір жауапты мекемелер қайтарылған ак­тивтер туралы мәліметті ай сайын жа­рия­лап келеді. Антикордың кейінгі ақпаратына сүйен­сек, 2021 жылдан бастап бюджетке жә­не квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 миллиард теңге болатын мүлік активтері мен ақшалай қаражат қайтарылған. Оның ішінде 159,8 миллиард теңгесі – шетел юрис­дикцияларынан түскен қаражат. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті.
Атап айтар болсақ, Австриядан 36,8 мил­лиард теңге, Лихтенштейннен 116,7 мил­лиард теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 миллиард теңге, Түркиядан 253 миллион теңге қайтарылған.
Агенттік мәліметінше, қазір Ыстан­бұл­да­ғы пәтер, Франциядағы үй, БАӘ-дегі екі вилла жә­не Мәскеудегі «Снегири Эко» және «Золо­тые ключи» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ан­ти­кор аталған жылжымайтын мүліктердің ви­­­­деосын да жариялаған болатын.

Балалар ұлттық қордан үлесті болды 

– Мемлекет өскелең ұрпаққа білім беру үшін осы салаға инвестиция құя береді. Білім са­ласының барлық деңгейінде қордаланған мә­селе шешіледі. Бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмірі біздің жіті назарымызда бо­ла­ды, – деп айтылған үндеуде.
Биыл жемқорлардан тәркіленген қара­жат­­қа мектеп салына бастайтыны ай­­­тылды. Президент былтырғы 1 қыркүйек­тегі Жолдауында мектептегі орын тапшы­лы­ғы мәселесіне тоқталып, жемқорлардың заң­сыз иемденген қаражаты түгелдей мек­теп құрылысына жұмсалуы керек екенін айт­қан болатын. 
7 наурызда Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаев қайтарылған ақшаға 70-тен аса мек­теп салынатынын мәлімдеді. Президент мә­лімдемесінен кейін бұл тапсырманың орын­далу-орындалмауы екіталай деген маз­мұндағы пікірлер айтылды. Сол кезде бұл сөздің жаны бар сияқты көрінген. Себебі жемқорлардан «ақша қашан қайтарылады, қалай қайтарылады, ол қанша ақша болуы мүм­кін?» деген сұрақтардың жауабы бұлың­ғыр болды. Яғни, қолда жоқ, қашан болатыны белгісіз, қайдан келетіні беймәлім қаражат. Сәйкесінше, мектептердің құрылысы қашан басталатыны, жемқорлардан жиналатын ақ­ша қанша мектеп салуға жететіні де түсі­нік­сіз еді. Дегенмен Президент Жолдау жаса­ған­нан кейін екі айдан соң, 2022 жылғы 10 қа­рашада Премьер-Министр Әлихан Смайы­лов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қо­рының» есепшотына 50 миллиард теңге түс­кенін мәлімдеді. Сенаттың жалпы оты­ры­сынан кейінгі баспасөз мәслихатында Пре­мьер-Министр тәркіленген қаражатты мек­теп құрылысына бағыттау жұмыстары қа­лай атқарылатынын да түсіндірді. Оның сөзінше, бұл мәселе құқықтық тұрғыдан реттеліп, ар­найы жеке шот ашылған.
Одан бөлек, жүзеге асқан тағы бір бас­та­ма – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. 16 қа­рашада Мемлекет басшысы Ұлттық қордан ба­ла­ларға қаржы төлеу туралы заңға қол қой­ды. Жобаны Президент өзі ұсынған еді. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, пре­зидентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа то­латын балалар 1 ақпаннан кейін қаражат ала алады. 
Яғни, 2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақ­стан­да «Ұлттық қор – балаларға» жо­ба­сы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлт­тық қордың жылдық табысының 50 пайызы ар­найы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақ­ша­ны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ға­на ала алады. Ақшаны алу үшін ата-ана­лар­ға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-ми­нистрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы ар­қы­лы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.
Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін ол доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын тө­­леуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға бо­лады. Ата-аналар баласының шотына түсе­тін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тек­серіп отыра алады.
Алдын ала болжамға сүйенсек, 2024 жы­лы 18 жасқа толатын азаматтар бір жылда 160–170 АҚШ долларын алады. Ал биыл дү­ние­ге келген балалар 18 жасқа толғанда, 3,5 мың АҚШ долларын  алуы мүмкін.

Су мәселесімен айналысатын жаңа министрлік құрылды

«Біз ауызсу тапшылығы мәселесін бір­жо­ла шешеміз, азық-түлік қауіпсіздігін кү­шей­те­міз». Мемлекет басшысының үндеуіндегі та­ғы бір басым бағыт – су мәселесін реттеуге ба­ғытталған еді. 
1 қыркүйектегі Жолдауында мемлекет бас­шысы су ресурсына, оны үнемдеу қажет еке­ніне ерекше тоқталып, әсіресе, судың са­п­а­сы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғанын айтқан еді.
– Жалпы, біз – трансшекаралық су көз­дері­не тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзен­дер мен каналдар – баршамызға ортақ та­биғат байлығы. Осы су көздері біздің ха­лық­тарымызды, экономикамызды жақын­дас­тырады. Сондықтан көршілес әрі достас ел­дермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара тү­сіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақ­ты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәсе­ле­лерін шешу – үкіметтің алдында тұрған аса маңыз­ды міндеттер, – деді Президент.
Осылайша, Мемлекет басшысының жар­лығымен елімізде Су мәселесімен айналы­са­тын жаңа министрлік – Су ресурстары және ир­ригация министрлігі құрылды. Жаңа ми­нистрлік Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінен бөлініп шықты.
Мемлекет басшысы қыркүйекте Нью-Йорк қаласына сапарында БҰҰ Бас Ас­самблеясының 78-сессиясы аясында өткен жал­пы дебатта да су мәселесін көтерген бо­ла­тын. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да мәселелер туындатып отыр­ға­ны­на назар аударды. Мұндай жағдай келе­шек­те бүкіл әлемде байқалады. 2040 жылға қа­рай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайыз­ға асып кетуі мүмкін.
– Біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жө­­ніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жі­гері­міз бен экономикалық ресурсымызды жұ­мылдыруымыз керек. Келесі жылы Қа­зақ­стан Халықаралық Аралды қорғау қорына төра­ғалық етеді. Біз қоршаған ортаның одан әрі тозуына жол бермеу және бір кездері пла­не­тамыздағы аумағы жөнінен төртінші орын­да тұрған көлдің айналасындағы тір­шілікке кері әсерін болдырмау жұмыстарын жалғастырамыз. Қазір әлемдегі ең ірі көл – Кас­пий теңізі де суының тартылуы, су арна­лары­ның бұрылуы, флорасы мен фаунасының ластануы сияқты экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізін құтқару мә­селесі ұзақмерзімді халықаралық ынты­мақ­тастықты қажет ететін ортақ басымдыққа ай­налуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Ауылды дамыту тұжырымдамасы бекітілді

«Ауылда өмір сүру, жұмыс істеу қаладан еш кем болмайтындай етіп, ауылшаруа­шы­лы­ғын қайта жандандырамыз. Фермерлер эко­номиканы ілгерілетуші жаңа күшке ай­налады. Мемлекет ауыл тұрғындарын кәсіби ме­дицинамен қамтамасыз етеді». Бұл да – сай­лауалды жоспардың бір бағыты.
10 сәуірде Үкімет ауылдарды дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті. Құжаттағы жос­парлар мен міндеттер 2027 жылға дейін жү­зеге асуы керек. Міндет жүктелген бірнеше жауап­ты мекемелердің ішінде негізігі жауап­кер­шілік Ұлттық экономика министрлігіне жүк­телді. 
2022 жылғы 26 қарашада Президент «Қа­зақ­стан Республикасының ауылдық аумақ­та­рын дамытудың 2023-2027 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Одан бөлек, Үкімет ауылды дамыту­дың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеу ту­ралы тапсырма алған болатын. Ауылдарды да­мытуға бағытталған жаңа тұжырымдама бұ­ған дейін қабылданған, қолданыстағы бар­лық жоба мен жоспар біріктірілгені, жүйе­лен­гені айтылған еді. Бұл тұжырымдаманың жо­басында да көрсетілген. Жауаптылардың сө­зінше, жоспар ауылдардың географиялық ерек­шеліктері мен артықшылықтарын ескере оты­рып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін аша түсуге бағытталған. 
Құжатта ауылдар мен аймақтар игерілу жә­не ауыл шаруашылығы үшін пайдалану си­паты, даму әлеуетіне байланысты 4 типке жіктеліп, оның әрқайсына жеке жоспар жа­сал­ған. Мақсаты – ауылдағы халыққа жағдай жа­сау. Егер тұжырымдамадағы көзделген мақ­сат шынымен орындалар болса, ауыл­дардың тамырына қан жүгіріп, екінші ты­ны­сы ашылары анық. 

Сыртқы саясаттағы серпіліс

– Біз ұлттық мүддені қорғауды, барлық мүд­делі мемлекетпен өзара тиімді ынты­мақ­тастықты нығайтуды көздейтін, халы­қ­ара­лық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете­тін сыртқы саяси бағытты жалғастыра бе­ре­міз, – деп Президент сайлауалды бағдар­ла­масында сыртқы саясатта ұстанатын бағы­тын нақты айтқан болатын.
Президенттің бір жыл жұмысында сырт­қы саясат бағытындағы жұмыс же­місті болды. Сыртқы геосаяси ахуал шиеленгісіп тұрған шақта, бұл – аса маңызды. Мемлекет басшысы көптеген елге сапарлап, түрлі мемлекетпен ынтымақтастықты да­мыт­ты, көптеген елмен түрлі салада келісім ор­нады. «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қа­тысты. БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсат­та­рына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прог­ресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қа­тысты ауқымды іс-қимылдарды жандан­дыру» атты Көшбасшылар диалогының бірін­ші сессиясында төрағалық етті. Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Нью-Йорк қаласына сапарын­да БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы ая­сында өткен жалпы дебатқа қатысты. 
Елдер ғана емес, сонымен қатар ірі ха­лық­аралық корпорациялар қорларымен өт­кен кездесулердің де маңызы зор. Көбінесе эко­номика, логистика, қаржы, цифрландыру са­лалары бойынша жүздесулер өтті. Бұл да эко­номикамызды дамыту тұрғысынан аса маңызды. Дәл қазір осы салалар біздің эко­номикамыздың дамуының жаңа нүктелері болуы керек.
Атап айтқан негізгі жаһандық, аймақтық мәселелерден бөлек, Президент Ауған­стан­дағы ахуалға тоқталды, су мәселесі, климат мәселесі, конфессияаралық диалог проб­ле­ма­лары көтерілді. Осылайша, Президент сыртқы саясаттағы бағытымызды іске асыру­ға бағытталған процесті жалғастырып жат­қа­нын көріп отырмыз.
2023 жылғы І тоқсандағы тікелей шетел­дік инвестицияның жалпы көлемі 7,6 мил­лиард АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы сәйкес кезеңдегі қорытындыға қарағанда 694 миллион АҚШ долларына артық. 

Ермек ТОҚТАРОВ,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ 
Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:

«Әлеуметтік мемлекет» және «әділ мемлекет» азаматтарға лайықты өмір сүру үшін қажеттінің бәрін беруге міндетті

– Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі – өркениетті қо­ғам­ның дамуының ажырамас бөлігі. Азаматтардың әлеу­меттік осал тобына қолдау көрсету қоғамды нығайтып, әділ­дікке қол жеткізуге ұмтылатын елдер үшін негізгі өл­шем­шарт деуге болады. «Әлеуметтік мемлекет» және «әділ мем­лекет» азаматтарға лайықты өмір сүру үшін қажетті нәр­сенің бәрін беруге міндетті.
Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған міндеттердің орындалу барысын талдай отырып, біздің еліміз қоғамның және осал топтардың мүддесі басты назардағы басқарудың әлеуметтік түрін қабылдады деген тұжырым жасауымызға болады. 
Жақында еліміздегі әлеуметтік жағынан әлсіз азаматтардың санын анықтаудағы қиындық еңсерілді. Бұрын созылмалы аурумен ауыратын азаматтар туралы ақпарат жоқтың қасы еді, сондай-ақ мамандандырылған инфрақұрылымның жоқтығы қолдаудың тиімділігін бағалауда қиындық туғызатын. Мемлекет басшысының бағалауы бойынша, мұның бәрі мемлекеттің салғырттығы мен азаматтардың өз құқығын түсінбеуіне әкеп соқтырды. Осылайша, Әлеуметтік кодекс әзірлеу және азаматтарды қолдаудың барлық жүйесін қайта қарау туралы шешім қабылданды. 
Қосымша мемлекет көмегін алуға құқығы бар азаматтар санаты 10-нан асады. Қолдау тетігін ашық әрі түсінікті ету үшін әлеуметтік бағдарлама алатындар мен әкімшілерге бірдей түсінікті болатын бірыңғай құжат қажет болды. Дәл осы тұста мемлекеттік қызмет алуды жеңілдеткен және азаматтарды тиімді қолдаған «Отбасының цифрлық картасын» жасау маңызды қадам болды. Бүгінде онда 19,7 миллионнан астам қазақстандық немесе 6 миллионнан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған. Бұл инновациялық жүйе 64,4 мың жұмыссыз қазақстандыққа қолжетімді жұмыс және тегін оқыту туралы ақпарат беріп жатыр.
Бұдан бөлек, жастар санатының 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғаюы қосымша 5,7 миллион азаматтың мемлекеттің қолдау бағдарламасына ілігуіне септігін тигізді. Биыл 9 мыңға жуық жас азамат, оның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдері 2,5 пайыз жеңілдігі бар кредиттердің артықшылықтарын пайдаланып, қайтарымсыз грантқа ие болып, өз бизнестерін табысты іске асыруға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап барлық өңірде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 97 мың баланы балабақшаларда тегін тамақтандыру мәселесі шешілді. Осылайша, мемлекет мектепке дейінгі мекемелерде тегін тамақтану мәселесін шешіп, қаржыландыруды өз мойнына алды. 
Әлеуметтік қолдау жүйесінің шарықтау шегі 16 қарашада Президент Қ.Тоқаевтың «Ұлттық қор – балаларға» жобасын бекіту туралы заңға қол қоюы болды. Жаңа бастамаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының 50 пайызы ресми түрде балалардың арнайы шотына аударылатын болады. Кәмелетке толғаннан кейін қаражатты үй алуға немесе білім алу үшін пайдалануға болады. Келер жылы 1 ақпанда балалардың шотына қаражат аударыла бастайды. Ол доллармен сақталып, 18 жасқа толғаннан кейін теңгемен беріледі.

«Біз өзара байланысты үш қағидат негізіндегі жаңа мемлекеттік саясатқа көшеміз: әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам». Осылайша, Президенттің бір жылда атқарған жұмыстарының басты-басты дегендеріне шолу жасап өттік. Бұл жыл, әрине, одан бұрынғы жоспарлар мен жобалардың жүзеге аса бастаған, құқықтық тұрғыдан негізделген кезі болды деп қорытындылауға болады. Жұмыстардың нәтижесі, әрине, алдағы уақыттың еншісінде. 
 

Серіктес жаңалықтары