Тұтынушы сапасы нашар тауарға төлеген ақшасын қайтарып алу үшін не істеуі керек?

Сапасыз тауарға қарағанда сапалы тауарды қайтару қиын.

Тұтынушы сапасы нашар тауарға төлеген ақшасын қайтарып алу үшін не істеуі керек?
ашық дереккөз

Кез келген дүкеннен тауар сатып алған адам тұтынушы болып саналады. Сатып алу-сату мәмілесіне қатысқан тұтынушының құқығын қорғайтын заң бар.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 7-бабына сәйкес тұтынушылардың:

– тауар, көрсетілетін қызмет, сондай-ақ сатушы, дайындаушы, орындаушы туралы ақпарат алу;

– тауардың, көрсетілетін қызметтің тиісті сапасын тексеру;

– сапалы немесе сапасыз тауарды айырбастап алу немесе қайтарып беру;

– сатушыдан, дайындаушыдан, орындаушыдан тауарды сатып алғанын, жұмысты орындағанын немесе қызмет көрсеткенін растайтын құжат талап ету;

– моральдық зиянды өтету;

– құқықтары мен заңды мүддесін қорғау құқығы бар.

Тұтынушы сатушыдан сапасы нашар тауарға, тіпті сапалы тауарға төлеген ақшасын қайтарып ала алады. Дегенмен осы тұста назар аударатын нәзік қалтарыстар бар. Сатып алушы құқығының бұзылуы көп жағдайда тауарды қайтару немесе айырбастау кезінде туындауы мүмкін. Ерекше атап көрсетерлігі, сапасыз тауарға қарағанда сапалы тауарды қайтару, айырбастау қиын болады.

Заңның 14, 30 - бабына сәйкес, тұтынушы сатып алған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарды қайтаруға, айырбастауға құқылы. Сатушы тұтынушының талабын орындауға міндетті. Тауарды қайтару немесе айырбастау кезінде сатып алушы барлық заттаңбаны сонымен қатар сатып алу фактісін растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Егер сатып алушы тауарды сатып алғанына қатысты құжатты көрсете алмаса, онда сатып алу фактісін растау үшін куәгерлердің айғағына жүгіне алады. Бұл болмаған жағдайда сатып алу фактісін растайтын кез келген басқа әдісті қолдануға болады.

Нақтылай кетейік, азық-түлікке жатпайтын тауарды айырбастау немесе қайтару барлық өнімге бірдей қолданылмайды. Мысалы: 

– дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;

– іш киім;

– шұлық-ұйық бұйымдары;

– жануарлар мен өсімдіктер;

– метрлеп сатылатын тауарлар: тоқыма және перделік кенеп мата, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, ленталар, шілтер, таспа, сымдар, баулар, линолеум, багет, пленка, клеенка;

– ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы айырбасталмайды және қайтарылмайды.

Тұтынушыға сапасыз тауар ұсынылса, ол оны білместікпен сатып алса, онда сатушы тауарды қайта қабылдап, тұтынушының тауардың құнын қайтару, тауарды айырбастау немесе жөндеу туралы талабын орындауға тиіс.

Тауарды айырбастау немесе қайтару үшін 14 күннен аспайтын мерзімді сақтау қажет. Егер тауар сапалы болса, бірақ тұтынушыға оның түсі немесе функционалы ұнамаса, сатушы тауарды айырбастауға немесе ақшасын қайтарып беруге міндетті. Айырбастайтын тауар болмаса, сатушы күнтізбелік 10 күн ішінде дәл сондай басқа тауар ұсынуы тиіс.

Атап көрсетерлігі тұтынушы тауарды қолма-қол ақшаға сатып алған болса, онда ақшасы бірден кассада қайтарылады. Картамен есеп айырысқан болса, ақша картаға белгілі бір уақыттан соң түседі. Осы орайда ескеретін жайт – қайтарылатын тауар қолданылмаған болуы керек.

Қымбат тауар сатып алған кезде сол тауармен бірге сол дүкенде суретке түскен абзал. Бұл сурет түбіртекті жоғалтып алған немесе түбіртек берілмеген жағдайда дәл осы дүкеннен тауар алғаныңызды дәлелдеу үшін қажет болады. Сатып алған тауардың түбіртегін, қаптамасын және құжатын кепілдік немесе пайдалану мерзімі аяқталғанша сақтап жүрген дұрыс.

 Тұтынушы сапасы нашар тауарға төлеген ақшасын қайтарып алу немесе тауарын айырбастау үшін «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сүйеніп әрекет етуі керек. Ол сатушыға талап қоя отырып, мәселені оң және тез шешу үшін өзі де заң аясындағы талапты орындауы тиіс.