«Әр көрермен проблемасын біз арқылы шеше алса...»: Астанада тағы бір театрдың тұсауы кесілді
Қойылым тек сахнада емес, тіпті фойеде немесе киім ілетін орыннан басталып кетуі мүмкін
Соңғы қоңырау, мектеп кезеңі – әркімнің басынан өткен тәтті шақ. Бұл тақырып туралы қалам тербемеген жазушы, өлең шығармаған ақын жоқ шығар, сірә. Жуырда жаңадан құрылған «Жан» театры осы кезеңді қамтитын «Өліара» лирикалық көмедиясын сахналады. Turkystan.kz тілшісі шығармашыл жастардың басын қосқан өнер ұжымының тынысымен танысып қайтқан еді.
«Өліара» қойылымы – жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Өліара» туындысының желісінде қойылған жаңадан ашылып жатқан «Жан» театрының алғашқы туындысы. Автордың 5 беттік әңгімесін инсценировка авторы Бахтияр Тұрсын сценарийге айналдырған. Ал қоюшы режиссері – Руслан Алишев. Басты рөлдегі Алмат пен Айдананы Әзілбек Төлеуғалиев, Рамазан Жақай, Қанат Егдір және Аңсаған Балғабекова сомдаған.
«Бұл қойылым менің қысқа ғана әңгімемнің желісінде қойылған. Студент кезде жазылған туынды. Мында нақты мен жоқпын. Бірақ менің жан дүнием, менің мұңым, менің сағынышым, жалпы менің сезімдерім сақталған», – дейді туынды авторы Бейбіт Сарыбай.
Шығарма сюжеті бойынша түлектердің балалық шақ пен ересек өмір арасындағы өліара кезеңі баяндалады. Бірі арман қуып қалаға оқуға кетсе, енді бірі ауылда қалады. Сондай-ақ инсценировка авторы мен режиссер қосқан кейбір әңгімеде жоқ жерлер де көрсетіледі.
«Актерлер рөлдерін жақсы алып шықты. Жеке өзім бұл қойылымды тағы бір жыл өткен соң көргім келеді. Сол кезде актерлер рөлдерін одан сайын аша түседі деген ойдамын. Ал қазір бәрі ойымыздағыдай, жақсы келе жатыр.
Бұл қойылым туралы естігеннен, көрген дұрыс болады. Ішіндегі детальдарды сөзбен айтып жеткізу қиын. Жалпы қойылымның соңы сұрақ белгісімен аяқталған болатын. Режиссер ретінде қойылымды солай көрдім. Премьерадан кейін біраз көрермен хабарласып, «Немен аяқталды?», «Алмат пен Айдана қосылды ма?» деген сұрақтарын қойды. Көрермен әрі қарай ойланып, сюжетті әр адам өз қиялында дамыта алуы үшін осындай қадам жасалды. Жалпы көрерменнің үйіне барып біз көтерген тақырып туралы ойланғаны – қойылымның ақталғаны деп білемін», – дейді режиссер Руслан Алишев.
Қойылымда басты рөлдегі Алматты 3 жігіт сомдайды. Яғни қойылым кез келген адамның бойында кездесетін үш түрлі қасиет негізінде баяндалады. Атап айтқанда, Алматтың сезімтал, комедиялық және мінезді болмысы бар.
«Алмат – жаныма жақын рөл. Өйткені 5 жыл бұрын ғана мектеп аяқтаған соң біршама оқиға еске түсті. Қызық сезім болғанын айта кету керек. Маған Алматтың лирикалық жағы жақын болды. Соны сомдадым.
Кез келген актердің ойнағаны көңілінен шықпай жатады. Ойнап болғаннан кейін «Былай істеуге болатын еді» деген ойлар келеді. Алдағы уақытта тағы да басқа өзгерістер болады деген үміттемін», – дейді сезімтал Алматты ойнаған Рамазан Жақай.
Алмат – аңғал, ашық-жарқын, сөзінде тұратын, арманы көп, талпынысы бар жігіт. Өзінің ғашығы үшін соңына дейін барады, барынша сынбауға тырысады.
«Алмат рөлі ешқандай қиындық туғызған жоқ. Алматтың ғана емес, жалпы бүкіл ер адамның бала ғашығы міндетті түрде болады ғой. Сол кездегі сәттерді ойнау мен үшін ностальгия болды. Өзім балалық шаққа барып келгендей сезіндім. Сол секілді көрермен де бізбен өздерінің балалық шағына саяхат жасай алды.
Қойылым сюжетінде әрбір оқушының мектеп бітіргеннен кейін басынан өтетін жағдайды баяндалады. Қалаға барып оқуға түсу немесе ауылға қайту деген секілді. Былайша айтқанда оқушы үшін өмірдің шешуші кезеңдерінің бірі», – дейді Алматтың комедиялық кейіпін ойнаған Әзілбек Төлеуғалиев.
Алмат – ашық-жарқын болғанымен, мінезді жігіт. Оның мінезінің қаншалықты ауыр болғанын мінезді Алматты сомдаған Қанат Егдір айтып берді.
«Ол – ашуланшақ, оған ештеңе ұнамайды, біреу бірдеңе десе, жақтырмайды, ұрып жібереді. Мұның бәрі – әрбір адамның бойынан табылатын қасиеттер.
Рөл көңілімнен шыққан жоқ. Жабық көрсетілімде алғаш рет осы рөлді ойнаған кезде басқаша болды, ал көрерменге ойнаған уақытта тағы да қабілетімді қоса түстім. Алдағы уақытта кешегіден де ерекше қылуға тырысам. Өйткені мен рөлдегі өзімді де, көрерменді де жалықтырмауым керек.
Туынды бойынша Алмат – жақсы жігіт. Алдына қойған мақсаты бар, жауапкершілігі мол, бір қызды сүйеді. Мектеп қабырғасында жүргенде сыныптасы Айданаға ғашық болады. Алматыға барғанда да ғашығы Айдана үшін ауылға қайтып келеді», – дейді ол.
Ал Алматтың ғашығы Айдананың рөлін ойнаған Аңсаған Балғабекованың айтуынша, кейіпкерінің бір мұңы бар.
«Айдана – ауылдың қарапайым, сүйкімді қызы, басты кейіпкер Алматтың ғашығы. Шығармадағы Айдананың да бір мұңы бар. Оның арманы – Алматыға оқуға түсу, алайда үйіндегілер рұқсат етпейді. Оның сауыншы болып ауылда қалуын қалайды. Десе де қойылым соңында ол арманына қол жеткізіп, Алматпен бірге қалаға кетеді. Бәлкім Алматыға барған соң Алмат оған сезімін білдіріп, махаббат хикаялары басталар.
Актриса ретінде рөлім көңілімнен 100 пайыз шықты деп айтуға болмайды. Өйткені әр ойнаған сайын кейіпкер әр жағынан ашылады, дами түседі», – дейді ол.
«Жан» театры – Ақыш Омар Қоңыртайұлы мен Жанқалдыбек Төленбаев шәкірттерінің жобасы және елімізде ашылған алғашқы иммерсивті театр.
«Алғашқы қойған «Өліара» қойылымы халыққа ұнайды деген ойда болдық. Өйткені мектеп өмірі бәрінің басынан өткен жағдай болғаннан кейін, осы әңгіме аясында үлкен қойылым жасадық. Бәрі ойдағыдай өтті. Біздің бағытымыз – иммерсивті жанр. Яғни қойылым тек сахнада емес, тіпті фойеде немесе киім ілетін орыннан басталып кетуі мүмкін. Сол себепті де қазіргі заманауи шығармаларды қоямыз деген ниет бар.
Қазіргі шығармалар көрерменге таңсық емес әрі актуалды. Әр көрермен өзінің проблемасын біз арқылы шеше алатындай жағдайға жеткізгіміз келеді. Халықтың көкейіндегі мәселелердің оң шешімін табуға кішкене болсын әсер етуді қалаймыз.
Қазір Жайдарман ойындарының президенті Есен Елеукен мырза бізге қолдау білдіріп жатыр», – дейді театр директоры Әзілбек Төлеуғалиев.
Шығарма авторы «Иә, шындығында өлiара кезең бұл. Мезгiлдiң ғана емес, бiздiң өмiрiмiздiң де өлiара кезеңi. «Адаспауым керек» деген оқушылардың ойындағы бір сәттік қорқыныш пен болашаққа деген үмітті суреттейді. Алайда олар өздерін бұдан да ауқымды мәселелер күтіп тұрғанын қайдан білсін?!