Пойыздағы багаж тасымалы цифрлық форматқа көшеді

/
Пойыздағы багаж тасымалы цифрлық форматқа көшеді
ҚТЖ

"Жолаушылар тасымалы" багаж тасымалын цифрландыру бойынша пилоттық жобаны сынақтан өткізіп жатыр.

Жоба №9/10 "Нұрлы жол – Алматы-2" пойызы бағытында іске асырылуда. Сынақ жұмыстары Нұрлы жол, Қарағанды және Алматы-2 станцияларындағы багаж бөлімшелерін қамтиды.

"Жаңа цифрлық жүйе багаж және жүк-багажға қатысты операциялардың ашықтығын арттыруға, есеп жүргізуді жеңілдетуге және тасымалды рәсімдеу кезінде адами факторды барынша азайтуға бағытталған. Жүйе жөнелтімді қабылдаудан бастап, бағыт бойымен сүйемелдеуге дейінгі барлық процесті бірыңғай цифрлық тәртіпке келтіреді", - дейді "Жолаушылар тасымалы" баспасөз қызметі.

Платформа станция операторы арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар WMS, яғни қойма процестерін басқару жүйесі негізінде өзіне-өзі қызмет көрсету тәсілдері де қарастырылған.

Айта кетейік, бұл цифрлық шешімді Astana IT University студенттері "Жолаушылар тасымалы" АҚ-мен дуалды оқыту бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық негізінде әзірледі.

Алдағы уақытта "Жолаушылар тасымалы" АҚ бұл цифрлық шешімді барлық багаж бөлімшелеріне кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар