«Астана» саябағында қазақ халқының тарихында, мәдениетінде және ұлттық тағамдарында ерекше орын алатын тары дақылын өсіру дәстүрін сақтау мен дәріптеуге арналған «Ақтөбе – тарының астанасы» гастрофестивалі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысып, фестивальдің көрме алаңдарын аралап көрді, қатысушылармен және қонақтармен жүздесті. Сондай-ақ ұлттық дәстүрлерді сақтау мен өңірде гастрономиялық туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Ауқымды шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, өңірдің бай мәдени және гастрономиялық мұрасын танытатын жарқын алаңға айналды.
Фестиваль қонақтарының тарыдан дайындалған елуге жуық тағам түрі ұсынылған көрме-жәрмеңке ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар ұлттық тағамдардың алуан түрімен танысып, шоколадты жент әзірлеу бойынша шеберлік сабағына қатысып, дәстүрлі бауырсақ пен самаурыннан құйылған шайдан дәм татты.
Көпшіліктің назары Ойыл ауданының арнайы алаңына түсті. Мұнда тары өсіру және өңдеу тарихына арналған экспонаттар қойылып, дәнді дақылды дәстүрлі тәсілмен дайындау үдерісі көрсетілді. Келушілер атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі туралы кеңірек мәлімет алып, осы дақылға қатысты ұлттық дәстүрлердің ерекшеліктерімен танысты.
Фестиваль аумағында халық шеберлерінің қолөнер бұйымдары көрмесі де ұйымдастырылды. Қонақтар теріден, киізден, ағаштан және жүннен жасалған авторлық жұмыстарды тамашалап, зергерлік өнер туындыларымен танысты және қолөнершілер өткізген шеберлік сабақтарына қатысты.
Гастрофестиваль аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі ауыл шаруашылығы саласының мамандарын, агрономдарды, қоғам өкілдерін және сарапшыларды біріктірген «Ақтөбе – тарының астанасы» атты дөңгелек үстел болды. Кездесу барысында тары өсіру дәстүрін жаңғырту, оның пайдалы қасиеттері, сондай-ақ өңірдің аграрлық және гастрономиялық әлеуетін дамыту перспективалары талқыланды.
Гастрофестиваль ұлттық тағамдарды насихаттайтын мерекелік шара ғана емес, мәдени мұраны дәріптеуге, дәстүрлі өнімдерге деген қызығушылықты арттыруға және тарихи жадыны сақтауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Іс-шара қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі тарының ерекше орнын тағы бір мәрте айқындап, Ақтөбе облысының осы бірегей дақылды дамытудағы маңызды орталықтардың бірі екенін көрсетті.