Павлодардағы 7 жастағы қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты

Анасы танысымен бірге мәйітті күлдің астына тығып қойған.

Павлодардағы 7 жастағы қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты

Павлодар облысындағы 7 жастағы қыздың өліміне қатысты адам шошырлық деректер пайда болды. Анасы танысымен бірге мәйітті күлдің астына тығып қойған деген нұсқа бар. 

КТК арнасының жазуынша, анасы қызының жоғалғанын айтып, арыз жазған соң іздеу жұмыстары үш күнге созылған еді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазақстандықтарды балалары зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылар туралы дереу хабарлауды сұрайды. 

Милана Давыдованың денесі Екібастұздан 60 шақырымдай жерде табылды. Қыз қарапайым отбасынан, әкесі, анасы және екі бауыры бар. Әкесі қойшы болғандықтан, көбіне үйде болмайды. Сол күні ол жайлауда отбасын күтіп отырған. Бірақ Милана барудан бас тартып, атасының қасында қалуды шешіпті. Кейін қыз жоғалып кеткен. 

“Мен жайлауда болғанда, қызымның жоғалып кеткенін айтты. Олар демалыс күндері мені көруге осында келмек болған. Содан кейін маған қоңырау шалып: "Милана жаныңда ма?" деп сұрайды. "Жоқ" дедім. “Не болды?" десем, жоғалып кетті дейді. Осы жердің бәрін айналып өтіп, төбеге дейін жеттім. Айғайлап, ысқырдым, бірақ жауап болмады”, – деді марқұмның әкесі Александр Колтин.

300 адам баланы іздеп, тіпті тікұшақ жіберген. Кейінірек волонтерлер қыздың анасы өзін біртүрлі ұстағанын айтты. Неге екені белгісіз, әйел жеті жасар қызының не киіп алғанын есіне түсіре алмаған. Тек сары күрте кигенін айтыпты.

Полицияның мәлімдеуінше, анасы қызын өлтіргенін мойындаған. Ал танысы мәйітті жасыруға көмектескен. Екеуі де қамауға алынған.

Болжам бойынша, қыздың мәйіті үйінің артындағы күлдің арасынан табылыпты. Бұған сол маңайда табылған қолғаптар мен қапшықтар дәлел бола алады.

“Кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері өтініші бойынша қылмыс ізін жасырған анасы мен оның танысын ұстады. Ұсталғандар мойындады. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі “Адам өлтіру” дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – деді Павлодар облыстық ІІД бастығы Болат Нұрсейітов.

Қазір оқиғаның бірнеше нұсқасы таралып жатыр. Кейбірі әйел сүйіктісімен қызына ұсталып қалғандықтан, осындай қадамға барғанын айтады. Басқа нұсқа бойынша ол карта ойнап, қызын ұтысқа тігіп жіберген. Бұл болжам ғана. Полицейлер оларға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Көршілерінің айтуынша, Милананың анасы ішімдікке жақын болған дейді. 

“Пысық қыз еді, қазақша да, орысша да судай. Сабақ үлгерімі қандай болғанын білмеймін. Ал анасы ішімдік ішкенді жақсы көретін. Арақ қайда болса, сол жерде жүреді. Тіпті бейтаныс адамдармен ішеді. Көлікті тоқтатып, арақ сұрауы да мүмкін еді. Осылай өмір сүрген. Ал күйеуі түзде жүреді”, – деді көршісі Шолпан Тұрынтаева.

Айта кетейік, 17 қарашада сағат 16.00 шамасында Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға ауылындағы мектептің 3-сынып оқушысы, 2015 жылы туған Милана Давыдова жоғалып кеткен. Ауыл тұрғындары оны соңғы рет ауылдан бір жарым шақырым жерде көрген. Бір тәуліктен қыздың мәйіті табылған еді.