Бала тілі бал болар

Көкөрім жас жеткіншектің тілінің шешен, ойының орам­­ды, санасының сәулелі болуына отбасылық өнеге өріс ашып отырған.

Бала тілі бал болар
ашық дереккөз
1432

«Бала тілі – бал» десек, сол балдырғандарымызды ұлт тілінің уы­­зына, ана тіліміздің айдынына сусындатып өсіру – қа­зіргі заман талабы. Бағзы ғасырлардан қазақ халқы бүлдір­шін­дерді негізінен әулет мектебі арқылы жетілдіріп тәрбиелеп кел­­ген. Көкөрім жас жеткіншектің тілінің шешен, ойының орам­­ды, санасының сәулелі болуына отбасылық өнеге өріс ашып отырған. 

«Бабалар сөзі» деген сериямен кейінгі жылдары жарық көрген халқымыздың 100 томдық мұрасы ел аналарының, абыз ата­лар­дың ұрпақ тәрбиелеудегі құнды құралы болған. Әйткенмен бүгін әулет мектебінің алтын арқауы сетінеп,  әсіресе қалалық жерлерде ұрпақ­тар сабақтастығы үзілудің алдында тұрғаны – тағы анық жайт. Осын­дай өлара кезеңде тәлім-тәрбиенің негізгі салмағы мектеп алды білім беру жүйесіне де түсіп отырғаны – тағы айқын. Өз тәжірибемізде, ха­лық мирасы өлең-тақпақ, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, балалар ойы­ны секілді нұсқаларды балабақшада кеңінен қолдану жемісті нәти­же беріп келе жатқанын айта кеткім келеді. Бұл орайда әулет мектебінің мүшесі ретінде бөбектердің ата-анасымен қоян-қолтық жұмыс жасау тәлімгерлік сабақтармыздың керегесін кеңітіп, балапандарымыздың ой-жүйесінің дамуына әсерін тигізді. Тіпті, қазақшасы осал қаракөз­дері­міз балаларына берілген тапсырмаларды қатар орындау арқылы тіл ұстарту машығын өткізіп, ана тілінің құнарын тануға ықпал еткенін риза­шылықпен айтқан кездері де бар.
Халқымыздың бөбек тілінің қалыптасуына, ақыл-ойының ашылып да­муына қолданатын қызықты ойын құралдарының бірі жаңылтпаш болған. Бүгінгі балабақшаларда ұлттық мазмұнда тәрбие өткізуге жаңылт­паш­тың берер нәрі мол-ақ. Жаңылтпаштың сөздері айтылуға қиын, көбінесе ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады. Жаңылтпаш – әр бір сөзін әуестенген балақай алғырлықпен шапшаң айтуға, ойын жүйелеп тиянақтауға баулитын ерекше құрал. Жаңылт­паш­ты айтушы қиыннан құралған қырлы сөздерді орамына келтіре алмаса, сәл-пәл жаңылып қисық-қиғаш айтатын болса, көпшілік келеке ма­зақ етіп күлетіндіктен, тартымды ойын-сауық құралы, яғни той-думанды қызыққа бөлейтін халық театрының бір тамаша ағзасы болған. Бұл туралы сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин «Жастардың, бала-ша­ғаның жиналып ойын-күлкi «дүкенiн» құрған орында айтылатын ай­тыстың бiрi – жаңылтпаш. Бұл да – ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрiздi жастардың, балалардың тiл ұстартуларына, ойнақы, қырлы сөз­дердi қақпақылша атқылап, билеп еркiн сөйлеуге төселулерiне өз әлiн­ше әдемi сабақ, тәжiрибе болатын ойын» , – деген. 
Педагогика ғылымының нақтылы зерттеуіне сүйенгенде бестен он екі жасар балалар сөз арасында: «р, л, с, ш, ж, д, т» сияқты ды­­­­быс­тарды айтуда әжептәуір қиындықтарға ұшыраған. Мысалы, қар-қал, шана-сана, жеміс-жеміш сияқты сөздерді айтқанда дыбысты дұрыс саралап айта алмағандықтан сөздің мағынасы мүлде басқа болып естіледі. Мұндай балалардың тілін ұстарту үшін халық педагогикасында сол екі дыбыс қайталанып келген, қайткен күнде де дұрыс айтпаса, мағынасы ұғылмайтын жаңылтпаштарды таңдап пайдаланған. Мысалы, «Ай, Тайқарбай, қойыңды алысқа жай Тайқарбай», «Ара, ара, аралар, орман бойын аралар», «Мынау қай арал, қайың мен тал арал» деген секілді үлгілерді атауға болады. 
Кей жағдайда бүлдіршін сөйлегенде «с, з, ш, ж» дыбыстары аралас ай­тылып, не «с», не «ж» емес екуінің арасында көмескі үн естіледі. Мұн­дай ағаттықтар баланың сөйлеу мүшелерін дұрыс пайдалану дағ­дыларының дұрыс қалыптаса қоймауынан болады. Мысалы, «ш»-ны айт­қанда, тілін тісінің арасынан шығарып алады, сондықтан «с»-мен «ш»-ның арасынан дыбыс қосарланып естіледі. «Қ» – тіл арты дыбысы, оны бала тілдің ұшынан, яғни тілін тісінің арасына қыстырып айтады, сон­дықтан «қ-т» болып естіледі. 
Бұл кемшіліктерді түзетуге сабағымызда қолданылған мынадай жаңылтпаштарды пайдалану өнімділік берді. Мысалы: Шешеке, неше кесе, сынды кеше; Тебіншек ат – шегіншек, шегіншек ат – тебіншек; Қы­рық қырықтық, онымен біз сырық қырықтық.
Жаңылтпаш – баланың ой-өрісін, қоршаған орта  туралы ұғым-түсінігін байытатын әмбебап үлгі. Айталық, жаңылтпаш­та суреттелетін нысандардың суретін салып, онда бейнеленетін сан қилы заттық әлемді де балдырғандарға танытуға назар аударып отыр­дық. Бұл тапсырма ата-аналарымызға да қызықты болды, олармен бір­ле­сіп, белсенді әрекеттер жасадық. Айталық, «Ара, ара, аралар» жаңылтпашында гүл шырынынан бал өнімін аралар қалай жинап, өндіретіні бөбектерге әсерлі болса, «шешеке, неше кесе, сынды кеше» деген жаңылтпаш балдырғандарды шыны-кесені сындырмай абайлап ұстауға, ептілікке өзінен-өзі баулып тұр деуге негіз бар. «Мынау қай арал, қайың мен тал арал» деген өлең жолдары баланы ормандағы ағаш түрлерімен таныстырып, олардың табиғатты тани түсуіне қолғабыс етіп тұрғаны анық.  
Халық педагогикасында әулет тәрбиесінің тұтқасы болған ата-ана тіл кемістігі бар немесе ерке шолжаң өскен балаларға олардың айтуына қиындық тудыратын дыбыстары бар бірнеше сөздер қатарлас келетін жаңылтпаштарды әуелі жай айтып беріп, содан кейін оларды өздеріне ілесе айтуын талап еткен. Біз де сабағымызды осы әдіспен өрбітіп, ата-ана­ларға да әлеуметтік желі арқылы байланыс жасап, тапсырманы қа­тар орындап, қиын жаңылтпашты бірнеше мәрте қайталап жаттық­қан соң, айту жылдамдығын біртіндеп арттыру арқылы нәтижеге жетіп отырдық. 
Жалпы, баланың табиғаты ән әуенге, үйлесімді, үнді өлең-тақпаққа, қызықты ойын-сауыққа құмар. Бізде де бөбектерді жалықтырмай, жаңыл­т­паш­ты қызықты ойын-сауықтың бір үлгісі ретінде пайдаланып, сайыс өткізіп, жеңімпаз бөбектерге тарту-таралғы ұсынып, талабын шың­дадық.  
Бұрынғы заманда ел арасында арнайы логопед мамандар бол­маған, ол міндетті халық мұрасын құрал еткен әулеттік мектеп мін­сіз атқарған. Бабаларымыз жаңылтпашты балалар ойын аспай-сас­пай байсалды баяндап, шаршы топта қысылып-қымтырылмай, жігерлі сөйлеуге дағдыланып, түпкі нәтижеде таңдайы тақылдаған шешен тұлғалардың қалыптасуына ұтымды жұмсай білген. Тәуелсіздігіміз ны­ғайып, ана тіліміздің аясы мен арнасы кеңіп отырған бүгінгі күні жаңылтпаш мектеп алды білім беру орындарында, бала-бақшаларда қазіргі оқу-әдістемеге сай жаңғырып қолданылуы халық мұрасының сан қырлы жауһар қазына екенін айғақтай түседі. 

Айнұр Жүсіпбекова,
Астана қаласы № 56 «Береке» 
балабақшасының инновация әдіскері 

Серіктес жаңалықтары