Қазақстанда жасөспірімдер арасында бала туу жиілеген
Көрсеткіштің артуы пандемияның бірінші жылында тіркелген.
Кейінгі бірнеше жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың бала туу көрсеткіші 50,5 пайызға өсті. Егер 2017 жылы мұндай жағдайда 3,4 мың бала туса, 2022 жылдың соңына қарай бұл сан 5,2 мыңға дейін өсті. Көрсеткіштің артуы пандемияның бірінші жылында тіркелген, бірақ жағдай ол аяқталғаннан кейін де жақсарған жоқ. Бұл туралы ranking.kz хабарлады.
Бұл динамиканы түсік жасату санының азаюымен емес, жасөспірімдер арасында жүктіліктің көбеюімен түсіндіруге болады. Кәмелетке толмаған қыздардың жасанды түсік жасату статистикасы соңғы жылдары болмашы ғана өзгеріп, 12 айда 1,1-1,2 мың жағдай шегінде қалды.
Жалпы статистика бойынша, 20 жасқа дейінгі аналар тапқан балалардың үлесі аз: 3,3%. Өткен жылы 403,9 мың жаңа туған нәрестенің ішінде 13,2 мыңының анасы 20 жастан аспаған болып шықты. Туған балалардың жартысынан көбін (55,9%) ең қолайлы репродуктивті жас – 25-35 жас аралығындағы әйелдер дүниеге әкелген.
ДДҰ сарапшыларының атап өтуінше, жасөспірімдер арасындағы жүктілік білім деңгейі немесе экономикалық жағдайы төмен тұрғындар арасында жиі кездеседі. Біріншіден, халықтың аз қамтылған топтары контрацептивтерге қол жеткізу мәселесіне тап болса, екіншіден, шағын елді мекендерде (барлығы бір-бірін танитын ауылдар, шағын қалалар) кәмелетке толмағандар стигмаға ұшырап, контрацептивті еркін сатып ала алмайды.
Қазақстанда қала мен ауыл жасөспірімдерінің туу көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, өткен жылы ірі елді мекендердегі жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші 15-19 жас аралығындағы 1 мың қыз балаға шаққанда 15,3, ал ауылдарда - 25,9-ды құрады. Бұл - Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш.
Мәліметтерді өңірлер бойынша егжей-тегжейлі қарастырған кезде кейбір облыстарда ауылдық жерлердегі жасөспірімдердің туу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары екені байқалады. Мысалы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында коэффициент 35-тен, Түркістан облысында 30-дан жоғары болып тұр.
Алайда бұл аймақтардағы коэффициенттер ауылда ғана емес, қалада да жоғары. Осы үш аймақ еліміздегі жасөспірімдердің туу көрсеткіші бойынша бірінші орындарда. Экономикасы ең жақсы дамыған қалалар – Алматы (8,2) және Астана (9,1) қалаларында жасөспірімдердің бала туу жайғдайы азырақ кездеседі.
ДДҰ сарапшылары жасөспірімдер жүктілігінің тағы бір себебін айтты - ол қыздың кәмелет жасқа толмай тұрмысқа шығуы. Бұл жағдай қыз баланың жүктілігі себебімен ғана емес, сонымен қатар басқа факторларға (дәстүрлерді ұстану, экономикалық себептер) байланысты орын алып жатады. Қазақстанда қыздардың тұрмысқа ерте шығуы жиі кездеседі. Өткен жылы 16-19 жас аралығындағы 2,6 мың бозбала үйленіп, 17,3 мың қыз тұрмысқа шықты.
Жасөспірімдер арасында қаламайтын жүктілік санын азайту және ТДМ-ға қол жеткізу - 2030 жылға қарай жыныстық және репродуктивті денсаулық қызметтеріне жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда арнайы заң жобасы қабылданды. Құжат аймақтық денсаулық сақтау басқармаларына кез келген жас адамның медициналық көмек пен психологиялық қолдауды еркін ала алатын Жастар денсаулық орталықтарын ұйымдастыруды міндеттейді.
ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметі бойынша, қазіргі кезде елімізде «4Д» ережелері (қолжетімділік, еріктілік, тілектестік және сенім) бойынша жұмыс істейтін осындай 118 мамандандырылған орталық бар.
Өткен жылы ұйымға 728,6 мың жас қазақстандық жүгінген, олардың 39,4%-ы 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер.