Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры қамауға алынды

Зауыт департаментінің бұрынғы директоры үй қамақта болады

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры қамауға алынды
Ашық дереккөз
2044

Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директоры сот залынан қамауға алынды. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы осындай шешім қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz Каzinform-ға сілтеме жасап.

Қылмыстық іс облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралып жатыр.

Облыстық прокуратураның өкілі Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директоры мен сатып алу департаментінің бұрынғы директорын қамауға алу жөнінде ұсыныс білдірді. Сот алқасы экс-бас директорды қамауға алуға қаулы шығарды. Ал зауыт департаментінің бұрынғы директоры үй қамақта болады.

Биылғы мамырда Атырау қаласының №2 сотында Атырау мұнай өңдеу зауытының («АМӨЗ» ЖШС) бұрынғы бас директоры Д. және сатып алу департаментінің директоры С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралып, айыпталушыларды ақтау үкімі шығарылған болатын.

Сол кезде мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директорына ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының төрт эпизодымен айып тағылған.

Алайда сот айыпталушылардың әрекеттерінде тағылған қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оларды барлық эпизод бойынша кінәсіз деп таныды. Сондай-ақ сотталушылардың қылмыстық іс жүргізуші орган әрекеттерінен келтірілген заңсыз қылмыстық қудалау үшін зиянды өндіру құқығын таныды.

«Сотталушыларға 2019-2020 жылдары АМӨЗ-де «Мұнайды терең өңдеу кешенін» салу кезінде ЖШС жарғысының және регламенттелген шарттың талаптарын бұза отырып, мердігерден жеткізілген ақаулы құрылғының құнын талап ету жөнінде шаралар қолданбағаны немесе мердігердің кепілдік міндеттемелері бойынша осы құрылғыларды ауыстыруды талап етпегені үшін айып тағылған. Осылайша, тергеу пікірі бойынша мемлекетке 2,9 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілген. Сот кешен құрылысын салу кезінде жұмыс көлемінің ұлғайғанын анықтады. Мердігерлер қосымша шығындарға ұшыраған. Бұны мемлекеттік сараптамалардың қорытындылары расталды. Осыған байланысты тараптар қосымша шарттар жасасып, оған сәйкес кепілдік көрсеткіштерге қол жеткізілмеген және анықталған ақаулар үшін мердігерлерден сомалар ұсталды. Бұдан басқа, «ҚазМұнайГаз» АҚ және «АМӨЗ» ЖШС кешенді салу кезінде оларға залал келтірілмегені туралы анықтама берді», - деп хабарлаған еді соттың баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары