2024 жылы 217 жаңа мектеп пайдалануға беріледі
Биыл 12 апатты, 29 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі.
Оқу-ағарту министрлігі қараша айының басында өңірлерде 83 мың оқушыға арналған 85 жаңа мектеп ашылғанын жариялады, деп хабарлады Turkystan.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 3 ауысымды, апатты мектептердің мәселесін шешу үшін қолданысқа жаңа мектептерді беру ісі жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
«Жалпы, осы жылдың соңына дейін түрлі қаражат көздері арқылы 132 мың орындық 154 мектеп, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 76 738 орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің, 113 елді мекендегі оқушылар орнының тапшылығы мәселесін шешеді», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы шаралар тиісінше атқарылып жатыр екен.
Бұл туралы баспасөз қызметінің хабарламасында: «Биыл құрылысы басталатын 217 мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жоба бірінші кезекте қалалар мен келешегі бар елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептерді салуға, оқушылар мен педагогтерге жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалпы елімізде 740 мың оқушыға арналған 369 жайлы мектеп салу жоспарлануда», – деп жазылды.