«Жастар рухы»: Вандализмге қарсы күрес жалғасып жатыр
Алматылық жастар «Аюсай», «Медеу» шатқалдарын, «Терренкур» табиғи паркін тазалады.
«Жастар рухы» ЖҚ Алматы қалалық филиалының белсенділері мен еріктілері вандализмге қарсы күресті үздіксіз жүргізуде, деп хабарлады Turkystan.kz.
Бұған дейін мәдени-тарихи ескерткіштерді сындырып, жабайылық пен көргенсіздіктің шыңына шығып жүрген жандарға ымырасыз күрес жарияланды. Іс барысында республикалық экологиялық акцияға ұйытқы болған жастар «Вандализмге жол жоқ!» деген ұранды темірқазық тұтатындарын мәлімдеді.
Акция ел назарын тарихи ескерткіштерді сақтауға аударуды және адамдардың бойында қоғамдық мәдениет қалыптастыруға ықпал етуді мақсат тұтты.
Шара шеңберінде алматылық жастар «Аюсай», «Медеу» шатқалдарын, «Терренкур» табиғи паркін тазалады.
Жастар «Медеу» шатқалына келген қала тұрғындары мен қонақтары арасында сауалнама жүргізді. Респонденттер сұрақтарға жауап беріп, арнайы орнатылған жәшіктерге вандализммен күресуге қатысты ұсыныстарын салды.
Әлеуметтік зерттеу қала тұрғындары мен қонақтарының экологиялық сипаттағы вандализмді құптамайтынын, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтынын көрсетті.
«Вандализмге қарсы күрес жалғасып жатыр және жалғаса береді. Қоршаған ортаны, табиғи ескерткіштерді, көпшілік демалатын орындарды вандалдардың бүлдіруіне беріп, қол қусырып қарап отыр алмаймыз. Біз вандалдармен үздіксіз күресеміз», – деді «Жастар рухы» ЖҚ Алматы қалалық филиалының белсенділері мен еріктілері.
Естеріңізге салайық, бұған дейін 50-ден астам рухтастар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасын тазалады.
Бұл туралы «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірова: «Мұндай ескерткіштер бүкіл қазақ халқына ортақ мұра, ол ұлттық бірегейлігімізді айшықтайды. Президент: «Өз Отанын шын сүйетін адам туған елінің табиғатын да барынша қорғайды» деп бекер айтқан жоқ. Акция қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырады деген сенімдеміз. Қазақстан азаматы ретінде Мемлекет басшысының идеясын қолдауды маңызды деп санаймыз», – деді.
Айта кетейік, былтыр елімізде «ТазаLike» экологиялық тәрбие жобасы қолға алынды. Жоба аясында ел аумағында ұйымдастырылған 1 мыңға жуық экологиялық акцияға 80 мыңнан астам адам қатысты.