26 130 190 теңге: Қызылордада қаржы пирамидасын ұйымдастырған әйел қамауға алынды
Ведомство мәліметінше, ол 24 салымшыға жалпы 26 130 190 теңге көлемінде аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген.
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Chia-Tai-Tianqing Pharmaceutical» қаржы пирамидасының Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды turkystan.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Қызылорда қаласында тұратын 1992 жылғы А.П есімді азаматша 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуір айы аралығында қаржы пирамидасын құрған. Ведомство мәліметінше, ол 24 салымшыға жалпы 26 130 190 теңге көлемінде аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген.
«Ол тартылған қаражат арқылы қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке, заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыны басқалардың жарнасы есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастырған. Сол сияқты қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшесіне басшылық етіп, ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасаған», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті.