Таңғажайып Тыва

«Уақытында Тываның жер сызбасынан та­былмағаны секілді, осы күнге дейін то­пографиялық картаға түспеген, тек бұғышы туха-тывалар ғана білетін, аттылы кісі бір апта жұмсап жете алатын жер бар. Анау Шығыс Саянның қойнауында, – деді Доржу қолымен ілгері жақтағы тау сілемдерін нұсқап, – Ол қасиетті қоныс Өдүген деп аталады.

Таңғажайып Тыва
ашық дереккөз
2249

Тыва Республикасы  – Азияның геогра­фиялық кіндігі.  Жерінің сексен пайыздан ас­тамы –  тау мен орман.  Оның батысын –  Ал­тай, солтүстігі мен шығысын Саян жоталары қор­шап тұр. Сондықтан басқа әлемнен оқшау жат­қан бұл мекеннің төріне шығу оңай шаруа емес. Астанасы –  Қызылға дейін Ресейдің Ир­кут­ск, Новосибирск, Красноярск қалаларынан ұшақ­пен немесе көршілес Хакасиядан ав­то­көлікпен жетесіз.  Елдің қиян түпкір, қиыр шет аймақтарына тек Төтенше жағдайлар жө­ніндегі қызметтің тікұшақтары апара ала­ды. Темір жол атымен жоқ. Соған қарамастан бұл жерден адам аяғы үзілмейді. Әуе сапарын таң­даған көптің ішінде өзім де болдым. 

Сонымен... Қызыл қаласында Бий Хем («үлкен өзен») мен Каа Хем («кіші өзен») өзара тоғысып, ая­ғы Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын ұлы Енисей (ты­ваша Улуг Хем) басталатын тұстағы әсем сая­бақ­та «Азия кіндігі»  тас мүсіні орнатылған. Қызықтап ке­ліп-кетіп жатқандардың қарасы мол. Екісінің бі­рін өзіміздің қазаққа ұқсаттым. Мені де бөтен­сін­бейтінін байқадым. «Қырғызсыз ба?» деп сұрады бір жі­гіт ағасы. Заманында Енисей бойынан көшкен қыр­ғыздардың ұрпағы ата жұртын көргелі келген шы­ғар деп ойласа керек. «Бәріміз де осы Алтай-Саян­ның бауырынан дөрегенбіз» дедім баяғы. Сөй­тіп төңіректі тамашалап тұрғанымда, Тываның жер картасы бедерленген туристік тақтадан –  көзіме жы­лы ұшыраған басқа да атаулармен қатар  – «Тұран» («Туран») сөзі ерекше дараланып көрінді. «Тұ­ран-Үйік қазаншұңқыры» («Туран-Өөк ыйгы­ла­жы») тағы бар. Әрине, қызықпасқа амал жоқ. 

Тұран, Өтүкен, Аржаан, Ұлы Қорым...

Алдан Маадыр атындағы Тыва ұлттық му­зейінің қызметкері, тәжірибелі гид Раджу Тангор-оолмен әңгімеміз жараса қалған. «Есімім үндіше болғанымен, руым – таз, арғы атамның аты – Домбыра» деп таныс­қан елгезек жігіттің білмейтіні жоқ. Он ал­ты бөлімнен тұратын музейдің әр экс­по­на­тының жай-жапсары туралы егжей-тег­жей­лі айтып береді. Ниетімді байқағасын: «Ер­теңге көлігімді сайлап қояйын, Тұран жақ­қа барып қайтамыз. Ар жағындағы Пат­шалар алқабын да шарлаймыз. Көзбен көр­геннің жөні бөлек», – деді. 

Ал енді музей шынымен қазынаға толы. Көшпенді тұрмыстың заттары да, заттары­ның аттары да таныс: әбдіре – «аптара», қал­пақ – «қалбақ», етік – «идик», жүген – «чу­ген», сулық – «суглук», үзеңгі – «эзеңги», қам­шы – «қымчы», ошақ – «ужук»... Осында жай­ғасқан тыва киіз үйінің («кидис өг») шаңырағы – хараача, есігі – эжик, табал­ды­рығы эргин екен. «Хараача» сөзімен өзі­міз­дің «қараша үй» қабысып тұрса, тываша та­балдырықты білдіретін «эргин» сөзінің «ер­генекпен» түбірлестігін байқадық. «Есік­тен ергенек кетсе, иттен иба кетеді» деген мә­тел бар ғой. Тыва бақсыларының асай-мү­сейлері қойылған зал, Енисей бойының бағзы көктүркілік балбалдары, бұғытастары мен петроглифтері, небәрі 17 жыл өмір сүріп, соңына 12 000 картина қалдырған әлем­ге әйгілі суретші қыз – шешесі тыва, әке­сі орыс Надежда Рушеваның көркем мұ­расы қойылған холл, «Аржаан-2» сақ за­ма­ны қор­ғанының археологиялық олжалары топ­талған «алтын» бөлімі... – әрқайсысы же­ке-жеке толғауды керек ететін құнды­лық­­тар. 

... Уәде бойынша, ертеңіне Раджу екеуміз таң сыз бере Қызылдан шығып кеттік. Ол «Ла­да Приора-14» көлігін «Р-257» деп ата­ла­тын федералдық автотрассаның бойымен жүйткітіп келеді. Алды-артымызда, екі қап­та­лымызда – бір-біріне мінгесе жарысып, біре­се биіктеп, біресе аласарған тау жота­лары; ара-арасындағы көгалды жазық жер­лер­де шоқ-шоқ боп ұйыса өскен балқарағай. 

«Тыва – төрт тараптың тоғысы әрі жеті жұрт келіп-кеткен жер, – дейді Доржу, – әрі­дегі сақ пен ғұнды қойғанда, берідегі Түркі, Ұйғыр, Қырғыз қағанаттары, Моңғол мен Цин империялары, Ресей протектораты ке­зеңі қат-қат із тастаған. Орыстар Ұраңқай өл­кесі деп атаған. Сіздерге жақсы мәлім Рад­лов, Потанин, Катанов, Грумм-Гржи­май­ло, Клеменц секілді ғұлама ғалымдар біздің ай­мақты да зерттеген». Міне, осындай дәуір­лерді бастан кешкен Тыва 1922 жылдан бас­тап өз алдына мемлекет құрып, 1944 жы­лы ғана КСРО құрамына енген. Тіпті, нацис­тік Германия советтер еліне басып кіргенде, Тыва Германияға қарсы бірінші бо­лып соғыс жариялаған. Бұл – тарихи факт. Гитлер әлем картасынан Тываны таба ал­май: «Бұл қандай ел?», – деп аң-таң бопты-мыс. Әрине, мұнысы – аңыз. Бірақ Қызыл Армияға көмек ретінде Тывадан ә дегенде 50 000 жылқы, 400 тонна ет, 70 тонна қой жү­ні, 10 000 тон, 19 000 қолғап, 16 000 пима, тіп­ті 52 000 шаңғы жөнелтілгені рас. Ты­ва­лардың жаужүректігіне қайран қалған не­містер оларды «Қара Өлім» («Das Schwarze Tod») деп атағаны да – тарихи шындық. 

«Уақытында Тываның жер сызбасынан та­былмағаны секілді, осы күнге дейін то­пографиялық картаға түспеген, тек бұғышы туха-тывалар ғана білетін, аттылы кісі бір апта жұмсап жете алатын жер бар. Анау Шығыс Саянның қойнауында, – деді Доржу қолымен ілгері жақтағы тау сілемдерін нұсқап, – Ол қасиетті қоныс Өдүген деп аталады. Мағынасы – «от өнген». Кайнозой заманында жанартау атқылаған орын...». Иә, айтып отырғаны – өзімізге белгілі Өтүкен. Түркі қағанаты ту тіккен, даңқы төрткүл дү­ниеге жайылған ордалы мекен. Зерттеу­ші­лер оны моңғол жеріндегі Хангай тау­лары­мен де ұштастырады. 

Бір сағаттың ішінде көлігіміз Тыва­да­ғы 15 мың өзеннің бірі – біз үшін сы­ры жұмбақ Тұранға тұмсық тіреді. Жа­ғасында Бии-Хем ауданының (тываша – қожуун) орталығы, өзі аттас шағын қала ір­ге тепкен. Тыва тілінде «Тұран» сөзінің екі түр­лі мағынасы бар: бірі – «сазды жер», екін­шісі – «дүрбі». Екінші атау кейін пайда бол­ғанға ұқсайды және қайдан шыққанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Тұранның ұзындығы – 40 шақырым, аяғы Үйік өзеніне құйып, ол болса Енисейге ұласады. Батыс Саяндағы Тұран-Үйік қазаншұңқыры осы екі өзеннің атын қоса иемденген. Үйікті тывалар «Өөк» дейді. Сөздің төркінін дөп баса алмай, «түйме», «ілгек» деп топшылайды екен. Біз оның шешуін оңай тапқандай болдық. Өйткені қазақ даласында, әсіресе Маңғыстауда «үйік» сөзіне байланысты атау­лар мол (Ақ үйік, Қара үйік, Қос үйік, Қы­зыл үйік, т.б.). Ол обаны, тас үйіндіні, тө­бені, дөңесті, қорымды, моланы білдіреді. Оның үстіне бізде бар кейбір сөздер тыва ті­лінде танымастай қысқарып кететін заң­дылықты байқадық. Мысалы, жұмыртқа – чуурга, жіңішке – чиңге, т.б. Сондықтан «өөк»-тің «үйік»-пен дыбыстық қана емес, ма­ғыналық жағынан да бірлігін аңғару қиын емес.

Көп ұзамай, жер жүзіне әйгілі Тыва пат­­шалар алқабына қадам басқаны­мыз­да бұл болжамымыз айғақтала түсті. Өйткені біз көрген сақ заманының жәді­гер­лері – «Аржаан-1», «Аржаан-2» сол атақты Үйік өзенінің алқабында орналасқан және «Үйік мәдениетінің ескерткіштері» деген атау­ға ие. Ал «Аржаан» - санскрит сөзі; ма­ғы­насы – шипалы су, киелі бұлақ. Қазақша нұс­қасы – Арасан. Ғалымдардың тұжы­ры­мын­ша, «Аржаан-1» үйік-обасы ескірек (б.з.д. IX ғ.) – сақ (скиф) дәуірінің бастауына тие­сілі; оның ішіндегі байлықты «жабайы ар­хеологтар» мейлінше тонап кеткен. Әлем­дік археологияда сенсация ретінде баға­ла­на­тын «Аржаан-2» үйік-обасының (б.з.д. VII ғ.) жайы бөлек. Оны 2001-2003 жылдары қаз­ған орыс-неміс экспедициясы орасан ол­жаға кенелді. Себебі патша қорымына бұ­рын ешкім қол сұқпаған. Қабір ішінен 20 килограмнан артық алтын шыққан. Бағзы зергерлердің шеберлігі сонша, патшаның шал­барын сәндеген диаметрі – 1 мм, жалпы са­ны 250 мың моншақтың көзіне жылқы­ның қылы сыймайды. Адам сүйектерінен бас­қа, сақ (скиф) «триадасын» құрайтын қа­ру-жарақтар, ат әбзелдері мен «аң сти­ліндегі» әшекей бұйымдар – бәрі қалпына кел­тіріліп, Тываның ұлттық музейіне қойыл­ған. Ғылыми қауымдастықтың бір бө­лігі «сақтардың (скифтердің) түпкі отаны – Тывада; олардың мәдениеті өте биік дәре­жеде болған» деген пікірге ұйыпты. 

Бір қызығы, жолшыбай – ішінде қы­лаңы бар, бараны бар – ен алқапта емін-еркін жосып жүрген жылқы үйірлері қайта-қайта кездесті. Неге екенін қайдам, көрген сайын бойдағы қан тулап қоя береді. Ана үйік-обаларда жерленген үш мың жыл бұрынғы жылқылар қайта тіріліп келіп, көз алдыңда шауып бара жатқандай әсерде болады екенсің. Тывалар атты – «ат», бірақ жыл­­қының үйірін «чылгы» дейді. «Біз қой­дың етін жақсы көреміз, – деді Доржу, – Жыл­­қының етін аз жейміз. Оның орнына, атқа шаппасақ тұра алмаймыз. Ауыл (аал) сайын ат жарыс (аът чарыжы) өтеді де жа­тады». 

«Аржаан» үйік-обаларын тамашалаған соң, Доржу маған «Чинге-тей-1» («Жіңішке төбе-1», б.з.д. VII ғ.) патша қорымын апарып көр­сетті. Қазып жатқандар – Петербург ар­хеологтары. Бұл жердегі қабір де то­нал­мап­ты. Алтын табылғаны айтылды. «Ар­жаан-2» үйік-обасымен ара қашықтығы да, уақыт мерзімі де жақын болғандықтан, мұнан сүйегі шыққан ақсүйек билеуші ана жақтағы патшаның баласы иә немересі болса керек деген жорамал бар. 
Мен қорғанның үйіндісін төңіректеп жүр­генімде Доржу шамандық жоралғысын ат­қарып тастады. Көлігінен тағамның ұсақ қи­қымдарын алып, айналадағы тау-тастың көзге көрінбейтін кепиетті ие-рухтарын уыстап шашып «қоректендірді». «Негізі сүт ішкізу керек. Мен қолымдағы барды бердім... Айт­пақшы, түркі тарихын зерттеушілер Алтайды кие тұтады. Дұрыс. Бірақ, көріп отыр­сыз ғой, Саянның да орны айрықша. Ме­нің­ше, оны бөле қарауға болмайды. Осы­ны естен тұтып жүрсеңіздер», – деді Доржу. 

Расымен де, Тывада 40 мыңнан астам зерт­телмеген археологиялық ескерткіш бар. Зерттелгенінің өзі толық бағаланып болған жоқ. Мысалы, сақ дәуірі демекші, «Аржаан-2» үйік-обасының патшасы «Сібір Тутанхамо­ны» деген теңеу тапса, Тываның солтүстік-батысындағы Сағлы алқабынан табылған Күн Храмы (бәлкім, обсерваториясы) – Ұлы Қорым (Улуг Хорум, б.з.д. V-ІІІ ғғ.) шын мә­нін­де өзінің маңызы жағынан Англиядағы Стоунхендж бағантастар үйіндісінен кем емес. Ол – 32 «шабақ» сәулесі бар алып шең­бер түрінде далалық жерде дөңгеленіп жат­қан Күн бейнесі (Қазақстан туындағы Күн шапағымен саны бірдей). Ұлы Қорымды ашқан көрнекті археолог А.Грач «Азия кін­дігіндегі ежелгі көшпелілер» атты кіта­бында: «Сағлыдағы Ұлы Қорымды зерттеудің ма­териалдары скиф-сақ әлемі тайпа­лары­ның «күнтекті» дінінің бастаулары жөнін­дегі күрделі проблемаға және ежелгі иран­дықтардағы зороастризмнің «түп қайнары» туралы мәселеге қайта оралып соғуға мүм­кіндік береді», – деп жазған болатын.

Сонымен, бір жағы – Тывадағы Тұран мен Өтүкен, екінші жағы – патшалар алқа­бы­ның үйік-обалары мен Ұлы Қорым – сақ (скиф) қоғамының, зәрдөш дінінің (зо­роастризм) түп-төркіні жөніндегі мәселені ғана қозғап қоймай, есте жоқ ескі заман­дар­дағы «Тұран–Иран» қарым-қатынас­тарына да назар аудартады. 
Кәсіби тарихшы Доржу Тангар-оол бауы­­рымыздың жол-жөнекей бөліскен де­рек­­тері мен дәйектері осындай ойларға же­теледі. 
«Алаштың алдын аржааны...»

Тыва жерінде көзге бірден шалынатын атаулар көп. Мысалы Улуг-Даг (Ұлы­тау), Эдегей (Едіге) өзені, Чагытай (Шағатай) кө­лі, т.б. Бұлардың көбісінің өзіне лайық­тал­ған аңызы бар. Менің көңіліме қонақтап, байыз таптырмағаны – Алаш.

Алаш – тывалардың құлағына жағымды сөз. Ел ішінде Алаш, Алаш-оол деген кісі ат­тары жиі кездеседі. «Красноярск–Мем­ше­кара» (М-54) федералдық автотрассасының 868-ші шақырымында Алаш чурту (Алаш жұрты) деген мекен орналасқан. Ең ғажабы, Ты­­­­ваның солтүстік-батыс бөлігінде – бас­тауын Батыс Саяндағы Кара-Хөл (Қаракөл) мен Даштыг-Хөлден (Тастыкөл) алып, Бары­ын-Хемчик, Бай-Тайга және Сүт-Көл аудандарының (кожуундарының) тер­ри­тория­сын кесіп өтетін, ақыр соңында Хем­чик өзеніне барып құятын Алаш атты өзен бар. Ұзындығы – 172 км. Ол өзен ағып өте­тін шатқал «Алаш шаттары» деп аталады. Дон Терезин сумонында «Аржаан Алаш» де­­лінетін шипалы бұлақ ұшырасады. 

Алаш өзенінің сыр-сипатын анықтамақ мақ­сатта алдымен А.С.Пушкин атындағы Тыва ұлттық кітапханасына бардым. Ұлт­тық өлкетану бөлімінің меңгерушісі Елена Ак-кыс құрақ ұшып қарсы алып, қыз­мет­кер­лері Чечек Монгуш, Алефтина Кызыл-оол, Антонина Сарыг жабыла жүріп кө­мек­тес­ті. Алдыма топонимикаға байланысты кітап­тарды үйіп қойды. Ғылыми тұрғыдан ең сүйекті де сүбелі еңбек – Б.Қ.Ондардың «Ты­ва топонимикалық сөздігі» екен. Өкініш­тісі, бұл саланың білгірі Бичен Қырғысқызы осыдан он жыл бұрын күйеуі екеуі жол апа­­­тынан қайтыс болыпты. Зерттеуші өз кі­табында «Алаш» сөзінің этимологиясына қа­тысты бірқатар адамның пікірін кел­тіре­ді. Сол Алаш өзенінің бойында туып-өс­кен Кужугет Шойгу елдің аузында Алаш – «ал­тын ағаш, алтын тайга; қасиетті ағаш, қа­сиет­ті тайга» деп айтылатыны жөнінде мағ­лұмат беріпті (қазақтың «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» дегеніне ұқсайды). Ең­бектің авторы болса, «топонимнің шығу төр­кіні толық анық емес, тыва тілінен тү­сіндірмесі табылмайды» дей келіп, тұр­ғы­лықты халық биік таулы аймақта қарлы шың мен қарсыз шың кезектесіп отыра­тын­дықтан, бұл атауды «ала» сөзімен бай­ла­ныс­тыратынын айтады. Сондай-ақ ол «кейбір бол­жамдар бойынша, алаш – қазақтар мен ноғайларда жолығатын тайпалық этноним» деген пікірдің барлығына тоқталады. Сөз соңында: «Топонимнің этимологиясы нақ­тылауды керек етеді», – деп түйіндейді. Сөй­тіп, «Алаш» сөзі тываларға түпкілікті сы­рын алдырмаған.

Дегенмен, Алаш туралы ой толғағысы келетін кісілер аз емес екен. Со­лар­дың кейбірін бейнетаспаға жазып алдым. Мы­салы, Адыгжы Хертек есімді жас жігіт бы­лай дейді: «Бұл өзеннің ерекшелігі бар. Оның арнасындағы тастар өте ірі, басқа өзен­дердегідей майда емес. Суының түсі бө­лек, ағысы өте жылдам, балығы мол. Жа­ға­сындағы ел әлі көшіп-қонып жүреді, мал бағады. Менің туыстарым сонда тұрады». «Азия кіндігі» орталығында гид болып істей­тін Семен «алаш» сөзін «алараннаан» («жар­қыраған») сөзінен шыққан деп есептейді. Ақын, мәдениет қайраткері Лидия Хер­лии­қызы Иргит те: «Тайганың өзені сарқырап ағады, суы ақықтай жалтылдайды», - деді. Ғы­лым кандидаты Галина Донгаковна Сун­дуй: «Өзеннің тастары ақ және қара түсті. Ба­лығы – алабұға. Ол төңіректе көп халық тұра­ды. Тываша айтқанда – ала-шаар чон», – деп қағазға жазып көрсетіп тұрып, өзінше пайым жасады. Бұл ойды Доржу Тангор-оол дамытты. Оның мәліметінше, Алаш өзені Хемчикке құяр жақта көне түркі дәуірінде көптеген тайпа аралас тұрған. Мысалы, чиктер (түркітанушы Николай Аристовтың версиясы бойынша, шекті тайпасы солардан өрбіген. – А.Ш.) мен аздар – сол маңның ең байырғы тұрғындары. Биік таудан ылдиға құлдилаған тайпалар бас қосып, «Алажы чурт» боп құралған көрінеді. Тывалардың бағзыдан бүгінге дейін пайдаланатын, негізгі тіреуіші үш сырық-сырғауылдан тұратын баспанасы «алажы өг» («лашық үй») деп аталады. Орысша «чум», «шалаш» деп жүргеніміз – сол. Басқа түркі ха­лық­тарын­да алачых (хакас), алачык (татар), ала­чық (қырғыз), алачыг (әзербайжан), т.б. лек­сикалық формаларда кездеседі. Бірақ тыва нұсқасы ең ескі деп саналады. «Алаш» сө­зінің төркінін іздегенде осы жайтты ес­керген абзал деп ойлаймыз. 
Тываның көмей жырын әлемге та­ны­тып жүрген «Алаш» фольклорлық ан­самблі бар. Аты өзеннің құрметіне қойыл­ған. Топты құрған – Тываның әлемге та­нымал атақты хөөмейжісі Конгар-оол Ондар. Ол Back Tuva Future альбомын АҚШ-та шығарған, CNN арнасына сұхбат берген, Дэвид Леттерманның ток-шоуына қатыс­қан, «Чингиз-блюз» деректі фильміне түс­кен. К.Ондар басқарған «Алаш» ансамблі Грэм­ми сыйлығының төрт мәрте иегері 
Bеla Fleck and the Flecktones тобымен бірге Jingle All the Way музыкалық альбомын жазу­ға қатысып, бұл туынды 2008 жылы «үз­дік инструменталдық музыка» номина­ция­сы бойынша жеңімпаз атанған. Талант­ты өнерпаз 2013 жылы 51 жасында кенеттен дүние салыпты. Өзі құрған Тыва ұлттық мә­дениет орталығының алдында ескерткіші тұр.

«Алаш» ансамбліне қазір оның шәкірті – «Хөөмей» халықаралық академиясының ди­ректоры, Тыва Республикасының халық хөө­мейжісі Бады-Доржу Ондар жетекшілік етеді. Трио құрамында Аян-оол Сам, Аян Ши­рижик бар. «Біз Американың 44 шта­тын­да, Францияда, Италияда, Англияда, Ка­­­надада, Өзбекстанда, Жапонияда, Қы­тай­да, Тайваньда, Норвегияда, Түркияда, По­ль­шада, Моңғолияда өнер көрсеттік. «Алаш» даң­қын әлемге жайып жүрміз», – деді Бады-Дор­жу сұхбаттасқан сәтімізде. Ансамбль репетуарындағы бір әннің аты – «Алашым».

Алаш өзені тываның халық өлеңдерінде де бейнеленген. Ұлы хакас ғалымы Н.Ка­та­нов жинаған нұсқада Алашқа тіл қатқан жі­гіт «арнаңның енін тарылтшы, ағысың­ның екпінін азайтшы, менің сүйіктіммен кездесуім керек еді» деп жалбарынса, Балған Кужугет есімді бақсыдан жазып алынған мәтінде автор «Бай Алаш, Ұлы Алаш» деп кө­термелеп, оның жоғары алқабын мекен­деген бабалар рухына тағзым етеді. Арыг Узуу аалының тұрғыны Хурең Ооржак айт­қан өлеңде: «Еш жерде Алаш пен Таспыл секілді жылдам өзен жоқ, еш жерде анам мен әкем секілді қамқор жан жоқ», - де­ліне­ді. Ғалым Ж.Юша хатқа түсірген алғыс жы­рының сөзбе-сөз аудармасы мынадай: «Алаш­тың алтын арасаны,/ Мінсіз тасты, ал­тын кенішті!/Ауру-сырқаудан жеңіл-желпі айықтыр мені,/ Мейіріңе жүгіндім,/Ақ, көк түсті шүберек байладым,/Қайырым­ды, бай Алаш, тәңір-ием!». 

«П.А.Чихачевтың Алаш өзені алқабында аял­дағаны» атты картинаның авторы – әй­гілі суретші И.Айвазовский Тываға табан ти­гізбепті. Батыс Тываны тұңғыш зерттеп, Алаш өзені алқабының орографиялық кар­тасын жасаған географ Петр Чихачевтың ай­туы бойынша салыпты. Сондықтан бей­нелері шындықтан алшақ кеткен. Оның есе­сіне, экспедиция құрамында болған пей­зажист Егор Мейер «Қытайдың Уло-Тай про­винциясындағы Шабина-Ола тау тізбегі және Алаш алқабы мен өзені» шынайы картинасы үшін 1843 жылы Санкт-Петер­бург императорлық өнер академиясының бірінші дәрежелі күміс медалін алған.
Сапар барысында Тываның көрнекті музыкатанушысы, өнертану докторы Зоя Кыргыспен жүздестім. 1987 жылы «Ты­ва» фольклорлық ансамблін құрып, ұлт мә­­­­дениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комитет­тің төрайымы болған ғалымның тыва көмей жыры туралы еңбектері өте бағалы. Ол тіпті хөөмейжілерді АҚШ пен Жапония ме­­дициналық лабораторияларына алып ба­рып, олардың көкіректен дыбыс шығару құ­пиясын анықтау тұрғысында физиоло­гия­лық зерттеулер жүргізген. Шынында да, «Тыва» ансамблінің мүшелері кезек-кезек «хөө­мей», «сыгыт» және «қаргыраа» мәнер­лері­не салып, көмей жырын орындағанын тың­дағанда, хөөмейжінің кеудесінен қа­лайша қосарластыра әрі неше түрленте үн шығаратынына тәнті болмасқа амал қал­ма­ды. Зоя апамыз: «Тываша – хөөмей емес, көөмей. Басында орысша қате жазылып, со­лай қалыптасып кеткен», – деді. Бізде «көмей» екенін жеткіздім. Қатты әсерленген бір сәтім, ештеңге оңайлықпен таң қала қой­майтын талғампаз ғалымның күтпеген жерден Димаш Құдайберген туралы айт­қаны болды. «Тәңірі жарылқап, расымен де құдай берген бала. Оның сирек те ғажап даусы – елдің игілігі. Тіл-көзден сақтаңыз­дар», – деді. Қазақстанға барғысы, біздің жыр­шыларды тыңдағысы келетінін де жа­сырмады. 

****
Ұлт ғұламасы Монгуш Кенин-Лопсан айтпақшы, төсінде жарқырған мың көлі «аспанның айнасына» баланатын Тыва әсерлері бір мақалаға сыймасы анық. 
Көпке дейін құлағымнан Доржу гид шыр­­­қаған бір сағынышты әннің: «Ата жұрт­ты көргенсің бе? Ана жұртқа жеткенсің бе?» («Ада-чурттун көрген сен бе? Эне-чурту чет­кен сен бе?») деген үзігі кетпей қойды...

Амантай ШӘРІП,
Арнайы Túrkistan газеті үшін

Серіктес жаңалықтары